Accessibility links

Пәкістанда кей мектептер жиһад туралы қайта оқытпақ


Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва өлкесіндегі ескі мектеп оқушылары.
Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва өлкесіндегі ескі мектеп оқушылары.

Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва өлкесі басшылары мектеп оқулықтарын өзгерткісі келеді. Реформа жүзеге асса, жиһад туралы сабақтар қайта оқытылады. Мамандар «бұл экстремизмді күшейтеді» дейді.

Пәкістан мектептерінде ондаған жылдар бойы оқулықтар экстремистік топтардың қалыптасуына ықпал етті, соғысқа итермелейтін діни төзімсіздік, өзгелерді жек көру сияқты зиянды идеяларды насихаттап келді.

Талибандар сияқты экстремистік топтардың өсіп-өнуіне қолайлы Хайбер-Пахтунхва өлкесінің басшылары жастар арасында діни экстремизмнің таралуына жол бермеу үшін 2008 жылы білім саласына біраз өзгерістер енгізген.

Мемлекеттік ортақ оқу бағдарламасы жоқ Пәкістанда орта мектептің 1- сыныбынан 12-сыныбына дейінгі барлық оқулықтары соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өзгертілген.

Оқулықтағы жиһад туралы Құран аяттар мен зорлық-зомбылыққа қатысты идеялар, қару-жарақтың суреттері алынып тасталған. Барлық тараудағы ислам тұлғалары мен ислам идеологиясы жайлы ақпараттарды жергілікті ақын, философ, аймақтағы пуштун мәдениеті өкілдері жайлы деректермен алмастырған.

«ИМАНЫМЫЗДЫ ТӘРК ЕТЕ АЛМАЙМЫЗ»

Бірақ қазір осы үлкен қиыншылықпен жасалған жаңалықтарға қайтадан қауіп төнді. Өлкенің жаңадан сайланған басшысы, бұрынғы крикет жұлдызы Имран Ханның «Пәкістанның әділдік үшін қозғалысы» партиясы мен оның одақтасы – «Ислам жамағаты» партиясының басшылары мектеп оқулықтарындағы жиһад туралы идеяларды қалпына келтіретіндерін мәлімдеді.

№ 3 орта мектепте оқитын қыздар. Пәкістан, Хайбер-Пахтунхва провинциясы, Сваби ауылы, 15 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
№ 3 орта мектепте оқитын қыздар. Пәкістан, Хайбер-Пахтунхва провинциясы, Сваби ауылы, 15 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«Білім саласы – тұрақсыз аймақтағы жиһадты тоқтатуға таптырмайтын құрал» деп санайтын ұстаздар бұған алаңдап отыр. Бұл реформаны қолдамайтындар «аймақтағы жастарға қайтадан радикалдану қауіпі төніп тұр» дейді. Аймақ басшылары бұл реформаны қашан енгізетіндерін әлі айтқан жоқ. Бірақ өзгеріс биылғы оқу жылында болмайды.

1-сыныптан бастап 12-сыныпқа дейінгі түгел өзгеруі мүмкін оқулықтар арасында Пәкістан тарихы мен ислам пәндері де бар. Хайбер-Пахтунхва өлкесінің ақпарат және мәдениет министрі Шах Фарман тамыз айының 21-і күні өткен баспасөз мәслихатында бұдан бұрын билікте болған зайырлы «Ауами халық партиясы» басшылары енгізген жаңалықтарды жаңа басшылық түзеткісі келетінін» айтты. Фарман Пешавар қаласында журналистермен кездескенде:

– Оқулықтан ұлттық батырлар мен жиһад, ислам ілімдерін алып тастаса, онда қайдағы егемендік, қандай бостандық, нендей ислам құндылықтары? Жиһад – біздің иманымыздың бір бұтағы. Біз иманымызды тәрк ете алмаймыз, – деді.

Фарман «оқулықтағы қателіктерді әлі де түзету керек» екенін ескертті. Солардың бірін – Пәкістан мен Үндістанды екіге бөліп жатқан Гималай аймағындағы Кашмир туралы деректерді ол «даулы мәселе» дейді. Пәкістан үкіметінің позициясы бойынша «бұл аймақ түгел Пәкістанға тиесілі».

Фарман оқулықта сол қолымен тамақтанып отырған баланың суретін де сынады. Кейбір ислам шарты бойынша мұсылман адам сол қолды дәрет алғанда және мұрын тазалағанда ғана қолдануы керек. Шариғат бойынша адамның оң қолы Құдайға жақынырақ.

«АЛ БІЗ ЖЕРГІЛІКТІ МӘДЕНИЕТТІ НАСИХАТТАДЫҚ»

Хайбер-Пахтунхва өлкесінің оқулықтарды бекітетін және осы аймақтағы мектеп оқулықтарын шығаруға жауапты комиссияның төрағасы болған, қазір Пешавар университетінде профессор көмекшісі қызметін атқаратын Фазал Рахим Маруат өлке басшыларының бұл шешімін қолдамайды. Оның ойынша, бұл шешім осы өлкедегі оқушылардың санасын улап, діни фанатизмнің таралуына жағдай жасайды.

Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы ескі мектепте сабақ оқып отырған балалар.
Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы ескі мектепте сабақ оқып отырған балалар.
– Мұның әсері жаман болады. Пәкістанның федералдық деңгейде басқарылатын тайпалар аймағында онсыз да қарулы қақтығыстар тоқтаған жоқ. Көптеген оқулықтарда қате ақпараттар толып жүр. Білім саласына еніп кеткен өзгерістерді байқау қиын емес. Ауған соғысы кезінде (1980 жылдардағы СССР-мен соғысты айтады) Пәкістан үкіметі мектеп оқулықтарына жиһад идеяларын енгізген. Қазір сол кезде енгізген экстремизм идеясының «жемісін» көріп отырмыз. Осы идеяларды жаңғыртқысы келетіндер ескі проблеманы қайта қоздырады, – дейді ол.

Ол 2006 жылы жүргізілген реформа барысында оқулықтарға жауапты комитет зорлық-зомбылықты насихаттайтын ақпаратты түгел жойып, оларды төзімділік пен бейбітшілікке шақыратын жаңа идеялармен алмастырғандарын айтады.

2011 жылы Хайбер-Пахтунхва өлкесінің оқулық комисиясы басшылары Пәкістан конституциясындағы өзгерісті пайдаланып, жоғарғы оқу саласына да өзгерістер ұсынған еді. Бұған дейін Пәкістанның оқу жүйесі бір орталыққа бағынбайтын. Саясат, оқу жоспары, оқу кестесі деген мәселеде стандарт жоқ еді. Заңдағы 18-түзету бабы аймақтардың орталыққа бағынбай, өзінше шешім қабылдауына мүмкіндік берді.

– Менің ұраным бейбітшілік болған. Мысалы біз оқулықтың бірінші не соңғы бетіне «Біз бейбітшілікті қалаймыз!» деп жаздырдық. Біз жек көру мен діни бөлінушілікті барынша азайтуға тырыстық. Араб тұлғаларын емес, жергілікті пуштунның зиялы тұлғалары мен жергілікті мәдениетті насихаттадық, – дейді Маруат.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG