Accessibility links

Пәкістанда презерватив жарнамасынан шу шықты


Пәкістан телеарналарынан көрсетілген JOSH презервативінің жарнамасы
Пәкістан телеарналарынан көрсетілген JOSH презервативінің жарнамасы

Осы аптада Пәкістанның халықаралық жәрдем ұйымдарына деген теріс көзқарасы тіпті нашарлап кетті. Жүктіліктен сақтану туралы жарнамаға қарсы консервативтік топтар өре түрегелді.

The Express Tribune басылымының дерегі бойынша, елдегі баспасөз құралдарын бақылаушы PEMRA органы пәкістандық телеарналарға жүктіліктен сақтану құралының жарнамасын тоқтату туралы пәрмен берген. Мүшеқаптың жарнамасын аталған ұйым «әдепсіз, ұятсыз әрекет, біздің әлеуметтік-мәдени және діни құндылықтарымызды елемеу» деп сөккен.

«ӘДЕПСІЗ» ЖАРНАМА

PEMRA баспасөз хатшысы Фахаруддин Моғол журналистерге «қасиетті Рамазан айында осындай сипаттағы мәліметтерді тарату маңызды шара қабылдау қажеттігін көрсетеді» деді. Моғол жарнаманың Пәкістандағы хабар тарату стандарттарына қайшы келгені былай тұрсын, исламдық ұстанымдарды аяққа таптау, «конститутцияға қайшы әрекет» екенін мәлімдеді.

50 секундтік жарнама ролигінде актриса және модель Мадира презерватив (мүшеқап) қолданатын күйеуін қатты жақсы көретін, жаңа тұрмыс құрған келіншектің рөлін сомдайды. Дамушы елдердегі ВИЧ/СПИД дертінің алдын алу және отбасын жоспарлауды қолдайтын америкалық DKT International ұйымы жүктіліктің алдын алу үшін JOSH брендін қолдануды осылайша насихаттамақ болған.


Жарнаманы көрген көптеген адамдар шағымданып, интернет-форумдарда наразы пікірлер жариялады. Шетелдік үкіметтік емес ұйымдарға бұрыннан сенімсіздікпен қарайтын пәкістандықтар оларды тіпті қатты сынға алды.
Көп балалы пәкістандық отбасы
Көп балалы пәкістандық отбасы

«Бұл үкіметтік емес ұйымдар империалистер басқарып отырған агенттіктер, олар Батыстағыдай біздің мәдениетімізді құртуды көздейді» деп жазады бір ашулы пікір иесі. «Олар мұсылмандардың санының артқанын қаламайды. Сондықтан екпелерге гормондар енгізіп, ер балаларды белсіз етуді көздейді» дейді тағы біреу.

«Шетелдік үкіметтік емес ұйымдар қайырымдылық қоры деген ат жамылған шетелдік тыңшылар» деген пікір консервативтік көзқарастағы пәкістандықтардың арасында кең тараған, бұл халықаралық ұйымдардың жұмысына жиі кедергі келтіреді.

Өткен жылдан бері полиомиелит вакцинасын жеткізетін қызметкерлердің бірнешеуін Пәкістандағы экстремист топтар атып тастады. Олар медицина қызметкерлерінің екпе егу шарасы исламға жат әрекет және мұсылман балаларға зиянын тигізеді деп санайды.

ҚАТЕРЛІ ДЕРТ ЖӘНЕ ТҰЙЫҚ ҚОҒАМ

ҮЕҰ-лар қызметіне деген өшпенділік маңызды денсаулық сақтау және ағарту кампанияларына кесірін тигізуі мүмкін. Бұл мәселеге қатысты туған қарама-қайшылық кейбір прогресшіл жұрттың да ашулы үнін шығарды.

«Жақсы идея», - деп жазады тағы бір кекесінге толы пікір иесі. «Бала санын көбейте беріңдер, ертең-ақ халық саны 250 миллионнан асып кетсін. Мемлекеттің осыншама халықты асқа тойдыра алмай, киімге жарыта алмай, білім беруге шамасы келмей жатқаны кімге керек? Мұсылмандар үмбетінің саны көбейсе болды емес пе?!»
Пәкістандық дәрігер әйел жаңа туған нәрестені ұстап тұр. Лахор, 31 қараша 2011 жыл
Пәкістандық дәрігер әйел жаңа туған нәрестені ұстап тұр. Лахор, 31 қараша 2011 жыл

«Бұл жанды ауыртатын мәселе», - деп жазады тағы пікір білдіруші, «Тұрғын саны көбейіп барады, мемлекеттің ресурсы азайып барады. Халық – кедей, һәм діни радикалдық көзқараста, көңіл көтерудің жалғыз амалы – секс. Жүктіліктен сақтану мен отбасын жоспарлау жолдарын үйретпеудің соңы ұлттық қауіпсіздікке зор қауіп төндіреді. Сондықтан болашақ ұрпаққа оны не мектепте үйрету керек не телеарналарда жарнама жасату қажет. Екеуін де қолдаймын».

Қазір ВИЧ індетімен күресіп жатқан Пәкістан үшін презервативке қатысты жарнама өте өзекті. Сарапшылардың зерттеуі бойынша, қазір елде 130 мың тұрғын СПИД дертін жұқтырған. Егер тұрғындардың сауатын ашып, дерттің таралу жолдары туралы жеткілікті хабар таратылмаса, бұл көрсеткіш арта береді.

Өкінішке қарай, презервативке қатысты дау жыныстық жолмен таралатын сырқаттар туралы ашық әңгімеден қашатын, оны «әдепсіздік» санайтын, консервативтік көзқарастағы қоғамға ВИЧ/СПИД туралы ескерту айтудың қаншалықты қиын екенін де көрсетеді.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG