Accessibility links

Мәскеуде мешіт құрылысына қатысты дау өршіп барады


Мәскеудің оңтүстік-шығыс округіндегі татар мәдени автономиясының төрағасы Гаяз Ямбаев Текстильщик ауданы тұрғындарының мешіт салуға қарсы уәждерін тыңдап тұр. Мәскеу, 11 қыркүйек 2010 жыл.
Мәскеудің оңтүстік-шығыс округіндегі татар мәдени автономиясының төрағасы Гаяз Ямбаев Текстильщик ауданы тұрғындарының мешіт салуға қарсы уәждерін тыңдап тұр. Мәскеу, 11 қыркүйек 2010 жыл.

Мәскеу қаласындағы екі миллион мұсылманға ортақ небәрі төрт-ақ мешіт бар. Соның өзінде Ресей астанасындағы жаңа мешіт құрылысына кейбір жергілікті тұрғындар қасарыса қарсыласып жатыр.


МЕШІТ ЖЕТПЕЙДІ

Қыркүйектің ортасына қарай мұсылмандар Рамазан айының аяқталуын тойлаған кезде ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары негізгі мешітке сыймай, мешіт төңірегіндегі көшелерге дейін қатар-қатар намазға тұрған мұсылмандардың фотосуреттерін бірінен кейін бірі көрсетті. Жергілікті журналдардың бірі бұл фотосуреттер мәскеуліктерге «олардың мұсылман қаласында тұратынын» еске салғандай болды деп жазды. Шындығында, мұсылмандар – Ресей астанасындағы 10,5 миллион тұрғынның небәрі бестен бірі ғана.

Алайда бұл фотосуреттер мұсылмандар мінәжат ететін орындардың мейлінше тапшы болып тұрғанын айқын көрсетті. Бүгінде екі миллионға жуық мұсылман тұратын Мәскеуде небәрі төрт-ақ мешіт бар. Сол себепті де Мәскеудегі мұсылман қауымдастығы Текстильщик ауданында үш мың адам сиятын жаңа мешіт салуды жоспарлап отыр.

Құрылыс қараша айында басталмақ. Алайда бұл шешімге жергілікті тұрғындар табандап тұрып қарсыласып жатыр. Онымен қоймай қалалық әкімдікке барып, бұл жобадан бас тартуға шақыруда.

МҮФТИЯТ ҚАЙРАН ҚАЛДЫ

Мәскеудегі Ресей мүфтилер одағының тең төрағасы Нафигулла Аширов Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметіне берген сұхбатында мұндай орынсыз қарсылыққа алаңдап отырғанын айтты. Ол Ресей астанасында христиандардың тоғыз жүзге жуық шіркеуі бар болса, екі миллион мұсылманның төрт-ақ мешіті бар дейді.
Текстильщик тұрғындары өз аудандарында мешіт
салуға қарсы шығып, қол жинады. Мәскеу, 11 қыркүйек
2010 жыл.


Нафигулла Ашировтың ойынша, саналы, достық пейілдегі адамдар (мейлі, христиандар бола ма, мейлі қала билігі ме) Мәскеуде дәл бүгін мұсылмандар мінәжат ететін жердің жеткіліксіз болып отырғанын мойындауы тиіс. «Біз кей адамдардың осыған қарсы шыққанына қайран қалдық» дейді Нафигулла Аширов.

Текстильщик ауданының мыңнан астам тұрғыны «төңіректе көлік қоятын жер қалдырмайтын, мешіт айналасында үй жануарларын сейілдетуге тыйым салу арқылы көлік мен ит иелерінің көңілдеріне қаяу түсіретін» мұндай құрылысқа жол бермеу жөнінде билікке арналған құзырхатқа қол қойып жіберді.

«ИТТЕР ҚАЙДА БАРАДЫ?»

Мешіт құрылысына қарсылар «бұл мешіт осы аудандағы жалғыз жасыл алаңға, алаң болғанда да саябақ үшін сақталып отырған жерге салынайын деп тұр» деген уәж айтады. Соның бірі – компьютерлік бағдарлама жөніндегі маман, 55 жасар Александр Кузьмичевтің өзі де, достары да, көршілері де мешіт салуға қарсы.

«Бұл аумақтың ең әуелі жасыл алаң, содан соң тұрғылықты аудан екенін ескеру керек. Бұл араға осы жердің жұрты иттерін сейілдетеді. Егер мешіт салына қалса, иттер қайда барады, аулада жүре ме?» дейді Александр Кузьмичев.

Мешіт құрылысына қарсы шыққан кейбір тұрғындардың ойы басқада. Олар мешіт салына қалса, Кавказдан келетіндер, әсіресе шешендер көбейіп кете ме деп қауіптенеді.

ЕКІ ТАРАПТЫҢ ЖИЫЛЫСЫ

11 қыркүйекте қарсылық акциясына шыққан жүздеген адам мешіт салынады деп жоспарланған Волга бульварына жиналды. Бұл жиылыста Мәскеудегі мұсылмандар қауымдастығы өкілдерінің де төбе көрсеткенін «Ютуб» видеопорталынан көруге болады.

Бейнежазбадан екі топ арасындағы ашық араздық та, бітімгершілік көңіл-күй де аңғарылады. Бір әйелдің мешітке қарсы еместігі, бірақ этникалық және діни тұрғыдан ілік іздеушілерді айыптайтыны жөніндегі сөзі естілді:
Текстильщик ауданында мешіт салуға қарсы тұрғындар.
Мәскеу, 11 қыркүйек 2010 жыл.


«Мұнда келген адамдар мұсылмандарға да, олардың дініне де қарсы емес. Олар бұл жерде салынатын кез-келген құрылысқа қарсы. Адамдар «бұл жерге саябақ салынуы тиіс, өйткені бұл ауданда саябақ жоқ» дегенді айту үшін жиналды. Ал анау топ болып тұрғандар – жұртты тек қана арандатуға жиналып тұрғандар».

Орыс православ шіркеуі мешіт құрылысына қарсы шыққандарды қолдай қойған жоқ. Алайда Мәскеу Патриархатының өкілі 20 қыркүйекте «Интерфакс» агенттігіне «шіркеудің мешіт құрылысына қарсы еместігін, дегенмен дәл сол арада православ шіркеуін салуға кезінде қала билігі тыйым салғанын сынға алатынын» хабарлады.

МҰСЫЛМАНДАР ПІКІРІ

Ресей мүфтилер кеңесі төрағасының орынбасары Марат-Хазірет Мұртазин Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметіне берген сұхбатында, жаңа мешіт пен медресе салу үшін Мүфтилер кеңесі 2008 жылы қалалық билікке жер сұрап, өтініш жасағанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, мәскеулік шенеуніктер бірнеше жерді ұсынған. Мүфтилер кеңесі соның ішінен қалалық шеңбер жолдың сыртында орналасқан, Мәскеудің оңтүстік-батыс өнеркәсіп ауданы Текстильщиктегі осы жерді таңдап алған. Мұртазиннің айтуынша, бұл мешіт осы аудандағы екі жүз мың мұсылманның рухани керегін өтемек.

«Алла жолына ешкім тосқауыл қоя алмайды. Адамдар әйтеуір бір жерде мінәжат етуі тиіс. Құзырхатқа қол қоюға жиналған мына бес жүз адам бұл жерде ит жетектеп, сыра ішу үшін мешіт салуға қарсы болып отыр» дейді Марат-Хазірет Мұртазин.

КСЕНОФОБИЯ ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ

Экстремистік іс-әрекеттерді зерттейтін мәскеулік «СОВА» ұйымының жетекшісі Александр Верховскийдің сөзіне қарағанда, мешіт құрылысына наразы көңіл-күйдің астарында Мәскеуде көбейіп кеткен славян емес ұлттарға қарсы пайда болған ксенофобия мен этникалық араздық пиғыл жатыр.
Текстильщик ауданында мешіт салуға қарсы
тұрғындардың бірі. Мәскеу, 11 қыркүйек 2010 жыл.


Верховский славян емес иммигранттарға қарсы жеккөрушілік көзқарас негізгі фактор деп санайды.«Мешітті неге ұнатпайтынын айтқанда, адамдар бұл жерде әзербайжандардың, тәжіктер мен шешендердің көбейіп кететін тілге тиек етеді. Сондықтан мәселе діни сипатта дегеннен гөрі этникалық сипатта деген дұрыс» дейді Александр Верховский.

Бірақ мешіт құрылысына Текстильщик ауданы тұрғындары түгел қарсы деуге де болмайды. Арасында «әр адамның мінәжат орнын таңдауына құқы бар» дейтіндер де кездеседі. Мәселен, өзін «қып-қызыл» атеист санайтын Дмитрий атты егде адам: «Мешіт дейсіз бе... Салына берсін. Христиан діні басқа діндерден неге жоғары тұруы керек. Неге? Христостың Мұхаммедтен қай жері артық?» дейді.

ЕКІ КОНФЕССИЯ

Бақылаушылар соңғы жылдары Ресейде православие мен исламның арасы біртіндеп шиеленісіп барады деген пікір айтады. Кейбір христиан православтар Кавказ бен Орталық Азия секілді негізінен мұсылмандар тұратын кедей аймақтардан ағылған мигранттар Ресейдің этникалық және діни келбетін өзгертіп жіберуі мүмкін деп санайды.

Ал мұсылмандар православ шіркеуі мен мемлекеттің жыл өткен сайын қоян-қолтық байланыс орнатып келе жатқанына алаңдайды. Өткен жылы Ресейдің азиялық бөлігінің бас мүфтиі Фатих Ғарифуллин православ шіркеуін мешіт жетіспеушілігіне байланысты мұсылмандарға мінәжат ететін орын бөлуге шақырды.

Ол мұндай ишара екі конфессия арасындағы қатынастарды жақсартуға септігін тигізеді деп мәлімдесе де, кейбір православ топтар мұны бейбіт ұсыныс емес, қайта қауіпті әрекет деп бағалады.

Алдағы үш-төрт жыл ішінде православ діні Ресейде екі жүз шағын шіркеу құрылысын бастап кетпек. Мәскеуде шіркеулердің көпшілігі тарихи орталықтарда тұр, ал шағын шіркеулер кеңестік заманда салынған шалғай өңірлердегі шіркеуі жоқ қалаларға салынбақшы.

Ал мұсылман жетекшілері соңғы жиырма жыл ішінде мешіт салу жөніндегі бастама әйтеуір бір кедергілерге кез бола беретінін, ал мейрамхана, түнгі клуб секілді ғимараттарға келгенде Мәскеудің жомарт бола қалатынын алға тартады.
XS
SM
MD
LG