Accessibility links

Пәкістанның Суат аймағында екі ру арасындағы жанжалды реттеу үшін алты жасар қызды ұзатпақ болғандардың әрекеті Азаттық радиосының арқасында көптің назарына ілінді.

Руаралық даудың құрбанына айналуға шақ қалған Биби Роза атты бүлдіршіннің әке-шешесі мен немере ағасы Азаттықтың Пәкістан қызметіне қыздарын сақтап қалу үшін жергілікті билік орындарына жалынып жатқандарын айтты.

Жергілікті ру басылары қанды кекке айналған дауды шешу үшін алты жасар қызды ұзатпақ болып шешкен. Ұзату күні жақындаған сайын бүлдіршіннің ата-анасы перзенттерін сақтап қалу үшін жергілікті салт-дәстүрдің шектеуіне қарамастан қолдарынан келгенін жасап қарсыласып бағып жатыр.

Пәкістанның солтүстік-батысындағы таулы өлкеде орналасқан шалғай ауылдағы ұрыс-керістер мен дау-дамайлар азаматтық заң емес, ескі жолмен шешіліп отырады.Джирга деп аталатын ақсақалдар кеңесі шешім шығарады.




Пуштундардың дәстүрі бойынша қандай да бір іске қатысты айыпты болып қалған жақ зардап шегушіге жер, ақша, ірі мал немесе "суара" түрінде өтемақы береді. "Суара" - айыппұл ретінде жас қыздың ұзатылуы.

Көне дәстүрдің бұл түрі көп жағдайда ешкімге дабыра етілмей жалғасып жатады. Бірақ Суат өлкесіндегі Ашари ауылында сол үрдіске қарсы шыққан мына оқиға - өте сирек кездесетін жайт.

Джирга кекке ұласқалы тұрған екі отбасы арасындағы дауды шешу үшін кішкентай қызды ұзату туралы шешім шығарған. Егер бұл іске ешкім жоғарыдан араласпаса, алтыға әлі толмаған Биби Роза қарашаның 11-і күні ұзатылмақшы еді.

Қыздың әке-шешесі 16 жастағы бозбалаға ұзатылып бара жатқан қыздарының неке қию рәсімін өз беттерінше тоқтатуға дәрменсіз екендерін айтады. Олар джирганың шешімін жою туралы жергілікті сотқа, әкімшілікке және Пәкістанның әділет министрлігіне арыз түсірген.

Биби Роза мен әкесі Азим Хан

Биби Роза мен әкесі Азим Хан


Биби Розаның 65 жастағы әкесі Азим Хан ру басыларына бірнеше мәрте өтініш қылғанын айтады. Ал жергілікті полиция шағым айта барған оны ақсақалдардың шешіміне мойынұсынуға шақырған.

Азим Ханның айтуынша, оның қарсылығы екі отбасы арасындағы өшпенділік пен кекті күшейте түспекші. Қарсы тараптағы үй "намысын қорғау" үшін қан төгуге де әзір.

- Джирганың мүшелері бізге: "Сендер Ашари билігінің қыздарыңды бізге ұзату туралы шешімімен келістіңдер. Келіспеуге жолдарың да жоқ" дейді. Иә, мен келістім. Бірақ полиция өкілдері мәжбүрлеген соң ғана келістім. Осы жексенбі ұзатылуын талап етеді. Бұлай жасамауларын өтініп жалбарындым, - дейді ол.

Жергілікті Шах Дауран есімді полицей Азим Ханның сөздерін теріске шығарды. Ол джирганың шешіміне полицияның ешқандай да әсер етпегенін, керісінше, полиция қыздың басындағы жайт белгілі болысымен тергеу жүргізе бастағанын айтады.

Кішкентай Биби Розаның басындағы дауға оның аға-жеңгесі себеп болған. Бибидің ағасына тұрмысқа шыққан жас әйелдің бұрынғы атастырылған жігіті джиргаға "қалыңдығымды тартып алды" деген мазмұнда шағым түсірген. Сөйтіп ақсақалдардың көмегімен "әділдікке жетпек болған".
Мен баламның әлі бүлдіршін екенін айтып арызданып бақтым. "Алты-ақ жасар қызымнан айырмаңыздар" дедім. Барлық мұсылмандар осылай ойлаулары тиіс.

Джирганың алдында әлгі жігіт "отбасының ар-намысы тапталғанын, қалыңдығынан заңсыз түрде айырылғанын" айтып арызданған.

"Суара", яғни дау-дамайды шешу үшін қыз айырбастау дәстүрі - Пәкістанның солтүстік-батыс аймағында кең тараған салт.

2004 жылы Пәкістан парламенті бұл рәсімді қолданғандарды кем дегенде үш жылға түрмеге жабатын заң қабылдаған еді. Бірақ шалғай ауылдарға бұл заң әлі жетпей тұр.

Биби Розаның шешесі (атын атамауды өтінді - ред.) джирганың шешімі әлі де өзгеріп қалар деп үміттенеді.

- Әлгі отбасы мына бейкүнә сәбиді "суара" дәстүрі бойынша алмақшы. Ақсақалдар жексенбі күні ұзатылсын деп шешім шығарды. Мен баламның әлі бүлдіршін екенін айтып арызданып бақтым. "Алты-ақ жасар қызымнан айырмаңыздар" дедім. Барлық мұсылмандар осылай ойлаулары тиіс. Үкіметтен кішкентайымды үйде қалдыруға көмектесулерін сұрадым, - дейді анасы.

Қарашаның 9-ы күні Биби Розаның ісіне жергілікті билік орындары араласып, ұзатуға тыйым салғаны белгілі болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG