Accessibility links

«Назарбаевтың соңғы мерзімі» жайлы айтылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 11 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 11 наурыз 2015 жыл.

Жапон басылымы алдағы президенттік мерзім – Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі соңғы кезеңі болады деген болжам айтады. Өзге газеттер Рахат Әлиев қазасының жұмбақ жайттары мен Назарбаевтың өгей туысы Малайзия премьер-министрінің қызына үйленгені туралы жазған.

САЙЛАУ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВТЫ ТАҢДАУ

Наурыздың 16-сі күні жапонның Diplomat веб-сайты «Назарбаевтың Қазақстанды соңғы мәрте билеу мерзімі» деген мақаласында Қазақстан президентінің алдағы айда мерзімінен бұрын өткелі отырған сайлауға түсу шешімі жөнінде жазған.

Веб-сайттың жазуынша, наурызда Нұрсұлтан Назарбаев «болашаққа өзгеше жоспарларым бар» деген сыңай танытқан. Бірақ, көп ұзамай оның «өзгеше жоспарларына» қатысты жұрт күдігі сейілген. Наурыздың 11-і күні Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы съезінде Назарбаев партияластарының ұсынысын ықылассыз қабылдаған кейіп танытқан. Тіпті кейбір партия мүшелерінің сөзін «тым асыра мақтадың» деп бөліп жіберген Назарбаев бір сағаттай сөз сөйлеп, сайлауға түсуге қатысты шешімін түсіндірген.

Съездегі Назарбаевтың сөзін талдаған басылымның жазуынша, ол әдеттегідей ел бірлігі мен этникалық топтар арасындағы татулықты нығайта беретінін, дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспары мен экономиканы диверсификациялау ниетін мәлімдеген. Газеттің жазуынша, президенттің жалынды сөздермен баяндаған бағдарламасына ешкімнің қол соғуға батылы жетпеген.

Өзге кандидаттардың ішінде мықты балама жоқ әрі сәуірдегі бұрмаланатын сыңайлы сайлаудан ешкім тосын жаңалық күтпейді

Diplomat сайты «бұл Назарбаевтың соңғы президенттік мерзімі болуы мүмкін» деген болжам айтады. Өйткені, басылымның жазуынша, президент Назарбаев институционалды реформалар мен экономиканы диверсификациялауды аяқтағаннан кейін елде президент билігінен «өз дәстүрімізге сәйкес» парламент пен үкімет билігіне өтуді қамтамасыз ететін конституциялық реформалар жүргізілуі тиіс деп мәлімдеген.

Веб-сайт «өзге кандидаттардың ішінде мықты балама жоқ әрі сәуірдегі бұрмаланатын сыңайлы сайлаудан ешкім тосын жаңалық күтпейді» деп қорытады. Бірақ, газеттің жазуынша, бұл мерзім аяқталған соң Назарбаев Орталық Азия елдері президенттерінің арасында бірінші болып билікті мұрагеріне өткізуі мүмкін.

Ал сарапшылар президенттің орнын басатын ықтимал мұрагерлер туралы болжамдар жасай бастады. Ықтимал үміткерлер ретінде әдетте Назарбаевтың жақын туыстары аталады.

БҰРЫНҒЫ ТУЫСТАР

Бір кездері президенттің мұрагері болуы мүмкін деген болжам, «алматылық банкирлерді өлтірді» деп айыпталып, Қазақстаннан қашқанға дейін президенттің қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі болған Рахат Әлиевке қатысты айтылатын. Наурыздың 15-інде Ұлыбританияның Іndependent газеті «Қазақстан президентінің бәсекелесі Рахат Әлиевтің Австрия түрмесінде өлтірілгені туралы мәлімдемелер» деген мақала жариялады. Онда Вена түрмесінде өз-өзіне қол салған деген болжам жасалған Әлиевтің адвокаттары «оның қазасына қатысты жайттар мұның суицид емес, қастандық екенін көрсетеді» деп мәлімдеген.

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев. Желтоқсан, 2005 жыл.

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев. Желтоқсан, 2005 жыл.

Адвокаттардың бірі Клаус Айнедтердің айтуынша, Рахат Әлиев ажалынан бірнеше сағат бұрын «ақша төлемесең өлтіреміз және өз-өзіне қол салды деп көрсетеміз» деп қоқан-лоққы жасаған камераластарының үстінен шағымданатын сәтті тағатсыздана күтіп жүрген. Оны аурухана бөліміндегі бір кісілік камераға ауыстырған. Адвокаттардың айтуынша, Рахат Әлиев түрме шаштаразымен шашын қидыруға келіскен әрі әйел, бала-шағасымен кездесемін деп қуанып жүрген.

Іndependent газетінің жазуынша, адвокаттар мәйітті ашып, сараптама жасалған кезде Рахат Әлиевтің ағзасынан әсері күшті ұйықтататын дәрі (барбитурат) іздері табылғанын да айтқан. Ал мәйітке сараптама жасаған дәрігер Рахат Әлиевтің үстінен қозғалған істе куәгер болған. Британ газетінің жазуынша, Австрия Әлиевтің жұмбақ өліміне тәуелсіз тексеру жүргізбек.

Жуырда халықаралық баспасөзде президент Назарбаевтың бұрынғы туыстарының тағы бірі туралы хабар тарады. Наурыздың 19-ы күні президенттің 27 жастағы өгей немере інісі Данияр Кесікбаев Малайзия премьер-министрінің қызына үйленіп, салтанатты рәсім премьер-министрдің ресми резиденциясында өткен. Жас жұбайлар АҚШ-та оқып жүргенде танысқан әрі 2011 жылдың маусым айында сөз байласқан. Даниярдың анасы Майра Кесікбаева – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі. Бұл туралы мақала наурыздың 19-ы күні Straights Times газетінде жарияланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG