Accessibility links

Пәкістанда ұмыт қалған ауған босқындары


Пәкістандағы ауған босқындары лагері.

Пәкістандағы ауған босқындары лагері.

Совет әскері Ауғанстаннан шығып кеткелі 25 жыл өтсе де соғыстан қашып, Пәкістан жерін паналаған ауғандар босқындар лагерінде әлі күнге тұрып жатыр.

Азық-түлік сататын шағын дүңгіршектің қасына таныстарымен бірге келген Сұлтан Гул күндердің күнінде Ауғанстанға қайтқысы келетінін айтады.

«ӘРКІМ ӨЗ ОТАНЫН СҮЙЕДІ»

Совет-ауған соғысы басталған кезде оқ пен оттан уақытша бас сауғалап келген ол көршілес Пәкістанда өмір бойы қалып қойды десе болады.

Гул – 1979-89 жылдары болған соғыстан қашқан миллиондаған ауғандықтың бірі. Совет Одағының ең соңғы солдаты Ауғанстан аумағынан шығарылғанына тура 25 жыл болса да, ол сол күйі өз отанын қайтып көре алмады.

Сұлтан Гул.

Сұлтан Гул.

Исламабад пен Пешавардың арасында орналасқан Акора Хаттак лагері оның "өз жеріне" айналып кеткелі қашан.

- Әркім өз елін сүйеді. Біз де өз елімізді жақсы көреміз және сол топырақтың перзенті екенімізді естен шығармаймыз. Бірақ дәл қазір ол жақта тұрудың қисыны жоқ. Мүмкіндік бола қалған жағдайда біз елге көшіп барамыз, оның сәті түспесе, осында тұра береміз, себебі бұл да – бауырлас мұсылман мемлекеті, - дейді Гул.

ТАМЫР ЖАЙҒАН ОТБАСЫ

Осылай деген Гул тізесінен төмен киген протезін шешіп қойды. Өзінің айтуынша, ол совет минасын басып кетіп, аяғынан айырылыпты. Муджахедтер соғысып жүріп минаға түсті ме, әлде жай мал бағып жүріп аяғынан айрылды ма - ол туралы ешқашан айтпайды. Өзге босқындар сияқты ол да бұрынғы өмірі туралы тіс жармауға тырысады.

Сол үндемеудің арқасында Ауғанстанда ондаған жылдар бойы жүрген соғыстың әр кезеңінде әр тараптан босып келген лагерь тұрғындары «шәй» деспей тату тұрып жатыр. Мұнда совет әскерін қолдаған муджахедтерден бастап, «Талибанның» билікке келіп, 2001 жылы ол құлаған кезеңдердің, қазіргі партизандық ұрыстың да «құрбандары» бар.

Акора Хаттак лагері.

Акора Хаттак лагері.

НАТО әскері жыл соңына дейін Ауғанстаннан шығарылады. Содан кейін ел ішінде тәртіпсіздік қайта бастала ма деген қауіп бар. Бірақ Гулдың еліне қайтуына кедергі болып отырған себеп жалғыз бұл емес. 2002 жылдан бері 3 миллион 800 мың босқын Ауғанстанға қайта көшіп кеткен. Ал екі әйелі, он екі баласы бар, үрім-бұтағы осы лагерьде терең тамыр жайған ол бұл аймақтан оңай кете алмайтын болып тұр.

Сұлтан Гулдың екі қызы тұрмыста, ал қалған балалары босқындар лагеріндегі мектепке барады. 16 жастағы үлкен ұлы қара жұмысшы болып еңбек етіп, отбасына көмектеседі. Лагерь тұрғындары тек осындай жалдамалы жұмыстарды істей алады.

КӨМЕК ТЕ, ҚҰЖАТ ТА ЖОҚ

Гулдың жасындағы жігіт ағалары «босқындар лагеріндегі жағдай бұрын бұдан анағұрлым жақсы болған еді» деп еске алады. Совет соғысы үдеп тұрған тұста муджахедтерді қолдаған елдер босқындар лагеріне қайырымдылық көмектің неше түрін үнемі жіберіп отырған. Ең ірі донор ел саналған Сауд Арабиясы мұсылман мерекелері кезінде құрбандыққа шалынған мал елтін тонналап жіберіп жататын. Басқа елдер киім-кешек пен көрпе-жастық жіберетін.

Ал қазір Пәкістанның түкпір-түкпірінде шашырап жатқан 1 миллион 600 мың ауған босқыны өздерінің назардан тыс қалғанын айтып қынжылады. 2001 жылдан бері болған түрлі әскери қақтығыстардың кесірінен халықаралық қауымдастық бұл Хадж Абдул Шакур.

Хадж Абдул Шакур.

мәселеге мүлде көңіл аударуды қойды. Пәкістан үкіметі олардың қоғамға етене араласуына барынша күш салып жатқанымен, бұл топтар әлі де жергілікті жұртқа сіңіп кете алмай отыр. Олар осының кесірінен Пәкістаннан кеткісі келеді.

Совет соғысынан келе жатқан және бір босқын Хадж Абдул Шакурдың айтуынша, ол үшін басты проблема – құжатының болмауы. Ол сияқты босқын картасымен ғана күн кешіп жатқандар көп.

- Біз тіпті SIM-карта да сатып ала амаймыз. Ұялы телефонмен сөйлесетін SIM-картаны Пәкістан азаматының атына тіркетіп қана аламыз. Бізге қажылыққа баруға да болмайды. Басқа ешқандай жеңілдіктеріміз жоқ. Қысқаша айтсақ, біз – ешқандай құқығы жоқ босқынбыз. Әрине, бізге уәде беріп жатқандар көп, ал іс жүзінде біздің ешқандай мәртебеміз жоқ, - дейді Шакур.

ЛАГЕРЬДЕ ТУЫП-ӨСКЕНДЕР

Лагерь алғаш босқындар қоныстана бастаған 1980 жылдардағыдай шатырлардан тұратын қалашық емес. Осы аралықта мұнда саз балшықтан салынған жер үйлер бой көтерді, көпшілік мұны көрші жатқан Акора Хаттак қаласының жалғасы деп ойлап қалады.

Бірақ анықтап қарасаңыз, лагерьдің басқа елді мекендерден оқшау жатқанын байқайсыз.

Лагерь тұрғызылғалы 40 жылға жуық уақыт өтсе де, мұнда электр жарығынан басқа ешқандай инфрақұрылым жоқ. Жаңбыр жауған күндері шалшық су үй-үйдің арасынан жылғаланып ағады.
Елімді өмірімде екі-ақ рет көрдім. Біз елге қайтқымыз келеді, бірақ ол жақтағы жағдай өте нашар.

Мұнда өз отанын, босқындар лагерінен басқа өңірді көрмеген жас ұрпақ өсіп келеді. 22 жастағы Мұхаммед Юсафтың айтуынша, оның ата-әжесі және әке-шешесі Акора Хаттак лагеріне көшіп келген, ал өзі туғалы осында тұрып жатыр.

- Мен осы лагерьде дүниеге келдім, туған елімді өмірімде екі-ақ рет көрдім. Біз елге қайтқымыз келеді, бірақ ол жақтағы жағдай өте нашар, кәпірлер келіп, елімізді жаулап алған, - дейді ол.

(Халид Хан мен Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG