Accessibility links

Ауған босқындарының символына айналған әйел түрмеге қамалды


Пәкістандағы ауған босқыны Шәрбат Гула.
Пәкістандағы ауған босқыны Шәрбат Гула.

Шәрбат Гуланың National Geographic журналының мұқабасына шыққан фотосы өте танымал болған. Қазір оның тағдыры Пәкістандағы ауған босқындарына назар аударуға мәжбүрлейді.

1984 жылы америкалық фотограф Стив МакКарри босқындарға арналған пәкістандық лагерьден Шәрбат Гуланы тауып, суретке түсірген. Бұл фото ұзақ жылдар бойы миллиондаған ауғанның өлімі мен елден кетуіне себепкер болған советтік оккупацияның сұмдығын бейнелеген.

«ОТАНЫНА ОРАЛСА, ЖАҒДАЙЫ ҚИЫНДАЙДЫ»

Қазір 40 жастағы әйел тағы да әлем назарын өзіне аударып, тағы бір күрестің азабын бейнелеп отыр. Өткен айда Пәкістан билігі "жалған құжат жасады" деп айыптап, қамауға алған төрт баланың анасы Шәрбат Гуланың өмірі Пәкістандағы миллиондаған ауған босқындарының тағдырын көрсетеді.

Шәрбат Гуланың Стив МакКарри түсірген фотосы көрмеде тұр.
Шәрбат Гуланың Стив МакКарри түсірген фотосы көрмеде тұр.

Белсенділердің айтуынша, өз еліндегі соғыс пен қиындықтан бас сауғалаған Гула мен миллиондаған ауғандардың тағдыры әлі де шешілмеді, халықаралық қауымдастық енжарлық танытады, ал аймақтағы билік оларға дөрекі қарым-қатынас жасайды.

Шілде айында Исламабадтағы үкімет Пәкістандағы 2,5 миллионға жуық ауғанды қудалай бастады. оларәлемде босқындар саны бойынша екінші орын алады. Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне сүйенсек, 350 мыңнан астам ауған босқыны (заңды және заңсыз түрде) отанына оралған. Олар Пәкістан полициясының ұрып-соғып, қамауға алғанын, үйлерінен шығарып жібергенін айтады.

«Гула Пәкістандағы ауған босқындарының тағдырын бейнелеген еді» дейді Human Rights Watch ұйымының Ауғанстан бойынша аға ғылыми қызметкері Патриция Госсман.

- Ауған әйелі - Пәкістан билігінен жапа шеккен жүздеген мың ауғанның біреуі ғана. Нәтижесінде олар отанына оралады, бірақ алдарында қандай тағдыр күтіп тұрғаны белгісіз, - дейді ол.

Шәрбат Гула ауруханада Ауғанстан консулдығы өкілімен сөйлесіп отыр. Пешавар, 2 қараша 2016 жыл.
Шәрбат Гула ауруханада Ауғанстан консулдығы өкілімен сөйлесіп отыр. Пешавар, 2 қараша 2016 жыл.

Госсман Гуланың қамалғаны жайлы ақпарат БАҚ беттерінде кеңінен тарап, Пәкістандағы ауған босқындарына әлем назарын аударар деп үміттенеді.
- Осындай елеулі мәселеге әлем халқының немкетті қарап отырғанына сенгің келмейді, - дейді ол.

Фотограф МакКарри Гулаға қорғаушы жалдады, енді танымал әйелге Пәкістан билігі көңіл аударар деп сенеді. МакКарри оны босату үшін қолынан келгенінің бәрін жасамақ. «Шәрбат Гула бірнеше жылдар бойы босқындардың символы болды. Енді ол қажетсіз мигранттардың тағдырын бейнелеп отыр» деп жазды МакКарри қарашаның 2-сі күні Instagram парақшасына.

АУҒАН БОСҚЫНДАРЫНЫҢ АЯНЫШТЫ ТАҒДЫРЫ

Қазанның 26-сы күні Пәкістан азаматтығын алу үшін жалған құжат жасады деген айыппен қамалған Гула елдің солтүстік-батысындағы Пешеварда түрмеде отыр. Жемқорлықпен күрес және иммиграция жөніндегі арнайы сот қарашаның 2-сі күні оны кепілдікпен босатудан бас тартып, өтініштің құқықтық емес, гуманитарлық дәлелге негізделгенін айтты.

Ауғанстанның Пәкістандағы елшісі Омар Захилвал гепатит сырқатына шалдыққан Гуланың сол күні емханаға жіберілгенін жеткізді. «Шәрбат Гуланың қамалғаны барлық ауған халқының жүрегін ауыртты. Бүгінгі шешім одан әрі қиналтып отыр» деп жазды ол қарашаның 2-сінде Facebook парақшасына.

Пәкістандағы Ауғанстан елшісі Омар Захилвал Шәрбат Гуланың ахуалын айтып тұр. Пешавар, 2 қараша 2016 жыл.
Пәкістандағы Ауғанстан елшісі Омар Захилвал Шәрбат Гуланың ахуалын айтып тұр. Пешавар, 2 қараша 2016 жыл.

Захилвалдың айтуынша, Гуланың Пәкістаннан алған жеке бас куәлігі жасанды емес және жалған жолмен алынбаған. Елшінің ақпараты бойынша, Пәкістанның ұлттық дерекқор және тіркеу мекемесі оған «бірнеше жыл бұрын қалыпты үдеріске сай идентификатор берген».

Гуланың қайнысы Шахшад Хан жеңгесінің босқын емес, Пәкістанның заңды азаматы екенін ескертті, себебі ол Пәкістанда туып-өсіп, бес жыл бұрын дүние салған ағасы Рахмат Ханға тұрмысқа шыққан.

Алаяқтық жасады деген айыпты сот растаса, Гула 14 жылға қамалуы мүмкін. Бірақ ауғандардың көбі түрмеге қамалмай, еліне депортацияланады. Екі жылға созылған тергеу ісінен соң Гула қамауға алынды. Айып тағушылар "ол 2014 жылдың сәуірінде Шарбат Биби деген атпен жеке куәлік алуға өтініш берген" дейді.

Пәкістан азаматы емес адамның жеке куәлік алуы заңсыз саналады, 1970 жылы шыққан заң соңғы айларда репрессия басталғанда қолданыла бастады. Гула - шектен шыққан қайыршылық пен талай жылғы соғыстан соң қауіпсіздік мәселесі ушығып тұрған Ауғанстанға оралмау үшін жанкешті әрекетке барған жүздеген мың ауған босқынының бірі ғана.

БҰҰ мен ауған үкіметі Исламабадтан Пәкістанда тұратын ауған босқындарын отанына қайтару туралы қаулыны 2017 жылдың наурызына дейін созуды сұрап отыр. Кабул аз уақыт ішінде оралған көп адамды тез арада қабылдауға шамасы жоғын айтады.

2009 жылдан бері Исламабад ауған босқындарын еліне қайтару мерзімін бірнеше рет созды, енді соңғы мерзімді ұзартпайды деген күдік бар. Еуропа Одағы шенеуніктері де ауған билігінен өз елдеріндегі босқындарды қайтарып алуды талап еткен сияқты. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Еуропаға ағылған босқындардың ең көбін санын ауғандар құрайды.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG