Accessibility links

OPEC мұнай өндіру көлемін сол қалпында қалдыратын болды


OPEC ұйымының Венадағы штаб-пәтері.

OPEC ұйымының Венадағы штаб-пәтері.

OPEC министрлері қазіргі мұнай өндірісінің деңгейін мамыр айына дейін өзгертпеуге келісті. Бұл жөнінде Ирақ мұнай министрі Хуссейн әл-Шахристани хабарлады. OPEC ұйымына мүше 12 елдің ресмилері мамырдың аяғында жиналып, нарық жағдайын қайта бағаламақшы.

Мұнай бағасын қалай көтеруге болады? Жексенбі күні Венада жиналған мұнай экспорттаушы елдердің OPEC ұйымы осы сұраққа жауап іздеп көрді. OPEC ұйымына мүше елдер қыркүйек айында мұнай өндірісін қысқартқан болатын. Мұндай шешімнен кейін желтоқсан айында 32 долларға түсіп кеткен бір баррель мұнай бағасы шамамен 46 долларға көтерілген еді. Алайда мұнай бағасы өткен жылмен салыстырған әлі де болса өте төмен болып тұр.

Дегенмен, Венадағы жиыннан кейін Ирақ мұнай министрі Хуссейн әл-Шахристани қазіргі мұнай өндірісінің деңгейі мамыр айына дейін сол күйінде қалады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, OPEC министрлері Австрия астанасында мамырдың 28-де қайта кездесетін болады.

Оның алдында әлемдегі жетекші мұнай экспорттаушы Ресей мемлекеті мұнай экспортын қысқартатынын және мұнай бағасын көтеруге бағытталған басқа да ұсыныстарды жариялады. Венадағы жиынға бақылаушы ретінде қатысқан Ресей премьер-министрінің орынбасары Игорь Сечин барлық мұнай экспорттаушы елдерді өндірісті қысқартуға шақырды.

Сечин Венадағы жиынның алдында журналистерге берген сұхбатында: “Біз OPEC-тің жұмысын бақылап отырмыз. Біздің компанияларымыз да мұнай өндірісінің қысқаруына қосылады. Бірақ ол қысқарту қандай көлемде болатыны нарықтағы жағдайға байланысты”, - деп мәлімдеді.

OPEC ұйымына мүше 12 мемлекеттің министрлері осы картелдің келесі қадамдары мен мұнайдың арзандауын, сондай-ақ қаржы дағдарысының кесірінен ғаламдық сұраныстың азаюы мәселесін талқылады.

Алжирдің энергетика министрі Чакиб Хелилдің мәлімдеуінше, егер OPEC өндірісті қысқартпаса, мұнай бағасы одан сайын төмендейді.

Алайда Қатар мұнай министрі Абдулла Әл-Аттияһ болашақта не болатыны белгісіз деп атап көрсетті:

“Ешкім қазір болжам жасай алмайды. Нарықтағы жағдай белгісіз болып тұр. Кейін не болатынын біз білмейміз”.

Ал Сауд Арабиясының мұнай министрі Али әл-Наими журналистерге берген сұхбатында OPEC ұйымына мүше елдердің қыркүйек айындағы шешімінің орындалуы 80 пайыздан көп болса да, бұл бағытта одан да жақсырақ әрекет етуге болар еді деп мәлімдеді.

Тұтынушы мемлекеттер мұнай бағасының өсуі қазір дағдарысқа тап болып отырған ғаламдық экономиканы одан сайын нашарлатады деп ескертуде.

Тұтынушы елдердің мүддесін қорғап отырған Халықаралық энергия агенттігінің айтуынша, мұнайдың арзандауы триллион долларлық ынталандыруға теңелген. АҚШ президенті Барак Обама да өткен аптада Сауд Арабиясының патшасы Абдуллаға тікелей телефон соғып, тұтынушы елдердің мүддесін қорғады.

Энергетика саласындағы экономистердің болжамына сәйкес, осы жылы мұнайға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда күніне 1 миллион баррелге қысқаруы мүмкін.

OPEC ұйымына Алжир, Ангола, Эквадор, Иран, Ирақ, Кувейт, Ливия, Нигерия, Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Венесуэла елдері мүше боп табылады.
XS
SM
MD
LG