Accessibility links

ИМ-ге қарсы «қауіпсіз аймақ» құрылуы мүмкін бе?


Сириялық күрдтердің халықтық қорғаныс тобының жасағы «Ислам мемлекеті» содырларымен шайқаста. Хасеке, Сирия, 20 шілде 2015 жыл.
Сириялық күрдтердің халықтық қорғаныс тобының жасағы «Ислам мемлекеті» содырларымен шайқаста. Хасеке, Сирия, 20 шілде 2015 жыл.

Түркия мен АҚШ Сирияның солтүстігінде «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына кірмейтін аймақ құру» туралы келісімге келгендерін мәлімдеді. Бұл шешімнің оң және теріс жақтары бар. Әсіресе, келесі үш мәселені ескеру керек.

ИМ ЖОЛЫНА ТОСҚАУЫЛ

Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы жасағының негізгі күшін құрайтындар – шетелдіктер. Сирияның Түркиямен шектесетін солтүстік бөлігін содырлар бақылауда ұстап отырғандықтан, олар Сирияға еркін өтіп кетеді.

ИМ тобының бақылауындағы аумақ – Сириядағы күрд аудандары арасынан басталып шығысқа қарай созылып жатқан, бүлікшілер басқарып отырған және сириялық күрдтерге қарайтын батысқа дейінгі жерде енді Түркия мен АҚШ «ИМ-нен еркін аймақ» құруды көздейді.

Сирияның шекарасындағы Жараблус және Әл-Раи қалаларын ИМ тобы бақылауында ұстап келген және өз қатарына қосылушыларды әдетте осы қалалардан әкететін. Ал «ИМ-нен еркін аймақпен» экстремистердің Сирия мен Иракта әсіредіншіл мемлекет құру іс-әрекетіне тосқауыл қоюға болады.

Бірақ, АҚШ пен Түркияның ИМ тобын шекара маңындағы 109 километр жерден қалай ығыстыратыны белгісіз. Жоспар бойынша, әуе күштерінің Сириядағы жергілікті жасақтармен ынтымақтаса отырып, 2014 жылдың соңында АҚШ пен сириялық күрдтер Кобани қаласынан ИМ содырларын қуып шыққандағыдай табысқа жету мақсаты көзделген. Бірақ жергілікті күштердің қай уақытта қолданылатыны беймәлім.

АҚШ та, Түркия да Сирияның бүлікші топтарына көмектесуге әзір екендерін мәлімдеді, бірақ екі мемлекет әртүрлі бүлікшілер тобын қолдайды. Вашингтон «Еркін Сирия армиясы» сияқты зайырлы көтерілісшілер тобын қолдаса, Анкара мен Сауд Арабиясы Сирия президенті Башар әл-Асадқа қарсы шыққан сүнниттік фундаменталист топтарды жақтап отыр.

Зайырлы топтар мен фундаменталистер өзара жерге таласып қақтығысқан еді. Сириялық күрдтердің рөлі туралы мәселенің де басы ашық. Вашингтон оларды қолдайды, бірақ Түркия олар Сирияның солтүстігінде күрд мемлекетін құруға тырысады деп қорқады.

БОСҚЫНДАР ПАНАЛАЙТЫН ОРЫН БА?

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «қауіпсіз аймақ» құру сириялық босқындардың Түркиядан оралуына ықпал етеді дейді, қазір Сириядағы қақтығыстан қашқан 1,8 миллион адам бассауғалап жүр. Бірақ олардың қажеттілігі қалай өтеледі және қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі – ол жағы әлі белгісіз.

Сирия картасы.
Сирия картасы.

Қауіпсіз аймақ құру туралы айтқанда Анкара Сирияның солтүстігінде ұшуға тыйым салынған, толыққанды аймақ болса дейді. Бірақ Вашингтон бұл талапқа қарсы, сондықтан екі жақ әзірге нақты келісімге келген жоқ. Егер бір жақты тәртіппен Сирияның солтүстігін ұшуға тыйым салынған аймақ деп жарияласа, АҚШ сириялық армиямен тікелей қақтығысып қалуы мүмкін және Асад, Ресей және Иранмен арадағы шиеленіс күшеюі мүмкін.

Аймақтың қалай қорғалатыны да басы ашық мәселе – АҚШ пен Түркия қолдайтын жергілікті күштер бір-бірімен тату емес. Бұндай жағдайда АҚШ пен Түркия өздерінің құрлық әскерлерін жіберуге әзір ме деген сауал туындайды

КҮРДТЕР МӘСЕЛЕСІ

Сириялық күрдтер «қауіпсіз аймақты» түрік әскерилерінің шекарадан өту мүмкіндігі ретінде қарайтындарын бұрыннан айтып келеді. Нәтижесінде түріктердің ежелгі жауы Күрд жұмысшылар партиясы (КЖП) сириялық күрдтермен Анкараға қарсы күш біріктіріп, ИМ-ге қарсы күрес басқа соғысқа айналып кету қаупі бар.

Кобаниде АҚШ-пен бірге ИМ жасағын жеңген Сирия күрдтері демократиялық партиясының (КДП) төрағасы мен Халықтық қорғаныс отряды (ХҚО) саяси ұйымы жақында «кез келген түрік күштері Сирия аумағына аяқ басса, басқыншылар ретінде қабылданады» деп ескертті. ХҚО КЖП-мен одақтас, ал Анкара оларды Түркия, Ирак, Сирия және Иранның жер телімдерін қамтитын күрд мемлекетін құруды көздейді деп айыптайды.

Түркия бұған дейін шекара арқылы құрлық әскерін жіберуге ниетті екенін байқатқан емес, бірақ Анкара мен КЖП арасындағы жаулықтың күрт өршуі күтпеген жағдай болуы әбден мүмкін екенін көрсетеді.

Шілденің 22-сі күні КЖП екі түрік полицейін өлтіргенін мойындады. Анкара Ирактың солтүстігіндегі КЖП позициясына әуеден соққы берді. КЖП Суруч қаласында екі күн бұрын өлген 32 күрдтің ажалы үшін кек алдық деп мәлімдеді.

Олар түріктер сүнниттік әсіредіншіл топтармен одақтас болғандықтан, осындай жарылыс болды дейді. Түркия бұл айыпты жоққа шығарып, КЖП мен ИМ нысандарын бір күнде атқылады. Бұл соққылар аймақтағы дағдарыстың ушығып тұрғанын тағы да дәлелдеді.

Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшыннан аударылды.

XS
SM
MD
LG