Accessibility links

Пәкістанда содырлар шабуылынан ондаған адам қаза тапты


Кветта түбіндегі полиция академиясына келіп жеткен үкімет әскері. 25 қазан 2016 жыл

Кветта түбіндегі полиция академиясына келіп жеткен үкімет әскері. 25 қазан 2016 жыл

"Ислам мемлекеті" экстремистер ұйымы Пәкістандағы полиция академиясына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ресми билік бұл қастандықты "Лашкар-е Джангвиден" көреді.

Ресми ақпарат бойынша, алты қарулы содыр қазанның 25-іне қараған түні Пәкістанның Кветта қаласындағы полиция академиясына шабуыл жасаған. Атыс кезінде үкімет жасақтары содырлардың барлығы оққа ұшқанын мәлімдеді.

Содырлар полиция академиясының курсанттары ұйықтап жатқан кезде жатақханаға басып кірген. Белуджистан аймағының ішкі істер министрі Сарфараз Бугти академия жатақханасында сол түні 700 курсант болғанын, төрт сағатқа созылған операцияда 250 курсанттың құтқарылғанын хабарлады. Министр шабуыл жасаған содырлардың бәрі өлгенін, үшеуіне оқ тиіп, екеуі өздерін жарып жібергенін айтты. Теракт кезінде кем дегенде 59 адам қаза тауып, жүз шақтысы жараланған.

– Терроршылармен күрес таңғы сағат төртте аяқталды. Бірақ тазарту жұмыстары бірнеше сағатқа созылды,- деді министр.

Шабуыл туралы осыған ұқсас мәліметті "Ислам мемлекеті" діни ультра-радикалдық ұйымы да таратқан. Исламабад қастандықты ИМ жасағанына күмәнді, "Лашкар-е Джангвиден" көбірек күдіктенеді.

Оқиға куәгерлері қаруланған адамдардың ғимаратқа кешкі сағат 22.00 кезінде кіріп, оқ ата бастағандарын айтады. Түнгі сағат 00.00-де полиция, шекара күзеті мен қауіпсіздік қызмет өкілдері оқиға орнына жетіп, атыс басталған. Полиция академиясы Кветтадан 13 шақырым қашықта орналасқан. Кветта - Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясының орталығы.

Провинцияның шекара күзетіндегі әскери бөлім басшысы генерал-майор Шер Ауған шабуылға шыққан содырлар Пәкістандағы "Талибан" экстремистік ұйым бөлімшелерінің біріне қатысты екенін және олар Ауғанстанмен телефон арқылы байланысқанын айтты.

Пәкістан билігі терактіні "Ислам мемлекеті" содырлары жасады деген мәліметке күмәнмен қарайды. Исламабад бұл шабуылды жергілікті "Лашкар-е Джангви" экстремистер ұйымы жасауы мүмкін деп сезіктенеді.

Кветта қаласындағы полиция академиясына бұған дейін 2006 және 2008 жылдары шабуыл жасалған.

XS
SM
MD
LG