Accessibility links

Пхеньянның ядролық жасырынбақ ойыны


Солтүстік Кореяның алыс қашықтыққа арналған "Унха-3" зымыранын ұшыру алаңын күзетіп тұрған сарбаз.

Солтүстік Кореяның алыс қашықтыққа арналған "Унха-3" зымыранын ұшыру алаңын күзетіп тұрған сарбаз.

Солтүстік Корея сүңгуір қайықтан ұшырылған баллиcтикалық зымыран сынағы сәтті өткенін мәлімдеді. Бұл елдің ядролық бағдарламасына қатысты да жаңа деректер бар.

Мамырдың 9-ы күні су астынан ұшырылатын баллистикалық зымыранды сынақтан сәтті өткізгені туралы мәлімдеме жасаған Солтүстік Корея зымыранды «әлемдік деңгейдегі стратегиялық қару» деп сипаттаған. Бұл әскери сынақ АҚШ-тың Солтүстік Кореяны «баллистикалық зымыран өндірісін ғарыш зерттеулерімен бүркемелейді» деген айыптауын Пхеньян жоққа шығарғаннан кейін жасалды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Солтүстік Кореяға баллистикалық зымыран технологиясын пайдалануға немесе дайындауға тыйым салған еді.

Бұған дейін The Wall Street Journal газеті мен CNN телеарнасы америкалық сарапшылардың «соңғы бес жылда Пхеньян ядролық күш-қуатын күрт арттырып жіберді» деген болжамын Қытай да растағаны туралы хабарлаған болатын. Солтүстік Кореяның ядролық державаға айналуына халықаралық қауымдастықтың бөгет бола алмауы жетекші ядролық елдер мен Иран арасында жүріп жатқан көпжақты келіссөз нәтижелеріне ықпал етуі мүмкін.

Қытай мен АҚШ Солтүстік Кореяның ядролық күш-қуаты көлемін қайта есептей бастады. Соңғы болжамдарға сәйкес, қазірдің өзінде 20 ядролық қаруы бар Пхеньян келесі жылдың аяғына қарай оны екі еселеуге қабілетті. Америкалық сарапшы әрі халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бұрынғы инспекторы Дэвид Олбрайт «бес жылдан кейін Пхеньян ядролық қаруын 100-ге жеткізеді деген қауіпті болжам шындыққа айналуы мүмкін» дейді.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын сүңгуір қайықтан ұшырылатын баллистикалық зымыран сынағын бақылады. 9 мамыр 2015 жыл.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын сүңгуір қайықтан ұшырылатын баллистикалық зымыран сынағын бақылады. 9 мамыр 2015 жыл.

Калифорнияның Стэнфорд университеті жанындағы Шығыс Азия елдері институты директорының орынбасары Даниэль Снайдер Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында «Солтүстік Кореяда болып жатқан жағдайдан өзге елдермен салыстырғанда Қытай көбірек хабардар болуы мүмкін, алайда оның әскери-өнеркәсіп кешені қуаты мен Пхеньянның оны бүркемелеу айла-тәсілін жете бағаламаған. Бірақ, Солтүстік Кореяның атом мамандарының қабілетін Қытай қазір керісінше, асыра бағалап отыруы да мүмкін» дейді. Даниэль Снайдер Иран-Батыс келісімі осыдан 11 жыл бұрынғы Солтүстік Кореямен бекітілген келісімнің кебін құшуы мүмкін деп ескертеді:

«Биыл сәуірде Иранмен уағдаласқан келісімнің көп тұстары 1994 жылғы Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын шектейтін мәмілеге ұқсайды. Батыс сол кезде де «экономикалық көмек көрсетіп, саяси тұрақтылыққа кепілдік береміз, Пхеньянмен толық дипломатиялық қарым-қатынас орнатылады әрі атом энергетикасын бейбіт дамытуына көмектесеміз» деген уәдемен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын қару жасау сатысына жеткізбей тоқтатпақ болған. Қазіргі Иран сияқты, ол кезде де «ядролық келісім мен сыртқы саясат саласын тұрақтандыру Солтүстік Кореядағы режимді тұтастай либералдандыруға ұласады» деген үміт айтылған. Бірақ ол үміт ақталмады. Кезінде АҚШ-тың республикашыл саясаткерлері әлгі келісімнің орындалатынына сенбей, Солтүстік Кореяның азаматтық атом энергетикасына қаржы бөлуді қолдап дауыс бергісі келмеген.

1994 жылы Ким Ир Сен қайтыс болғаннан кейін Солтүстік Кореяда өтпелі кезең қиындықтары басталған. Экономикасы астан-кестеңі шығып, елді жаппай ашаршылық жайлаған соң Пхеньян да сырт әлеммен ынтымақтасуға құлықсыздық танытқан болатын. Көсемнің мұрагерлері «қазір Пхеньянда АҚШ-тың дипломатиялық миссиясын ашатын уақыт емес» деген ұйғарым жасаған.

Солтүстік Кореяның Йонбендегі ядролық кешені.

Солтүстік Кореяның Йонбендегі ядролық кешені.

Әлгі келісімге қол қойғаннан кейін Солтүстік Кореяны «келісім шарттарын бұзды» деп бірден айыптай бастағаны да есімізде. Жуырда Иранмен бекітілетін мәміле де осының кебін құшатынына сенімдімін. Барлау спутниктері түсірген суреттер негізінде Вашингтон «Солтүстік Корея жерасты атом нысанын жасырын салып жатыр» деп, Пхеньян күдікті орынды тексеруге рұқсат еткенге дейін келісім шарттарын орындауды уақытша тоқтатқан болатын. Алайда кейін Пхеньянның рұқсатымен жүргізілген инспекция барысында ол күдік расталмады. Бірақ мұндай тексеру бір рет қана жүргізілді. Өйткені, кейін Солтүстік Корея келісім шарттарын орындаудан шынымен қашқақтай бастады. Ол жасыруы қиынға түсетін плутоний негізінде қару жасау жобаларын тоқтатқанымен, жасырын уран байытуын тоқтатқан жоқ. Оның уран негізінде қару жасау жөніндегі жасырын әрекеттері қарқын алғанға дейін біз ештеңе білмедік».

Даниэль Снайдер «сырт әлемнен жабық әрі агрессиялық сипаттағы сыртқы саясатын бүркемелеу үшін ядролық қалқан құруға аса мүдделі режимдердің қарусыздану келісімі шарттарын орындау барысын қадағалаудағы қиындықтар – Солтүстік Корея мен Иранның тағы бір ұқсастығы» дейді.

«Ақыры не болғанын қараңыз. Солтүстік Корея мен Иран – ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қол қойған елдер. Келісім-шартта қарастырылған міндеттемелеріне сәйкес, Пхеньян халықаралық инспекторлардың елге кіруіне біраз уақыт рұқсат беріп келді. Олар бұл рұқсатты келісім шарттарын бұзғанын оңай жасыра білген соң ғана берді. Солтүстік Корея үкіметі халықаралық инспекторларға қару жасау жұмыстары тоқтатылған атом нысандарын ғана көрсетіп, құпия нысандарда қару жасауды баяу болса да жалғастыра берді.

2002 жылы Пхеньян МАГАТЭ-мен қарым-қатынасын үзіп, төрт жылдан кейін алғашқы ядролық қаруын сынады. Егер Иран келісім шарттарын орындаудан бас тартса, оған тиісті шара қолдануға батыс елдерінің бір жыл ғана уақыты бар. Ал Солтүстік Кореямен келісім бізге төрт жыл мұрсат берсе де, біз оның ядролық бомба жасауға ұмтылған әрекетін тоқтату үшін түк бітірмей отырдық. Иранмен де осындай жағдай қайталануы әбден мүмкін. Солтүстік Кореямен келіссөз төрт жыл қатарынан әрі көп жақты форматта жүргізілді. Келісімге қол қойған бес елдің күш қолдану жөніндегі консенсусына бөгет болу үшін Пхеньян оларды ептілікпен шырқ айналдырды. Қазір Иранмен келіссөз жүргізіп жатқан алты елдің ұстанған мақсат-мүддесі мүлде бөлек әрі тіпті бір-біріне қарсы екенін ескерсек, меніңше, олардың арасына жік салу Тегеран үшін түкке тұрмайтын шаруа» дейді Даниэль Снайдер.

Оның айтуынша, ядролық қарусыздану туралы келісім-шарт бекітуге көп күш жұмсаған әрі өзінің беделін ойлайтын тарап шарт талаптарын бұзған елді әдетте күш қолданбай, келіссөздер арқылы ымыраға көндіруге тырысады. Келісім шарттарын бұзған Солтүстік Кореяны жазалауды кезінде Қытай мен Оңтүстік Корея қолдамай қойған. Ал Иранды жазалауға Қытай мен Ресей қарсы болуы мүмкін. «Ядролық қаруын сынақтан сәтті өткізіп үлгерген Пхеньян, халықаралық келісім-шарттардың орындалу барысын бақылап отырған елдерге сес көрсетудің дипломатиялық жолынан бөлек, енді әскери амалын да тапты» дейді Даниэль Снайдер.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG