Accessibility links

Белгілі пуштун әншісі сахнаға қайта оралмақ


Белгілі пуштун әншісі Назия Иқбал.
Белгілі пуштун әншісі Назия Иқбал.

Өнер жұлдызы өзін қоқан-лоқы жасаушылар "балаларыңды ұрлап әкеттік" деп қорқытқан соң сахнадан кетемін деп жариялауға мәжбүр болғанын айтады.

Пуштун тілінде ән салатын белгілі әнші Назия Иқбал биылғы қаңтар айында кенеттен сахнадан кетемін деп мәлімдеген еді. Енді ол мұндай сөзді "балаларыңды ұрлап әкеттік" деп өзіне қоқан-лоқы жасаған белгісіз адамдардың қысымынан соң айттым деп хабарлады.

Азаттық радиосының Пәкістан қызметіне берген сұхбатында Назия өзіне қандай қысым жасалғаны туралы, сахнаға қайта оралу жоспары жайында әңгімелеп берді.

Назия әншілік карьерадан бас тартам деп мәлімдеген кезде оның өнерін құрметтейтін көпшілік қауым пушту тілді үздік әншілердің бірінен айырыларына сенбей аһ ұрып қалған еді.

Енді бірнеше ай өтісімен 32 жасар өнер жұлдызының балаларының қауіпсіздігі үшін ғана мұндай сөз айтқаны белгілі болды. Жанкүйерлер Назияның келесі концертіне баруға асық.
Олар маған екі баламды ұрлап әкеттік деді. Мені ән айтудан кетем деп жариялауға мәжбүрледі.
Назия Иқбал бопсалауға ұшырап, жалған түрде сахнадан бас тарту туралы мәлімдеме жасауға мәжбүр болғанын айтты.

- Мұндай қоқан-лоқыны естіген кезде мен Дубайда едім. Олар маған екі баламды ұрлап әкеттік деді. Мені ән айтудан кетем деп жариялауға мәжбүрледі. Сол себепті көп алдында хабарландыру жасадым, - дейді ол.

Әншінің сөзінше, қоқан-лоқы жасаушылар оған өнерден кетіп, дінге бет бұрам деген мазмұнда көп алдында мәлімдеме жасауды талап еткен.

Оның Дубайда қаңтар айында тікелей эфирде өтіп жатқан концертінің үстінде көрермендерге музыканы тәрк етіп, Пәкістанға барып медресе ашумен айналысам деп айтуына тура келген.



Азаттық радиосы Назияның балалары рас ұрланды ма және аман-есен босатылды ма деген сауалдарға қосымша ақпарат көздерінен нақты мәлімет ала алмады.

Пәкістанның Сват аймағынан шыққан Назия Иқбал пуштун халқының жезтаңдай әншілерінің бірі болып саналады.

Оның пушту, урду, парсы және пенджаби тілдеріндегі ән жинақтары Пәкістанның солтүстік-батысы мен Ауғанстанға кең тараған.

Оның қаңтар айындағы мәлімдемесін кейбір жергілікті мамандар "пуштундардың ұлттық трагедиясы" деп атаған болатын.

Қазір Дубайда тұрып жатқан Назия Иқбалдың айтуынша, оның өнерін сүйетін кейбір жұрт, тіпті Хайбер-Пахтунхва провинциясының ресми өкілдері қаңтардан бері сахнаға оралуын өтінген.

Әнші болашақ концерттері туралы нақты мәлімет бермеді. Бірақ бұдан былай әнші күйеуі Джава Фаза мен музыкант әріптесі Рахим Шахпен бірге ғана өнер көрсететінін айтты.

(Материалды әзірлеуге Азаттық радиосы Пәкістан қызметінің журналисі Фарханда Вазир қатысты).
XS
SM
MD
LG