Accessibility links

Норвегия мұнайлы елдерге қандай үлгі көрсетті?


Ставангердегі тікұшақ қонатын алаңы бар платформа. Норвегия, 11 қараша 2014 жыл.

Ставангердегі тікұшақ қонатын алаңы бар платформа. Норвегия, 11 қараша 2014 жыл.

Көптеген елдерде мұнайдың пайдасын тек биліктегі санаулы топ қана көреді. Мұнайдан түскен қаржыны халықтың игілігіне жұмсағысы келген мемлекет Норвегиядан үлгі алуына болады.

Кристиан Мидтой – Ослоның орталығындағы балабақшада бас аспаз. Қызылбалықтан жасалған сушиден бастап қуырылған бұғы етіне дейінгі ас мәзірлері оның жетекшілігімен дайындалады. Бір мен алты жас аралығындағы қарындары ашқан, өздері өте әуесқой, бірақ бақытты 100 бала күндіз оның асханасына жиналады.

«Олардың асықпай отырып ас ішуіне, тамақтан ләззат алуына орын жетеді. Балық мен жануарларды, таңқы шаяндар мен теңіз шаяндарын балалар көруі үшін тұтастай алдырамын. Балалар оларды дүкеннен сатып алады деп ойламасын. Олар сондай әуесқой, жаңалықты көруге құмар ғой» дейді бас аспаз.

Ослодағы балабақшаның бас аспазы Кристиан Мидтой. Норвегия,13 қараша 2014 жыл.

Ослодағы балабақшаның бас аспазы Кристиан Мидтой. Норвегия,13 қараша 2014 жыл.

Жалпы ішкі өнімі бойынша есептегенде әлемде төртінші орында тұрған дәулетті Норвегияның өзіне гурмандарға арналған балабақша – таңсық нәрсе. Бірақ балабақша ақысының 80 пайызын мемлекет қаржыландыратын елде қосымша 116 доллар төлеп, баласын таңсық ас беретін балабақшаға жіберуді әр ата-ананың қалтасы көтереді.

ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨРЛЕУІ

Еуропа Одағы (ЕО) құрамына кірмейтін Норвегияда жалақы мөлшері ЕО-ның орташа көрсеткішінен 50 пайызға артық.

Норвегияның осындай байлығына таң қалуға болмайды. Мұнай экспорттау жағынан әлем бойынша бесінші орында тұрған ел бұл шикізаттан жыл сайын 40 милллиард доллар көлемінде пайда көреді. Оның үстіне үнемі қозғалыстағы, әртарапты экономика қоғамның әл-ауқатын арттыруды көздейді. Табыс теңсіздігін есептеген кезде Норвегия әлемдегі табыс айырмасы аз елдердің бірі болып шығады. Соның өзі оны бұрынғы советтік елдер мен Таяу Шығыс мемлекеттерінен ерекшелеп тұрады. Ол елдерде мұнайдан түскен пайданы биліктегі топтар бөліп алып өте ауқатты өмір сүрсе, қалған тұрғындар тигенін қанағат тұтып әзер күн көреді.

Мұнайлы Ставангар маңынан өтіп бара жатқан кеме. Норвегия, 11 қараша 2014 жыл.

Мұнайлы Ставангар маңынан өтіп бара жатқан кеме. Норвегия, 11 қараша 2014 жыл.

Норвегияның мұнай байлығын үлестіру үлгісі осы елдерге баға жетпес сабақ болар еді. Норвегияның табысқа жету жолы Ослодан шығып, елдің батысындағы Ставангер қаласына 50 минутта ұшып барғандай оп-оңай. Ставангерді Норвегияның мұнай астанасы деп те атайды.

Ставангер 1969 жылға дейін балық аулаумен күнелткен, жүз жылдан бері майшабақтың арқасында өзін-өзі асыраған қала еді. Норвегияның басқа бөлігі сияқты ағаш, кеме мен ауыл шаруашылық экономикасын дамытқан қала ел өндірісін өркендеткен көршілерінен кенжелеп қалды. Бірақ 1969 жылы мұнай кені табылғанда қаланың жағдайы өзгеріп сала берді.

«1960 жылдары Норвегияда өмір сүру деңгейі Швеция мен Даниядан 30-40 пайыз төмен еді. Қазір Норвегияның деңгейі бұл екі елден айтарлықтай артық» дейді Ослодағы Норвег бизнес мектебінің экономисі Бруно Жерар.

Мұнайдан түскен қаржыны елдің пайдасына жұмсаудың арқасында 1960 жылдары 90 мың тұрғыны бар Ставангер қаласы халқы қазір 204 мың адамға жетті. Ставангер айлағындағы алып кемелер ашық теңіз платформасынан мұнай тасымалдайды.

Қалада 10 мың студенттік университет, жаңа концерт залы мен бірнеше музей бар. Қала сыртына үлкен жылыжай салынған, онда қыстың күңгірт күндерінде де жасанды жарықтың арқасында қызанақ өсе береді.

Норвегияның батыс жағалауында, түстік және терістік бөліктерде осыған ұқсас жерлер бар, олардың жалпы саны 70 мұнай плаформасын құрайды. Олар оңтүстіктен полярлық солтүстікке дейінгі аумақта жұмыс істейді.

Норвегияның мемлекеттік мұнай компанияларына немесе шетелдік концессия иелеріне қарайтын платформаларда аз ғана адам қызмет етеді. Бірақ бұрғылау мен өндіруге де қосымша күш керек, оның бәрі қосылып басқа секторлардың жұмысын жандандырады, солайша экономиканың қалған бөлігі де дамиды.

«ГОЛЛАНД СЫРҚАТЫ»

Норвегияның мұнай өнеркәсібі қазір елдің 5 миллион тұрғынын дәулетті еткенімен, әу баста сондай дәрежеге жеткізуге кепілдік жоқ еді. Көптеген басқа мемлекеттер мұнайдың энергия тасымалдау секторын байытып, басқа экспорт секторларын банкротқа ұшыратып, ел экономикасын әлсіреткенін де көрді. «Голланд сырқаты» деген атпен танымал құбылыс 1960 жылы Нидерланды Солтүстік теңізден табиғи газдың мол қорын тапқан кезде басталды.

Мұнай маманы Фарух әл-Қасым.

Мұнай маманы Фарух әл-Қасым.

Ирак тумасы, Ставангерде тұратын Фарук әл-Қасым – Норвегияның мұнай тарихына басынан бастап куә болған адам. Мансап жолын геолог-мұнайшы ретінде Басрада бастаған ол 30 жасында ұлын емдету үшін норвег әйелімен бірге Норвегияға келген. Ол 1968 жылы Норвегияға келгенде елде мұнай дәурені әлі басталмаған еді.

Бірақ сәлден соң елдің жаңадан құрылған мұнай министрлігі оны уақытша жұмысқа қабылдайды, себебі үкіметте шетелдік компаниялар жіберген мұнайға қатысты баяндамаларды талдап, бағалай алатын мамандар өте аз еді. Фарук әл-Қасымның уақытша қызметі тұрақты жұмысқа айналып, 1973-1991 жылдар аралығында еңбек етіп, соңында халықаралық мұнай кеңесшісі деңгейіне жетіп, зейнетке шыққанға дейін сонда істеді.

Фарук әл-Қасымның айтуынша, алғаш мұнай өндіріле бастағанда норвегтер де аяқ астынан байлыққа кенелген, Құдай жарылқады деп білген басқа елдің күйін кешеді. Ақша тікелей мемлекет қазынасына түсіп, мемлекеттік шығын арта түсті. Бірақ 1972 жылы экономиканың жағдайы қиын екені анықталды.

«Норвегия төрт жыл бойы Голланд сырқатымен ауырды, жалақы мөлшері өсті, фабрика жетекшілері мұнай өнеркәсібіне кетті, мұнайға инвестиция салуға келген шетелдіктердің валюта құнын жоғарылатқаны сондай, басқа елдің тұтынушылары Норвегияның экспорттық өнімдерін сатып ала алмайтын жағдайға жетті. Басында үкімет жәрдемақы берді, бірақ одан әрі қиындай бастады» дейді ол.

Қасымның айтуынша, 1976 жылы мұнайдан түскен қаржы Норвегияға кесірін тигізетіні белгілі болады. Сол кезде Норвегия Ирак немесе басқа да мұнай өндіретін елдер ешқашан жасамаған әрекетке барып, экономикаға мұнайдан тиетін түсімді саналы түрде азайтып, шектейді.

Басында үкімет мемлекеттік мұнай компанияларының пайдасын жаратып, одан әрі мұнай іздеп, өндіру үшін қайта инвестицияламақ болады. Бірақ 1995 жылға қарай табыстың артқаны сондай, зияны тие бастады. Норвегия аралық қор құрып, мұнайдан түскен пайданы экономикадан бөлек сақтап, оны норвегтердің болашақ ұрпағының меншігі деп жариялады. Үкімет оның тек 4 пайызын ғана пайдаланып, инфрақұрылым мен басқа да қоғамдық жобаларды қаржыландырады, қалған қаржылық салаларды шетелдік нарыққа жіберді.

БАСҚА САЛАНЫ ДАМЫТУ

Ставангерге келгендер мұнарасы бар аласа ғимаратты меже етеді, ол жақын келіп қарағанда мұнай платформасының жартылай көшірмесіне ұқсайды. Бұл ғимарат - Норвегияның мұнай музейі. Оны 1990 жылы халыққа елдің ең маңызды ресурсы туралы баяндау үшін салған еді. Жыл сайын оған мектептен 10-12 мың оқушы келеді.

Музейде су асты бұрғылау әдісі туралы баяндайтын көптеген қызықты экспонаттар бар. Бірақ ең бір есте қаларлық зат – шағын көлемді сандық есептегіш. Бұл аспап Норвегияның буферлік қорына 1995 жылдан бері мұнайдан қанша ақша жиналғанын есептеп тұр. Құралдың көрсетуінше, онда 890 миллиардтан астам қаржы бар. Ол елдің әр тұрғынына шаққанда 170 мың доллардан тиеді. Ресми түрде ақша мемлекеттік зейнетақыны төлеуге арналған, себебі екінші дүниежүзілік соғыстан соң бала туу артқан елде қарттар да көп.

Бірақ ол қаржының негізгі мақсаты Норвегияның мұнай өндірісіне шектен тыс тәуелді болмауын қамтамасыз ету, солайша мұнайдан түскен қаржы біткенде бәсекеге қабілетсіз елге айналмасын дегенді көздейді. Бұл теория жақсы нәтиже беріп келеді.

Ставангерден салмен жүзгенде 45 минуттық жерде балық өсіретін ферма бар. Норвегия әлемде теңіз өнімдерін экспорттаудан екінші орын алады. Ағаш қайықта отырған бес ер адам үш үлкен ауды мұзды суға салып қойған. Көлденеңі 20 метр, тереңдігі 25 метр әр аудың ішінде 207 мың балық тамақ іздеп жүзіп жүреді. Әр сегіз сағат сайын жұмысшылар 21 тонна тамақ түйіршігін тастайды. Екі жылдан соң балық нарыққа шығаруға дайын болады.

Биолог Мартин Стейнесс. Норвегия, 12 қараша 2014 жыл.

Биолог Мартин Стейнесс. Норвегия, 12 қараша 2014 жыл.

Сол маңда Юдаберг аралында Норвегияның аква мәдениетіне қызмет көрсететін компанияның биологы Мартин Стейнес тұрады. Ол қызыл балық өсіруге себі тиетін теңіз торғайы деп аталатын балықты зерттейді, себебі ол коммерциялық болашағы зор өнім саналады. Стейнес мұнайдан түскен мол қаржының экономикаға зиян екенін біледі. Оның кәсібі де содан жапа шекті. Буферлік қор болған күннің өзінде экономикада голланд сырқатының белгілері бар. Оның айтуынша, теңіз өнеркәсібі мұнай компаниялары сияқты жоғары жалақы төлей алмайды, солайша бұл салаға қажетті мамандар келмейді.

«Аквамәдениет саласына, теңіз фермаларында жұмыс істеу үшін жоғары білім қажет емес. Бірақ басқармаға білімді жандар керек, сол кезде бәсекелестік деңгейі байқалады» дейді ол.

Бірақ голланд сырқатына қарамастан, теңіз өнеркәсібі өркендеп келеді. Қысым көрген кәсіпкерлер жоғары нарыққа ұмтылу үшін түрлі амал-әдістер ойлап табады. Солайша әркім жаңа мүмкіндікті қарастырып жатыр. Стейнес басқа бөлмесіне апарып, фермада теңіз кірпісін өсіріп жатқанын көрсетті. Оның жұмыртқасын суши мейрамханалар уылдырық орнына пайдаланады. Енді биолог оларды жаппай өсірудің құпиясын ашпақ.

МҰНАЙ ТАУСЫЛАТЫН КҮНГЕ ЖОСПАР

Қазір Норвегияның буферлік қоры ел экономикасының әртарапта дамуына мүмкіндік беріп тұр. Бірақ күндердің бір күнінде оның сарқылары анық. Билік өкілдері оған да дайындалып жатыр.

Норвегияның мұнай және газ қауымдастығының өкілі Бьорн Видар Лоереннің Ставангер шетіндегі бизнес саябақта өз кеңсесі бар. Онда мұнай компаниялары мен оны қолдайтын фирмалар тіркелген. Олар 2000 жылдан бері мұнай кенінің сарқыла бастағанын жақсы біледі. Лоерен мұнай қоры 50 жылға, ал табиғи газ қоры кем дегенде 100 жылға жетер деп болжайды. Ал Қасым сияқты сарапшылар мұнай 30 жылға, газ 50 жылға ғана жетеді дейді.

Норвегияның мұнай және газ қауымдастығының өкілі Бьорн Видар Лоерен.

Норвегияның мұнай және газ қауымдастығының өкілі Бьорн Видар Лоерен.

Бірақ басқа норвегтер сияқты Лоерен де мұнайдың таусылатынына қатты қынжылмайды. Елдің зейнетақы қорына мол қаржы құйылып жатыр, оның бәрі болашақта жаңа өнеркәсіп саласын дамытуға мүмкіндік береді дейді ол.

«Норвег саясаткерлері өте ақылды, тәртіпті саясат ұстанды. Мұнай ғасыры аяқталғанда ақшаны басқа салаға құямыз. Мұнайдан түскен пайданы сол уақытта жұмсамай, келер ұрпақты ойлаудың өзі әділеттік қой» дейді Лоерен.

Басқа да мұнайға бай елдер Норвегияға қызыға қарайды. Олардың біразында, мысалы Ресейде де буферлік қор бар. Бірақ бір айырмасы, Норвегия қорын күтіп ұстайды, ал Мәскеу қосымша ақша керек кезде оған ойланбастан қол салады.

Норвегияның орталық банкінің дерегінше, екі елдің 1998-2013 жыл арасындағы мұнайдан түскен пайдасы жалпы ішкі өнімнің 15 пайызын құраған. Бірақ Норвегияның қорындағы қаржы 2013 жылы жылдық жалпы ішкі өнімнің 200 пайызын, Ресейдің қоры небәрі 20 пайызын құрады.

Халқы аз Норвегияның тарихы викингтер дәуірінен бастау алады. Ставангер университетінің әлеуметтанушысы Кнуд Кнудсеннің пікірінше, норвегтер өз азаматтарына, өздері таңдаған адамға сенеді. Азаматтардың ел үкіметі мен билік мекемелеріне сенімі тұрғысынан әлем бойынша норвегтер алдыңғы қатарда тұр. Демек, қоғамдық көзқарасы басқа елдерде норвег үлгісі жақсы нәтиже бермеуі мүмкін. Бірақ Норвегияның тәжірибесінен сабақ алуға болады. Халықаралық кеңесші Қасым басқа елдерде Норвегия сияқты мұнайдан түскен қаржыны сақтаудың пайдалы емес екенін айтады. Оның орнына оларға инфрақұрылымды дамытқан тиімді. Сондай-ақ, мұнай бағасы қатты ауытқыған кезде сақтану үшін тұрақты қорлар құрғаны жөн.

Бірақ оның айтуынша, мұнайдан түскен мол қаржының көп бөлігін шығындамай, үнемдеуге ұмтылғандары дұрыс. Голланд сырқатынан сақтанып, басқа саланың дамуына мүмкіндік беруі керек. Оны істемеген жағдайда «мұнай қарғысына» ұшырайды дейді.

Мемлекет тек мұнайға тәуелді болады, мұнайдың табысы басқа өнеркәсіпті дамытпай тастайды. Ең қиыны – биліктегі ықпалды топ мұнайды иемденіп, оған таласып кетеді, ақыры мемлекет ел болып қалыптаса алмай, ешкім жеңіске жетпей, тек жеңілгендер ғана қалады.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG