Accessibility links

Ресей мен босқындардың Арктиканы бағындыруы


Ресей шекарасынан Норвегия аумағына өтіп келе жатқан босқындар. Сторског, 12 қараша 2015 жыл.

Ресей шекарасынан Норвегия аумағына өтіп келе жатқан босқындар. Сторског, 12 қараша 2015 жыл.

Ресей Арктикадағы позициясын нығайтып жатқанда, Еуропаға «солтүстік маршрутпен» келетіндер, яғни Арктика арқылы Норвегияға өтуге тырысқан босқындар саны артып барады.

Ұлыбританияның Independent басылымында босқындар Еуропаға, оның ішінде Норвегияға жетуге тырысатын «солтүстік маршрут» сипатталған. Мақалада «Қонақжай қабақ танытпағанына да, күннің суықтығына да және көп ұзамай қараңғы түнек басталатынына да қарамастан, қыс түскелі Норвегияның Арктика жағындағы Ресеймен шекарасы босқындардың Батыс Еуропаға жетуге тырысатын бағыттардың біріне айналып барады. Сириялықтар мен ауғандардың және өзгелердің [босқындардың] осы бір алыс әрі мұз құрсаған маршрут арқылы қауіпсіздік іздеп аттануына қарашаның аяғынан қаңтардың аяғына дейін созылатын поляр түні де кедергі бола алмады» деп жазады.

Кейбір босқындар заңды турист ретінде Мәскеу немесе Пекин арқылы Ресейдің Мурманск қаласына жетіп алып, содан ары қарай Ресей шекарасынан Норвегия асып кетеді екен.

Норвегиялық полиция өкілі әдетте босқындар Ресейден Норвегияға жететін көлік ретінде пайдаланатын велосипедтерді қоқыс тастайтын жәшікке салып жатыр. Сторског, 12 қараша 2015 жыл.

Норвегиялық полиция өкілі әдетте босқындар Ресейден Норвегияға жететін көлік ретінде пайдаланатын велосипедтерді қоқыс тастайтын жәшікке салып жатыр. Сторског, 12 қараша 2015 жыл.

Норвегия билігінің дерегінше, тамыз айынан бері Арктикадағы шекарадан төрт мыңнан аса адам өткен, ал 2014 жылы бар-жоғы он-ақ адам ғана келген екен. Қыс мезгілі бұл маршрутты мүлде қатерлі сапарға айналдырып жібереді деп қауіптенген Норвегия билігі мұндай шұғыл өзгерісті күтпегенін жазады Independent. Бірақ биыл оңтүстік маршрут, яғни Жерорта теңізі арқылы өткен кезде кемінде 3400 адам опат болып, Еуропаға келген 750 мыңдай босқынмен салыстырғанда, бұл онша көп емес.

Independent басылымы Еуропа елдерінің күтпеген әрі жаппай босқын нөпіріне қатысты алауыздығы туралы жазған. Сейсенбі күні «Консерваторлардың» оңшылдар партиясы мен иммиграцияға қарсы «Прогресс партиясы» коалициясынан тұратын Норвегия билігі келесі аптада босқындар санын шектейтін заң қабылдауға тырысатынын мәлімдеді. Ұсынылған заң билікке Норвегиядан баспана іздеген, бірақ Ресейде тұруға рұқсат беретін визасы бар кез-келген тұлғаны Ресейге кері қайтаруға мүмкіндік бермек.

Норвегия жеріне Ресей территориясы арқылы өтіп келетін адамдарға арнап салынған босқындар лагері. Киркенес, 11 қараша 2015 жыл.

Норвегия жеріне Ресей территориясы арқылы өтіп келетін адамдарға арнап салынған босқындар лагері. Киркенес, 11 қараша 2015 жыл.

Мемлекеттік шекараны ашық ұстау немесе керісінше, оны бақылауды күшейту туралы мәселелердің өзектілігін Париждегі тізбекті терактілер аңғартты. Жұма күні кешкісін жасалған қарулы шабуылдар салдарынан, ресми ақпарат бойынша, кемінде 120 адам мерт болып, жүздеген адам жараланған. Франция президенті Франсуа Олланд бүкіл ел көлемінде төтенше жағдай енгізілетінін жариялады. Мемлекеттік шекарада бақылауды қатайту шарасын Франция президенті «шекараны жабу» деп атады.

«Біз енді елімізге қылмыс жасау үшін ешкім де кіре алмайтындығына сенімді болуымыз керек, ал, өкінішке қарай, өзіміз куә болған қылмыстарды жасап елден шығып кеткісі келетіндер тұтқындалуы тиіс» деген Франция президенті. Париждегі терактілерге қатысты негізгі күдікке «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы ілініп отыр. Сенбі күні ИМ тобы Париждегі шабуылдарды өз мойнына алатыны туралы интернетте мәлімдеме таратты.

Американың Stratfor сараптама орталығы сайтының жазуынша, Ресей Арктикадағы әскери қуатын нығайтуға күш салып жатыр. «Әсіресе Александр мен Котельный аралдарында тұрақты бірнеше база салып, оларды дамытуына қарағанда, Мәскеу мұнда бақылау бекетін орнатып, өз территориясы деп мәлімдегісі келетіні байқалады, бірақ жауынгерлік тұрғыдан толық басымдыққа әзірше қолы жеткен жоқ» деп жазылған мақалада.

Арктикадағы халықаралық әуе кеңістігінде ұшып бара жатқан ресейлік ТУ-22 бомбалаушы ұшағы. Норвегиялық әскерилер 17 тамыз 2007 жылы түсірген сурет.

Арктикадағы халықаралық әуе кеңістігінде ұшып бара жатқан ресейлік ТУ-22 бомбалаушы ұшағы. Норвегиялық әскерилер 17 тамыз 2007 жылы түсірген сурет.

Stratfor сайтының жазуынша, ол жақта әлдебір ірі бронетехника немесе әуе флоты шоғырланғаны байқалмайды. Ресейдің Арктикада өткізген бұрынғы әскери жаттығулары жауынгерлік күш-қуатын арттыруға ұласты, ал ұшу-қону жолақтарының болуы әуе флотын кез-келген уақытта орналастыруға мүмкіндік береді. Бірақ Мәскеу Арктикадағы базаларын «бақылау станциялары, шекараны бақылайтын кешендер және құтқару орталықтары» деп сипаттайды.

«Кремльдің негізгі геосаяси императивтерден бөлек, Арктикадан көздейтін мүддесі көп, соның ең үлкені - табиғи ресурстар. Әлемдік табиғи газ қорының әлі табылмаған 30 пайызға жуығы және әлі ашылмаған мұнай қорының 13 пайызы Арктика қойнауында жатыр деп саналады. Мәскеу үшін бұл ресурстар экономикасын дамытуға септігін тигізетін аса маңызды шетел инвестициясы көзіне айналуы мүмкін. Стратегиялық теңіз маршруттары Ресейдің солтүстігіндегі инфрақұрылымды дамытуға көмектесіп, ел экономикасын өсіретін тағы бір мүмкіндікке айналар еді» деп жазады Stratfor.

Ұлыбританияның Guardian газетінде старовер ағымын ұстанатын, бұған дейін Азаттық сайты жазған ресейлік Агафья Лыкованың саяқ өмірі жайлы мақала жарияланды. Агафья Лыкованың өмірі жайлы «The Forest in Me» («Орман - өмірім») деректі фильм түсірген британдық режиссер Ребекка Маршаллдың айтуынша, саяқ әйелдің өмірі жайлы алғаш естігенде «қайран қалған». Ребекка Маршалдың сөзінше, әуелі оның өмірі «коммуникация шырмауында қалған біздің әлемімізден жырақтағы жұмақ әрі жалғыздық тозағы» болып көрінген. Бірақ Агафья Лыкованың өзін көрген кезде «бойымда әйелдің қораш тіршілігі жайлы сезім емес, болашаққа – технологиясыз әлемге, ғарыш сынықтары шашылған ну орманға сапар жасағандай сезім туды» деп таңданысымен бөліседі Маршалл.

XS
SM
MD
LG