Accessibility links

Паралимпиада туралы қызықты мәліметтер


Ирактың паралимпиадалық атлеті Жавад Қасым. (Көрнекі сурет)

Ирактың паралимпиадалық атлеті Жавад Қасым. (Көрнекі сурет)

Лондонда тамыздың 29-ы күні басталатын паралимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың ішінде терактіден зардап шеккендер де бар.

Паралимпиада ойындарына 166 елден 4 мың 200 спортшы қатысады. Жарысқа арналған 2,5 миллион билет сатуға түсті.

1948 жылы Ұлыбританиядағы Сток Мандевиль емханасының дәрігері Людвиг Гуттман екінші дүние жүзілік соғыстан мүгедек болып оралған ағылшын ардагерлерін жинап, спорт жарыстарын ұйымдастырады. Бұл жарыс олимпиада ойындарымен тұспа тұс келеді.
Палестиналық паралимпиадашы Хамис Закот (сол жақта) басқа да мүмкіндігі шектеулі спортшылармен бірге жаттығады. Газа қаласы, 28 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Палестиналық паралимпиадашы Хамис Закот (сол жақта) басқа да мүмкіндігі шектеулі спортшылармен бірге жаттығады. Газа қаласы, 28 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


1952 жылдан бастап Сток Мандевиль ойындары ретінде мүгедектер арасындағы жарыс жылда ұйымдастырылатын болды.

Араға сегіз жыл салып Халықаралық олимпиада комитеті Римде өткен олимпиада ойындарынан соң мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы олимпиаданы да өткізіп, оған «Паралимпиада» деген мәртебе берді.

Алғашқы ресми паралимпиадаға 23 елден 400 спортшы қатысты.

Римдегі паралимпиадаға тек мүгедектер арбасына таңылған спортшылар ғана қатысты. Ал 1976 жылдан бастап әртүрлі жағдайда жарымжан болған азаматтар да паралимпиадаға қатыса бастады.

Паралимпиадаға қатысатын спортшылар бірнеше топқа бөлінеді: мүгедектер арбасына таңылғандар, қолы немесе аяғы жансыз адамдар, ақыл-есі кем жандар, зағиптар. Мүгедектер олимпиадасына ұмытшақтықпен ауыратын, бет әлпеті бұзылған, еріндері қоянжырық болып туған адамдар да қатыса алады.
Теннисші, түркиялық паралимпиадашы Мүхаммед Қасым (ортада). Түркия, 18 тамыз 2012 жыл.

Теннисші, түркиялық паралимпиадашы Мүхаммед Қасым (ортада). Түркия, 18 тамыз 2012 жыл.


Мүгедектер арбасында отырғандар көбіне семсерлесу, регби, баскетбол жарыстарына қатысады. Қылыштасу үшін арнайы қозғалуға оңай арба да дайындалады.

Шағын футбол мен қол добын (гандбол) көзі нашар көретін жандар ойнайды. Футбол мен гандбол добына арнайы дыбыс шығаратын құрылғы орнатылады. Спортшылар доптың қайда жүргенін осы дыбыс арқылы анықтайды. Бір қызығы, көзі әр түрлі деңгейде көретін спортшыларға (алыстан және жақыннан көргіштік) арнайы линза да кигізіледі.

Ал аяғы жоқ спортшылар волейболды отырып ойнайды. Бұл волейболды 1950 жылы Голландияда соғыстан мүгедек болып қалған солдаттар ойлап тапқан. Мұнда волейбол торының биіктігі бір метрден аспайды. Отырып ойнайтын волейболдан Иран бес рет алтын алса, Босния және Герцегевина бір мәрте чемпион атанған. 2008 жылы Пекиндегі паралимпиадада ирандық волейболшылар жеңіске жетті, Ресей – күміс, Босния және Герцегевина қола алған.
Лондонда өтетін паралимпиада ойындарына дайындалып жатқан босниялық спортшылар.

Лондонда өтетін паралимпиада ойындарына дайындалып жатқан босниялық спортшылар.


Отырып ойнайтын волейболдан Ұлыбритания құрамасының ойыншысы Мартин Райттің екі аяғы да жоқ.

Ол 2005 жылы жетінші шілдеде Лондон метросында болған теракті кезінде екі аяғынан айырылған. Мартин Райт сау кезінде шаңғы спортымен айналысқан еді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG