Accessibility links

Парижде журналға шабуылдан 12 адам өлді


Француз полициясы Парижде сатиралық журналдың редакциясына жасалған қарулы шабуыл салдарынан кемінде 12 адам мерт болғанын растады.

Франция билігінің хабарлауынша, сатиралық Charlie Hebdo журналының Париждегі кеңсесіне 7 қаңтар күні жасалған қарулы шабуыл салдарынан 12 кісі өліп, жиырмаға жуық адам жараланған.

Редакция маңында тұрған қарулы қара киінген екі адам. Париж. 7 қаңтар 2015 жыл.

Редакция маңында тұрған қарулы қара киінген екі адам. Париж. 7 қаңтар 2015 жыл.

​Франциялық AFP ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, мерт болғандардың екеуі полицей, біреуі журналист. Ал жарақат алғандардың алтауының халі нашар. 40 адам шабуыл аймағынан құтқарылған.

Қаза тапқандардың қатарында журналдың шеф редакторы Стефан Шарбонье және карикатуристтер Жан Кабу, Жорж Волынски және Бернар Верлак бар.

Куәгерлердің бірі жергілікті БАҚ-қа екі қара киінген адамның журнал редакциясы орналасқан ғимаратқа Калашников автоматтарын ұстап кіргенін, бірнеше минуттан соң атыс естілгенін айтты. Сосын қарулы адамдар ғимараттан шығып кеткен. Кейін Франция ішкі істер министрі Бернар Казнев "шабуылды үш адам жасады" деп мәлімдеді.

Тағы бір куәгер French Europe 1 радиосына берген сұхбатында шабуылдаушылардың бірі кетіп бара жатып, «пайғамбар кек қайтарды» деп айғайлағанын айтқан.

Редакцияда болған журнал суретшілерінің бірі бетін бүркеген шабуылшылар француз тілінде өте таза сөйлегенін айтты.

Франция президенті Франсуа Олланд шабуыл болған редакция маңына келді. Париж, 7 қаңтар 2015 жыл.

Франция президенті Франсуа Олланд шабуыл болған редакция маңына келді. Париж, 7 қаңтар 2015 жыл.

Шабуыл болған аймаққа Франция президенті Франсуа Олланд келіп, «бұл қатігездікпен ұйымдастырылған терракт. Біз Елисейде кездесіп, осындай жағдайлар қайталанбауын қарастырамыз. Алдағы уақытта сақтық шараларын күшейтеміз» деп мәлімдеді.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон «бұл жиіркенішті жағдай» деді. Франция прокуратурасы шабуыл жасағандар бостандықта жүргенін мәлімдеді.

Германия канцлері Ангела Меркель "бұл әлем баспасөзі мен сөз бостандығына жасалған шабуыл" деді.

Ресей президенті Владимир Путин Франция халқына көңіл айтып, Ресей терроризмнің барлық түрімен күресуге дайын екенін жеткізді.

Франция прокуратурасы шабуыл жасағандар әлі ұсталмағанын айтты. Сондықтан Париждегі Эйфель мұнарасы, Лувр мұражайында, метро станцияларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Қарулы топ газет редакциясына келген көліктерін тастап кеткен. Көлік тексеріліп жатыр.

Еуропалық бірнеше телеарналар, радио, газеттер өз редакцияларында шабуылдан мерт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Берлин тұрғындары қаладағы Франция елшілігіне келіп, гүл қойған.

Апталық сатиралық журнал соңғы жылдары қарама-қайшылыққа толы ақпарат таратып танылған еді. Оның соңғы твитінде "Ислам мемлекеті" діни ультра-радикалдық тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді әжуалайтын карикатура жарияланған.

Дәл осы журналдың редакциясын 2011 жылғы қараша айында Мұхаммед пайғамбар туралы карикатура жариялағаны үшін әлдекімдер өртемек те болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG