Accessibility links

Қырғызстан: сайлаушы дауысына таластың соңғы күндері


Сайлауға түсіп жатқан кандидаттар жарнамасы ілінген жерден өтіп бара жатқан қырғыздың ұлттық киімін киген бойжеткендер. Беловодск ауылы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Сайлауға түсіп жатқан кандидаттар жарнамасы ілінген жерден өтіп бара жатқан қырғыздың ұлттық киімін киген бойжеткендер. Беловодск ауылы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Қырғызстандағы сайлауалды науқан мәреге таяды - 4 қазанда ел азаматтары парламент сайлауына дауыс береді. Нарын мен Ыстықкөл жағалауындағы қалалардың тұрғындары кімді таңдайды? Прагадан барған Азаттық тілшісінің рептортажы.

НАРЫН

– Біздің қала президент Атамбаевтың [Алмазбек] партиясын қолдайды, - дейді Нарын қалалық әкімшілігі ғимараты іргесінде орналасқан саябақта біз әңгімеге тартқан зейнет жасына таяған ер адам.

– Не дейсің?! Олардың бәрін қуу керек. Елді олардан гөрі жас саясаткерлердің басқаратын кезі жетті, - дейді жас шамасы қатарлас досы.

Қойған сұрағым кішігірім саяси пікірталасқа ұласқанына қуанып мен тұрмын.

– Атамбаев бізге не керегін біледі, - дейді бірінші кісі, Атамбаев президент болып сайланған соң, заңға сәйкес, Қырғызстан социал-демократиялық партиясын (ҚСДП) басқармайтынын елеместен.

– Бұрын бізде сүт зауыты, кірпіш зауыты бар еді, екеуі де жабылып қалды. Жұрт жұмыс таба алмай Нарыннан кетіп жатыр, - дейді оның досы.

Нарын облысының әкімшілік орталығы Нарын қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады, ал облыс халқының саны шамамен – 250 мың.

Нарында жолықтырған жұрттың көбі орыс тілін жетік білмейтіні маған қызық көрінді. Әлгі екі ер адамның қызу саяси дауынан кейін мен бірінің келбеті славян ұлты өкіліне, қалған екеуі – қырғызға ұқсайтын үш әйелдің жанына барып, сұрақ қойдым. Үшеуі орыс тілінде аздап сөйлегенімен, бір-бірімен мемлекеттік тіл – қырғызша сөйлесті.

Нарын қаласына кіре берісте жол бойындағы сайлау жарнамасы. 29 қыркүйек 2015 жыл.

Нарын қаласына кіре берісте жол бойындағы сайлау жарнамасы. 29 қыркүйек 2015 жыл.

Үшеуі 14 саяси партияның қайсысын қолдап дауыс беретінін әлі білмегенімен, қазанның 4-і күні сайлауға барып, дауыс беретіндерін айтты.

Жолмен түсіп келе жатып орындықта отырған 20 жас шамасындағы екі бойжеткенді көріп қалдым. «Сайлауға барып, дауыс бересіңдер ме?» деген сұраққа екеуі «төлқұжатымызды жоғалтып алдық» деп жарыса жауап берді.

Бірақ әлгі бойжеткендердің сайлауға баруға құлықсыздығына қарап, саяси партиялар Нарында тұратын сайлаушылардың дауысына таласпайды екен деп ойлауға болмайды, өйткені қалада ілінген партиялардың плакаттары мен тулары самсап тұр.

«Үкіметте жастар көбірек болуы тиіс» деген пікірді мен елдің оңтүстігіне қарағанда, Қырғызстанның солтүстік аймақтарынан жиірек естідім.

Кішкентай екі қызын ерткен ерлі-зайыптлар жұбын кезіктіріп, «сайлауға барасыздар ма?» деп сұрадым. «Иә» деп қысқа жауап берген келіншек көлікке отыруға асықты. Мен сатып алған азық-түліктерін жүк салғышқа орналастырып жатқан оның күйеуіне жақындадым.

– Иә, сайлауға барамыз. «Ата Мекен» партиясына дауыс береміз, - деді ол сөмкелерді жүк салғышқа орналастырып жатып.

«Ол партияны не үшін таңдадыңыздар?» деген сұраққа ол:

– Бұл партия бізге мектеп пен жәрдемақы мәселесін шешуге көмектесті. Енді соларға дауыс береміз, - деп жауап берді.

Мен әңгімені өрбіткім келіп еді, бірақ заттарын жүк салғышқа орналастырып болған отағасы менімен тез қош айтысты.

«Ата Мекен» партиясына дауыс береміз деген өзге тұрғындар да табылды. Кейбірі социал-демократтарды атады, бірақ өзге партияларды атаған жандарды сирек жолықтырдым.

Таудағы жайлаудан жылқы айдап келе жатқандар. Қырғызстан, 26 қыркүйек 2015 жыл.

Таудағы жайлаудан жылқы айдап келе жатқандар. Қырғызстан, 26 қыркүйек 2015 жыл.

Нарынның тағы бір ерекшелігі, елдің өзге аймақтарындағы сияқты мұнда да тұрғындарының көбі Ресей, Қазақстанға, ал кейбірі Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен. Бірақ қалада шетел көліктері мен жол талғамайтын автомобильдер қаптап жүр. Соған қарағанда, бұл қалада тұратын жұрттың жағдайы сәл жақсырақ сияқты. Мүмкін, Нарын тұрғындары қазіргі үкіметтегі партияларға сол себепті дауыс бергісі келетін шығар.

Қаланың экономикалық ахуалы туралы көлік жүргізушім Данияр былай дейді:

– Мұның себебі – Нарын облысында жылқы көп. Жылқы сатып көп ақша табуға болады.

Ал мен Нарын тұрғындары жол талғамайтын қымбат көліктерді жылқының арқасында ғана мініп жүр деп ойламаймын. Бірақ Нарын қаласы мен кейбір ауыл тұрғындарының көбі қай партияға дауыс беретінін шешіп қойғанына шүбәланбаймын.

ЫСТЫҚКӨЛ

Парламент сайлауынан бірер күн бұрын мен Ыстықкөл жағалауында орналасқан Қаракөл қаласына жол тарттым. Бір кезде қозғалыс тоқтап қалды, сөйтсек, алдыңғы жақта Қырғызстан социал-демократиялық партиясы туларын желбіреткен оннан аса көлік кетіп бара жатыр екен.

Біз Қызыл су ауылынан өтіп бара жатып «Ата Мекен» партиясы туларын желбіреткен өзге колоннаны жолықтырдық. Ал Қаракөл қаласына кіре берісте «Қырғызстан» партиясы туларын көтерген тағы бір автоколонна кездесті.

Қарақол қаласындағы сайлауалды жарнама. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Қарақол қаласындағы сайлауалды жарнама. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Ақыры кезінде 19-ғасырда өмір сүрген орыс зерттеушісі Пржевальскийдің құрметіне аталған Қаракөл қаласына жеткен кезде мен жергілікті «Онугуу-Прогресс» партиясының бас кеңсесін бірден байқадым. Ғимараттан шығып жатқан жұртты көріп, мен де солай қарай бұрылдым. Ішке кіріп, партияның үш белсендісі – жасы қырықтар мөлшеріндегі екі әйел мен 50 жас шамасындағы қырғыз кісіден партияның жоспарлары жайлы сұрадым.

Жарқын есімді келіншек «Онугуу-Прогресс» көп орын алады» деп мәлімдеді.

Оның болжамынша, партия отыз, тіпті қырық орын алуы мүмкін.

- Қырық, мүмкін одан сәл көбірек орын алады, - деп болжайды Черекбай есімді ер кісі.

Бұлай болуы неғайбіл, себебі парламентте небәрі 120 орын екенін ескерсек, әрі өзге аймақтарда тұратын жұрттан естігеніме сүйенер болсам, «Онугуу-Прогресс» партиясы дәмелі орынның жартысын алған күнде соның өзі оған үлкен сәттілік деп есептеймін. Дегенмен олар сайлау науқанын бүкіл елде белсенді жүргізген.

Қалада сан қилы партиялардың жарнамалары, тулары мен кандидаттардың бейнелері және жергілікті саясаткерлер мен партиялардың ұлттық жетекшілерінің плакаттары ілінген.

Жолыққан адамдардан естігеніме қарағанда, Қаракөл қаласындағы сайлаушылардың негізгі бөлігі сегіз не тоғыз партияға дауыс бермек. Ал өзге қалаларда жұрт төрт немесе бес партияны ғана атады.

Ыстықкөл жағасындағы ауылда ілінген сайлауалды плакаттар. 1 қазан 2015 жыл.

Ыстықкөл жағасындағы ауылда ілінген сайлауалды плакаттар. 1 қазан 2015 жыл.

Менің соңғы аялдамам – Ыстықкөлдің туристік орталығы Шолпан Ата қаласы. Соңғы кезде Шолпан Атаның өркендеп келе жатқаны байқалады. Мұнда ең алғаш 1992 жылы болғанымда қалада көз тартарлық ерекше ештеңе болмаған еді, бірақ қаланы кесіп өтетін жолдан жағажай жақсы көрініп тұрған. Енді жағалау көрінбей қалыпты, ал дәл судың іргесінде жаңа ғимараттар, мейрамхана, дүкендер мен жаңадан салынған қонақ үйлер қаптап кеткен. Сондықтан үкіметтің қазіргі құрамында отырған ҚСДП, «Ата Мекен» және «Республика – Ата Журт» партияларына дауыс беруге тұрғындардың көбі ниетті екені мені мүлде таңдандырған жоқ.

Ертең ресми науқанның соңғы күні, сондықтан қазанның 4-індегі парламент сайлауы қалай өтетінін көру үшін мен ел астанасы – Бішкекке жол тарттым.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG