Accessibility links

«Күлкілі һәм аянышты» Первез Мушарраф


Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Первез Мушарраф әуежайға келген жақтастарына амандасып тұр. Карачи, 24 наурыз 2013 жыл.

Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Первез Мушарраф әуежайға келген жақтастарына амандасып тұр. Карачи, 24 наурыз 2013 жыл.

Financil Times Пәкістанда өтетін сайлау мен бұрынғы диктатор Мушаррафтың сол үшін елге оралғаны туралы мақала басты. Мамандар «Осы жолғы сайлау әділ өтсе, Пәкістан демократияға бір табан жақындайды» дейді.

Financil Times («Файнэншл таймз» - FT) бұл мақаласын наурыздың 26-сы күні жариялады. Онда «пәкістандықтардың елді «құтқару» үшін отанға оралып жатқан кейбір тұлғалардың сөзіне сенбейтіні» жазылған.

«ӨЛЕТІН БАЛА МОЛАҒА ЖҮГІРЕДІ»

Мақала авторы Виктор Маллет Пәкістанның саяси тарихында «күлкілі һәм аянышты» оқиғалар көп болғанын жазады. Маллет бұрынғы диктатор Первез Мушаррафтың да атақ-даңққа бөлену үшін шетелден Пәкістанға қайта оралуын осы санаттағы оқиғаға жатқызады.

Мәселен, оны қолдайтындардың біреуі мақтанышпен «Генерал Пәкістанды құтқару үшін келді» дейді.

«Оның осы жолғы оралуы да күлкілі» дейді автор. Себебі оны әуежайдан күтіп алуға мыңдаған емес, бірнеше жүз қолдаушы ғана келген. Ал талибандар «Өлетін бала молаға жүгіреді» деген мақалды ұрандатып, оны осы бастан қорқытып жатыр.

Автордың жазуына қарағанда, Мушаррафтың өз өмірі туралы жазған «От пен жалын арасында» кітабын мамандар әбден сынаған. Елдің көбі оның «Біз Пәкістанды қалпына келтіру үшін еңбек етеміз. Елді мен кеткен кездегі деңгейіне қайтадан көтеру керек» деген пікірлерін мазақ еткен.

Мақала авторы да генералдың Азиядағы ең бір артта қалған мемлекетті дағдарыстан алып шығатынына күмәнмен қарайды.

«МУШАРРАФТЫҢ БЕДЕЛІ ҚАЛМАДЫ»

Мушарраф Пәкістанда мамыр айының 11-і күні өтетін парламент сайлауына қатысуға келген. Қолдаушыларының ойынша, «Ол - Пәкістанды 10 жыл жақсы басқарып, жемқорлықтың азаюуына ықпал еткен тұлға». Генерал елді 2008 жылы Асиф Али Зардари билікке келгенше басқарған еді.

Көптеген пәкістандықтар мен саяси сарапшылардың пікірінше, «диктатордың қайта оралуы Пәкістан қоғамы үшін аса маңызды оқиға емес». Вашингтондағы Eurasia Group кеңесшісі Шамила Чаудхаридің пікірінше, «Первездің саясатта ешқандай беделі жоқ».
Первез Мушарраф оралған күні Пәкістанда қарсылық акциялары өтті. Сол акцияларға қатысушының бірі оның көшедегі суретіне аяқ киімін тигізіп тұр. Кветта қаласы, 24 наурыз 2013 жыл.

Первез Мушарраф оралған күні Пәкістанда қарсылық акциялары өтті. Сол акцияларға қатысушының бірі оның көшедегі суретіне аяқ киімін тигізіп тұр. Кветта қаласы, 24 наурыз 2013 жыл.


FT «Мушарраф Пәкістандағы саясаткерлер арасында аса беделді тұлға емес» деп жазады. Басылым оның бәсекелесі ретінде 1966 жылдан бастап саясатқа араласқан, бұрынғы крикетші Имран Ханды атаған. Одан бөлек, Канададан оралған теолог ғалым Тахир Қадриді де сайлауда бәсеке тудыра алатын тұлға ретінде сипаттайды.

Тахир Қадри 2013 жылы қаңтар айында Исламабад қаласында үкіметке қарсы шеру ұйымдастырған еді. Сол кезде «әскердің қолдауымен оған мыңдаған халық ерген». Мақала авторының пайымдауынша, Имран Хан мен Қадри тым болмағанда сайлаудан кейінгі парламент құрамына ықпал ете алады.

FT «Бірақ Мушаррафтың Пәкістанды басқарып отырған Зардаридың «Пәкістан халық партиясы» (ПХП) мен Науаз Шарифтің «Пәкістан мұсылмандар лигасы» (ПМЛ) партияларына ықпал етуі екіталай» дейді.

Саяси сарапшылардың көбі пәкістандық саясаткерлер айтып жүргендей, «Пәкістан шынымен де демократияға бет бұрған ел болса, диктаторды билікке жақындатпаған дұрыс» деген пікірмен келіседі.

«ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ»

Мақалада билікте отырған «Пәкістан халық партиясының» қазіргі беделі туралы да аз-кем мәлімет берілген. Қазір бұл партияның бұрынғыдай ықпалы жоқ. Себебі партия ел экономикасын жақсарта алмады және діни экстремистік топтардың террорлық әрекеттеріне тосқауыл қоя алмаған.

ПХП атынан сайланған премьер-министр Раджа Первез Ашраф қызметінен кетті. Сайлау комиссиясы 84 жастағы заңгер Мир Хазар Ханды уақытша үкіметтің басшысы етіп бірауыздан сайлаған.

«Бәрі сәтімен іске асатын болса, әскери төңкеріс, қастандық әрекеттер мен жемқорлықтан жапа шегіп отырған Пәкістан қоғамында үкімет демократиялық жолмен сайланып, бірін-бірі тұрақты түрде ауыстырып отырмақ. Мұндай тұрақты билік жүйесі бұл елде Пәкістан Үндістаннан тәуелсіздік алғалы (1947 жылы) бірінші рет болғалы тұр» деп жазады FT.

Автор мақаласын Вашингтондағы Eurasia Group кеңсесінің маманы Шамила Чаудхаридің мына бір сөзімен: «Сайлау кестесі біржола бекітілген. Әзірше бәрі ойдағыдай келе жатыр. Сайлау екі айдан соң өтеді. Бұл - демократияға дайындық. Елдің көбі бұл жұмыс дәл бұлай сәтті басталады деп күтпеген еді» деп аяқтаған.
XS
SM
MD
LG