Accessibility links

Санкцияны айтқан Тоқаев "әлемдік саясаткер" аталды


Қасым-Жомарт Тоқаев. Женева. 11 мамыр, 2011 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев. Женева. 11 мамыр, 2011 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы жиынында ЕО-ның депутаттарға салған санкцияларына наразылық білдірді

Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев 25 ақпанда Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Парламенттік ассамблеясында сөйлеп, Еуропа Одағының (ЕО) кейбір елдердегі депутаттарға қарсы санкциялар салғанына қарсылық білдірді.

- ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы ортақ саяси мүдде тұрғысында әрекет етуі тиіс. Біз форум жұмысына парламент депутаттарының, әсіресе олардың спикерлерінің қатысуына визалық шектеу арқылы тыйым салатын кез-келген саясатты орынсыз деп санаймыз. 21-ғасырда санкция салу саясаты деген болмау керек. Себебі ол әлемдік экономиканы шайқалтып жібереді. Санкция - БҰҰ құзыретіндегі шара және ол тек ерекше бір жағдайларда ғана салынуы тиіс, - деді Тоқаев.

Ол Украина дағдарысын шешуде Минск келісімі мен ерекше шаралардың рөлі зор екенін айтады.

- Дағдарысты шешуде барлық тараптың белсенді әрекет етіп, қандай да бір қақтығыс тудыратын риторикадан бас тартатын уақыты келді. Біз парламенттік ассамблеяда Украина мәселесіне қатысты байланыс тобын құру туралы ұсыныс әлі де маңызды деп сенеміз. Біз бұл дағдарыстың өзге бір қақтығысқа әкеп соқтыруына жол бермеуіміз керек. Қақтығысқа қатысты әрбір тараптың қауіпсіздігінің өзге тараптың қауіпсіздігімен тікелей байланысты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев сонымен қатар Қазақстан АҚШ пен Ресейдің Сирияда бітім орнату туралы жасасқан келісімін құптайтынын айтып, Сириядағы қиын жағдай одан ары шиеленісіп кетпеуі үшін қақтығысушы барлық тарапты оны қатаң орындауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарамастан, Қазақстан өзінің институционалдық реформалар жүргізу туралы міндеттемесіне берік екенін айты. Ол сонымен қатар 20 наурызда өтетін парламент мәжілісі сайлауына ЕҚЫҰ миссиясы бақылау жасайтынын және "мемлекет заңдары мен халықаралық стандарттарға сай ашық әрі әділ өтетінін" айтты.

Ірі саясаткер, тіпті еуропалық емес, одан да ірі ауқымдағы саясаткер, бұған дейін БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімін басқарған, қазір Қазақстан сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қатқыл, өзіне тән емес түрде санкцияға қарсы пікір айтты.
Л. Слуцкий.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Венадағы сөзі Ресейде айрықша бағаланды. Ресей мемлекеттік думасының ТМД жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий ресейлік "Россия-24" телеарнасына Венада Ресей делегациясын қалай қарсы алғанын айта келіп, Тоқаевты атап өткен.

- Ірі саясаткер, тіпті еуропалық емес, одан да ірі ауқымдағы саясаткер, бұған дейін БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімін басқарған, қазір Қазақстан сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өткір, өзіне тән емес түрде санкцияға қарсы пікір айтты. Таратып айтсақ, ол парламентарийлерге қарсы санкция салуға болмайтынын, санкциялар парламентаризм табиғатының өзіне қайшы екенін жеткізді, - деп мәлімдеді Слуцкий.

Леонид Слуцкий санкцияларды "Еуропа экономикасын жалмап", Еуропадағы конструктивті ынтымақтастықты бұзады" деп атады.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, 25 ақпан күні Тоқаев парламенттік ассамблеядағы сөзіне дейін Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Сергей Нарышкинмен кездесіп, ассамблеяда санкция мәселесін көтермек екенін айтқан. "Санкциялар әлемдік экономиканы шайқалтады. Екіншіден, мен парламент делегацияларының, және ең алдымен парламент спикерлерінің қандай да бір халықаралық форумдарға оларға жай ғана виза беруден бас тарту арқылы қатысуына бөгет қоюға болмайтыны туралы мәселе көтермекпін" деген Тоқаев.

Тоқаев бұған дейін Түркияның Ресей әскери ұшағын атып түсіруіне қатысты да пікір білдірген. Ол Twitter-дегі парақшасында "Түркия әскери-әуе күштерінің ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын негізсіз атып түсіруі - екі жақты қарым-қатынасқа тиетін салдары өте ауыр оқиға" деп жазған.

Еуропа Одағы бірінші рет Ресейге 2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алғаны үшін санкция салған. Бұдан соң салынған экономикалық және қаржылық тұрғыдан енгізілген санкциялар әр алты ай сайын ұзартылып келеді. Өткен жылы шілдеде ресейлік бір топ депутатқа, оның ішінде Сергей Нарышкинге ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының сессиясына қатысуға рұқсат етілмеген еді.

  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

XS
SM
MD
LG