Accessibility links

Пәкістандағы «мұсылмандық құндылықтар» Вина Малик деген атпен белгілі адуынды актриса тарапынан сынға ұшырады. Оның мүфти Абдул Кавимен арада болған пікірталасы миллиондаған телекөрермендердің назарын аударды.


Консервативтік әлеуметтік орта қалыптасқан елде Вина Малик сияқты тележұлдыздарға, я сән көрсету саласындағы танымал тұлғаларға мораль үйрету діни парыз сияқты қабылданады. Бірақ, Оңтүстік Азияға белгілі бола бастаған тележұлдызға қалай жүріп-тұруды үйретпек болған белгілі діни тұлға күтпеген жерден өзі шабуылға ұшырады. Қызды-қыздымен Вина Малик пәкістандық діндар топтар үшін жабық тақырыптарды тікелей эфирде көтеріп тастады. Актриса жалпы молдаларға қаратып «медреселеріңде өздерің оқытатын жас шәкірттерді зорлайсыңдар, керек болса одан да зорын жасайсыңдар» дей келе «мені сотқа беретіндеріңді біліп, әдейі айтып отырмын. Сотта айыптарың ашылсын деген оймен» деп салды.

ДАУЛЫ ТҰЛҒА

Мұндай диалог соттың, я қазының алдында емес, Лахордағы телестудияда өтті. 27 жасар шешен актриса мен белгілі діни қайраткер мүфти Абдул Кавидың арасындағы уытты пікірталас дәл осы жерде жалпы жұртқа жария болды.

Теледиалогтың басында мүфти актрисаның Үндістанда өткен атақты телешоу хабарындағы жүріс-тұрысын сынап, ұялтпақ болған еді. «Әрісі Исламды берісі Пәкістанды масқара қылдың»деп айыптаған болатын. Алайда Кави хазірет артынан Вина Маликтің бір де бір шоуын көрмегенін мойындауға мәжбүр болды.
Медреседе оқитын балалар. Исламабад, 1 тамыз 2011 жыл

Вина Маликтың моралдық бет-бейнесі мен жауапкершілігі туралы даулы телехабар миллиондаған пәкістандықтарды телевизорға байлап тастады. Әртіс қыздың атақты дін қызметкеріне батыл түрде қарсы шығып, оны ауыз аштырмай сөзбен союы елдің төбесінен жай түскендей әсер етті.
Вина Малик (азан шақырып қойған аты Захида) Пәкістанда өте-мөте әйгілі тұлға. Әртістің қолдаушылары оны әйелдер құқығы үшін күресетін Ислам ұйымы ретінде қалыптасып келе жатқан топтың жас жетекшісі ретінде мақтан тұтады.

Оған қарсы шығушылар – консервативті діни тұлғалардан құралған топтар, ұлтшылдар, талибаншылар және Facebook-тағы «Мен Вина Маликты жек көрем» атты парақшаға жазылған 13 мың адам.
Актрисаның Үндістандағы Big Boss 4 реалити-шоуына жуық арада қатысып келгені «жеңіл мінезді жақтырмайтын» жамағаттың әңгімесіне біраз тамызық болды. Осы алып-қашпа әңгімеге сүйеніп Вина Маликты жерден алып, жерге салғысы келген мүфтидің күтпеген тойтарысқа ұшырауы Пәкістандағы телевизия тарихына енді.

Қаңтар айында осы хабарды түсірген Express News телеарнасының продюсері Мариям Әлидің актриса туралы пікірі оның діни қызметкермен арадағы тартысын көрген соң өзгеріп сала берген. «Ол екіжүзді емес, қалай болғанда да» деп жазады продюсер e-mail сұхбатында. Мариям өзі және өзінің араласатын достарының Винаға көзқарасы туралы айта келіп, «олардың оны ұнатуы да мүмкін, жаратпауы да мүмкін» деп ашық айтты.

«ОЙЛАНЫП ҮЙРЕНІҢДЕР!»

Вина Маликтың Пәкістандағы белсенді әйелдерден құралған саны аз болса да, табиғаты әртүрлі топтардың арасында беделі өте күшті. Олардың арасында бұрынғы премьер-министр Беназир Бхутто да болған. Қазіргі жас жетекшілерінің бірі - қастандықтан қаза тапқан, діни азшылықтардың құқығын жақтап келген Пенджабтың бұрынғы губернаторы Салмир Тасирдің қызы, әлі таныла қоймаған Шехрбану Тасир. Ол жуықта әкесінің қызметіне қолдау көрсетіп, басына қауіп төнсе де, оның ізбасары болам деп мәлімдеді.

Өзіне қатысты Вина Малик былай дейді: «Маған пәкістандық әйелдерден қаншама зор қолдау жетіп жатқанына сенбеуіңіз де мүмкін. Тұмшаланып пәренже киіп алған әйелдердің өзі маған тілектес». Ол өзіне келіп түскен «сен бізге өзімізді қорғауға күш-қуат, үміт бердің» деген мазмұндағы хаттарға сілтеме жасайды.
Пәкістандық әйел құқығын қорғаушылар шеруге шықты. Лахор,7 наурыз 2011 жыл

Оның ойынша Пәкістандағы ахуал қазірдің өзінде өзгере бастаған сыңайлы. Алайда ішкі саяси қақтығыстарға белшеден батқан Исламабад пен жылма-жыл өршіп бара жатқан қарулы бүлікшілермен бетпе-бет кеп тіресіп тұрған мемлекет жағдайында «әйелдерге өздерінің өмірі жайлы ойланып шешім қабылдайтын кез келді. Себебі Пәкістанда ешкім олардың қамын жейін деп тұрған жоқ» деп санайды актриса.

Жоғарыда айтылған теледиалог эфирге шығысымен көп ұзамай Вина Малик күмәнді жағдайда жол апатына ұшырап, жараланып, қалды. Ауруханаға түскесін ол Дубайды паналауға мәжбүр болды. Ол жақта актриса Азия бойынша тағдырлары талқан болып, өздерінің от басы, ошақ қастарында түрлі қорлық көріп жатқан әйелдерге көмектесу үшін құрылған «Әйелдер үні» деген қайырымдылық ұйымының жұмысын жалғастырып жатыр.

Әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы Пәкістанда етек алған ескі проблема. Жыл сайын 1000-ға жуық әйел заты «отбасының абыройын төккені үшін» жақын туысының қолынан қаза табады. Зерттеулерге сүйенсек, бес әйелдің төртеуі өз үйінде қорлықпен өмір кешеді.

ҚАРСЫ ТҰРУ

Винаға бұның бәрі таңсық емес. Актриса Равалпинди қаласында жеті балалы кедей отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп өскен. «Әкемнің шешемізді тамақ үшін талай мәрте сабағанын көрумен өстім. Тамақты уақытында дайын қылмадың деген секілді майда-шүйдемен анамызға күн көрсетпейтін» дейді. «Мен есімді біле бастағанда әкеміз 14 жасар үлкен әпкемді тұрмысқа беріп жіберді. Екінші әпкем 11 жасқа жете бергенде ол да басқа үйдің табалдырығын аттауға мәжбүр болды. Мен алтыншы сыныпқа өткенде әкем маған келіп «енді сенің кезегің» деді. Мен қарсы шықтым. Ол кезде бар болғаны 12, 13-ақ жаста едім. Мен: «Жоқ! Мен не себепті күйеуге тиюім керек? Тұрмысқа шыққым келмейді!» дедім. Әкем болса «Жоқ шығуға тиіссің» деп қысым жасады. Мен өмірімде бірінші рет өз шешімімді қорғап қалдым».
Вина Малик, пәкістандық тележұлдыз

Винаның айтуына қарағанда оның әкесі зейнет демалысына шыққан әскери болған. Әкесі қызына ары қарай оқытатын ақшам жоқ деген. Қызы амалсыз мектепте жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болған. 17 жасқа толғанда шоу бизнесте бағын сынамақ болады. Әлбетте оның бұл шешімі туыстары тарапынан ақылға сыймайтын ұят іс болып саналады.

Актриса 20 жасында бірінші рет ғашық болады. Алып-қашпа әңгіме жетіп артылады, алайда қазір ол ғашығымен байланысы үзілген. Өзінің айтуынша, бұрынғы жігітінің зорлық әрекетінен кейін одан іргесін аулақ салған.

Бірақ, осы өмірлік тәжірибесінен соң Вина Малик пәкістандық әйелдердің хақын қорғау ісіне белсенді түрде араласа бастайды. «Мен оларға былай дегім келеді. «Сендер сұлусыңдар, әрі мықтысыңдар, сондықтан әйел болғандарың үшін ғана еңселерің езіліп, еркектің көлеңкесінде қалмауларың керек. Оларға өздеріңді асырау үшін ерлерге қарап телміріп отырмаңдар деп айтылуы керек. Қыз-келіншектерге қаншалықты әлеуетке ие екендіктерін естірту ләзім. Бұл әйелдер шын мәнінде өздерінің қаншалықты жасампаз екендерін білмейді» дейді актриса.

ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ

Оның мүфти Абдул Кавимен жұрт алдында шарпысуы алдын-ала ескертілмеген шара болды. «Маған сұқбатқа оның қатысатыны туралы ешкім ескерткен де жоқ» дейді актриса.

«Студиядан шыққан кезде жұрт мені өлтіріп кете ме, я болмаса қуана қарсы ала ма, ол жағы мен үшін белгісіз болды» дейді ол.
27 жасар жұлдыз Вина Малик Пәкістандағы халықтың үштен екісін құрайтын жасы 30-ға толмаған көпшілікке жатады.

Пәкістан консервативтік құндылықтар мен дәстүрдің құрсауындағы қоғам болса да, ағылшын тілі мен арзан қазіргі замандық технология тез тарағандықтан Батыспен емін-еркін байланысқа түскен ел.
Медресе ұстазы мен шәкірті. Равалпинди, 29 маусым 2010 жыл

Пәкістанның Карачи қаласында оқып жүрген 19 жасар Сирадж Әли «Мүфти туралы Маликаның пікірі дұрыс деп есептеймін, менің достарым да оны қолдайды» дейді. Ол өзінің құрдастарының көбі бұлай деп санамайтынын, себебі қалай болғанда да жастардың көбі «Талибанның» ықпалына ұшырағанын айтады.

Енді біреулері елде жақсы өзгерістер жүріп жатыр деп сенеді. Жақында Массачусетс технологиялық институтының Үздік өнертапқыштар тізіміне ілінген пәкістандық Омар Саиф есімді 33 жасар профессордың ойынша Вина Маликтың буыны Пәкістанды өзгертеді.

«Пәкістанның да күні туды, көптеген ұлттар қажетсінгендей ендігі ұрпақ модернизация, саяси сауаттылық, саяси төзімділік заманына, ағартушылық кезеңіне қадам басады» деп түйіндейді ойын профессор. «Өзге әлем үшін кәнігі нәрсеге айналған өркениет жолымен қауышамыз деп үміттенем» дейді ол.

Вина Маликтың молдамен тілдесуі өркениетті, төзімді пікірталастың жарқыраған мысалы бола қоймас. Бірақ, дегенмен Пәкістан үшін бұл қадам дұрыс па, әлде қате ме деген сұрақ көптің көңілін толқытып тұр.


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG