Accessibility links

Наваз Шарифтің жағалай жақсы болу саясаты


Наваз Шариф, Пәкістан Мұсылман лигасының жетекшісі. Равалпинди, 7 мамыр 2013 жыл

Наваз Шариф, Пәкістан Мұсылман лигасының жетекшісі. Равалпинди, 7 мамыр 2013 жыл

Пәкістанда өткен парламент сайлауында бұрынғы премьер-министр Наваз Шариф бастаған партия жеңді. Шариф үкіметті үшінші рет басқармақ. Ол құратын үкіметтің сыртқы саясаты қандай болмақ?

Сарапшылар 63 жастағы Наваз Шарифтің Пәкістанның ішкі және сыртқы саясатын қалай өзгертетінін түрліше болжайды.

ТАРИХИ САЙЛАУ

Пәкістанға көрші елдер мен ғаламдық державалардың өкілдері Пәкістан Мұсылман лигасының жетекшісі Наваз Шарифті мамырдың 11-і күні өткен парламент сайлауында жеңіп шығуымен құттықтап жатыр. Олар Шариф елдегі жағдайды тұрақтандырып, сыртқы экономикалық қатынастарды жақсартады деп үміттенеді.

Наваз Шариф бұған дейін, 1990-1993 және 1997-1999 жылдары екі рет премьер-министр болған. Үшінші рет үкімет басқаруға шақ тұрған Наваз Шарифті АҚШ президенті Барак Обама қолдайтынын мәлімдеп үлгерді. Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингх оны ресми сапармен еліне шақырды. Ауғанстан президенті Хамид Карзай да террорлық актілерге қарамастан сайлау өткізген Пәкістан халқын құттықтады.
Наваз Шарифтің жақтастары жеңістерін тойлап жатыр. Пәкістан, Лахор, 12 мамыр 2013 жыл.

Наваз Шарифтің жақтастары жеңістерін тойлап жатыр. Пәкістан, Лахор, 12 мамыр 2013 жыл.


Пәкістандағы парламент сайлауын сарапшылар тарихи оқиға деп бағалайды. Олардың айтуынша, "Бұл - Пәкістанның демократияға қарай басқан алғашқы қадамы". Елдің 66 жылдық тарихында алғаш рет бір үкімет мерзімін толық атқарып болып, сайлау арқылы екінші үкімет құрылғалы тұр.

Саяси шешімдерді қабылдаудың тәртібіне өзгеріс енгізген бұл сайлаудан кейін Пәкістанның сыртқы саясаты мен елдегі демократияның дамуына қатысты түрлі болжамдар айтыла бастады.

САЙЛАУДА АЛҒА ШЫҚҚАН ҮШ МӘСЕЛЕ
Елдің 66 жылдық тарихында алғаш рет бір үкімет мерзімін толық атқарып болып, сайлау арқылы екінші үкімет құрылғалы тұр.

Пәкістан ішкі саясатындағы ең үлкен қауіптің бірі - "исламшыл қарулы топтар". Сайлау науқаны кезінде олар жасаған жарылыстардан 100-ден аса адам қаза тапты. Террорлық әрекеттерді «Техрик Талибан Пәкістан» тобы жасады деген ақпарат бар.

Екінші мәселе - сайлау кезінде көрші елдер мен Батысқа қарсы үндеулер ашық айтылды. Бұл Пәкістанның сыртқы саясатына өзгеріс әкелуі мүмкін бе?

Үшінші мәселе - 2014 жылы Батыс әскері көршілес Ауғанстаннан кетеді. Жаңа үкімет аймақтағы тұрақтылықты сақтауға қаншалықты үлес қосады?

ІШКІ САЯСАТТАҒЫ БАСТЫ БАҒЫТ

Исламабадта тұратын саяси сарапшы Айша Сиддики ханымның айтуынша, "Исламшыл қарулы топтардың сайлау науқанына әсері өте үлкен болған". Сондықтан сайлауалды насихатында Шариф оларды қатты қысымға алуды, АҚШ әскери күштерімен бірігіп шабуылдауды тоқтатуға уәде берген.

Ал Карачи қаласының журналисі Гази Салахаддин "Талибан" қозғалысының сайлауда жасаған шабуылдары сайлаудан кейін тыншиды" дегенге сенбейді.
Солдаттар сайлау науқаны кезінде қауіпсіздікті бақылап тұр. Пәкістан, Карачи, 10 мамыр 2013 жыл.

Солдаттар сайлау науқаны кезінде қауіпсіздікті бақылап тұр. Пәкістан, Карачи, 10 мамыр 2013 жыл.


Ол «сайлаудан кейін де терроризмге қарсы күрес ішкі саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қалуы керек» дейді.

- Сайлаудан кейін саясаткерлер шынайы өмірге қайтып оралады. Сол кезде бәрібір олар бұл мәселені аттап өте алмайды. Олар "Талибан" қозғалысының әрекеттеріне қалай жауап беру керек?" деген сұраққа тіреледі. Меніңше елдегі жағдай өзгермеген күйі, адам шошырлық жағдайда қала береді, - дейді журналист.

СЫРТҚЫ САЯСАТ ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАР

Наваз Шариф елдің сыртқы саясатын қауіпсіздік қызметінен өз қарамағына алғысы келетінін байқатты. Пәкістан қауіпсіздік қызметі бұл сайлауға дейін елдің сыртқы саясатын жүргізіп келе жатқан еді. Алайда Шарфитің сыртқы саясат тұтқасын өз қолына алу қадамдарының сәтті-сәтсіз болатыны әзірге белгісіз.

Үндістан

Шариф "Үндістанмен қарым-қатынастардың бейбіт арнаға түскенін қалайтынын" мәлімдеді. Отставкадағы генерал, қауіпсіздік саласындағы сарапшы Талат Масуд:
Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингх (оң жақта) пен Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Үндістан, 12 қараша 2012 жыл.

Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингх (оң жақта) пен Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Үндістан, 12 қараша 2012 жыл.


- Бұл Шарифтің Үндістанмен арадағы жағдайды жақсартуға шешім қабылдағанын көрсетеді. Ендігі мәселе Үндістанға қарап тұр. Үндістандықтар Шарифті біледі, сондықтан оған сенеді. Бірақ Шарифтің бұрынғы жоспарларына әскерилер бөгет болған еді, - дейді.

АҚШ

Пәкістандық сарапшы Ахмед Рашидтің айтуынша, "Жаңа үкімет АҚШ-пен арадағы өзара пайдалы қарым-қатынастарды жалғастыра береді".

Оның ойынша, "Шариф сайлау науқаны кезінде АҚШ-қа қарсы риториканы пайдаланды. Сайлаушыларға АҚШ-пен біріккен терроризмге қарсы күресті тоқтатуға уәде берді. Бірақ ол Пәкістанның АҚШ-тан экономикалық көмек алуы және Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктен несие алу үшін АҚШ-тың қолдауы керек екенін жақсы біледі".

- Шариф - істің адамы. Ол АҚШ-тың терроршыларға қарсы әуе шабуылдарын жасай беретінін түсінеді. Сондықтан ол АҚШ-тың бұл шабуылдарын Пәкістан мүддесіне пайдалануға тырысады, - дейді сарапшы.

Ауғанстан

Рашидтің айтуынша, Шариф Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысы мен АҚШ-тың арасында бітімгер рөлін атқара береді.
Хусейн Хаккани. Прага, 8 маусым 2010 жыл.

Хусейн Хаккани. Прага, 8 маусым 2010 жыл.


- Ол (Шариф - ред.) Ауғанстан Талибаны мен Карзайдың (Ауғанстан президенті - ред.) және америкалықтардың өзара келісімге келгенін қалайды. Сондықтан Дохада Талибанның да, АҚШ-тың да кеңсе ашуына ықпал етуді көздейді, - дейді ол.

Бірақ Пәкістанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Хусейн Хаккани «Шарифтің Ауғанстан мәселесіне ықпалы күшті болмайды. Пәкістанның Ауғанстанға қатысты саясатын әскерилер анықтайды» деген болжам жасайды.

Иран және Сауд Арабиясы

Шариф - Сауд Арабиясының одақтасы. Ол қуғында болған 7 жылда король отбасымен тығыз қатынас орнатқан. Бірақ оның араб әлемімен достығы аймақтағы бәсекеге құлшына кірісіп отырған Иранмен арадағы қарым-қатынастарға әсер етпейді.

Сарапшы Ахмед Рашидтің айтуынша, сайлау кезінде Шариф Иранға қарсы сөздер айтқанына қарамастан, ол Иранмен арадағы миллиардтаған доллар тұратын газ келісімдерінен бас тарта алмайды.
Сайлаудан кейін ойланып отырған Наваз Шариф. Лахор, 13 мамыр 2013 жыл.

Сайлаудан кейін ойланып отырған Наваз Шариф. Лахор, 13 мамыр 2013 жыл.


- Шариф Араб әлемі және Иранмен қарым-қатынас жасағанда тепе-теңдікті сақтауға тырысады. АҚШ-тың Иранға жариялаған санкцияларына қатысқысы келмейді. Ол Иранның Пәкістанға газ жеткізетін ең жақын көрші мемлекет екенін біледі. Оның үстіне газ мәселесі Пәкістанда әлі шешілмеген, - дейді Рашид.

Қазір барлық тараптар Исламабадтың сыртқы және ішкі саясаттағы алғашқы қадамдарын жіті бақылауға көшті.
XS
SM
MD
LG