Accessibility links

2030 жылы кемінде бір миллион мұсылманы бар елдер саны 79-ға жетеді


Қажылар Арафат тауы етегінде. Сауд Арабиясы. 15 қараша 2010 жыл.
Қажылар Арафат тауы етегінде. Сауд Арабиясы. 15 қараша 2010 жыл.

Вашингтонда орналасқан Pew («Пью») зерттеу орталығының болжамы бойынша, 2030 жылы әлемдегі мұсылмандар саны қазіргі 23,4 пайыздан 26,4 пайызға артады. Батыстағы дәстүрлі христиан елдерінде мұсылмандардың үлесі ұлғаяды. Ал Пәкістан Индонезияны басып озып, әлемдегі ең көп мұсылман тұратын елге айналады.


Қазір мұсылмандар басқа дін өкілдеріне қарағанда екі есе жылдам көбейіп келеді. Алдағы жиырма жылда олардың өсу қарқыны жылына 1,5 пайыз болса, өзге дін ұстанушылар жылына тек 0,7 пайызға көбеймек. Негізінен мұсылмандар тұратын елдерде бұрынғыдай емес денсаулық сақтау мен экономикалық жағдай жақсарып, жас балалардың шетінеуі азайған. Мұсылман тұрғындары көп мемлекеттердегі өмір сүру ұзақтығы да басқа дамуы кенжелеген елдермен салыстырғанда өсіп келеді.

МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ ӨСІП, ӨЛІМ-ЖІТІМ АЗАЙДЫ

Алайда, басқалар сияқты мұсылмандардың да өсу қарқыны жыл өткен сайын бәсеңдеп келе жатқанын айтқан жөн. Айталық, 1990-2010 жылдар аралығында мұсылмандар саны жылына 2,2 пайызға артып отырса, алдағы жиырма жылда жылдық өсім 1,5 пайыз төңірегінде болмақ. Мұның басты себептері – мұсылман елдерінде тұрмыстың жақсаруы, әйелдердің орта білімге қол жеткізуі және урбанизация процесінің қарқын алуы. Мұсылман саны ең қарқынды өсетін ел Америка Құрама Штаттары болмақ дейді Pew орталығының сарапшылары. Бұған себеп – мұсылмандар иммиграциясы.

2030 жылға қарай кемінде бір миллион мұсылманы бар елдер саны 79-ға жетеді. Қазір мұндай 72 ел бар. Олардың көпшілігі (60 пайыз) қазіргідей Азия-Тынық мұхит аймағында тұрады, ал 20 пайызы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада өмір сүреді. Әлемдегі халқы ең көп мұсылман мемлекеті – Индонезия Пәкістанды алға жіберіп, өзі кейін сырғиды деген болжам бар.

КӘРІ ҚҰРЫЛЫҚ «ИСЛАМДАНЫП» БАРАДЫ

Еуропа мен Америкада мұсылмандар салыстырмалы түрде халықтың аз бөлігі ғана болғанымен, олардың үлес салмағы арта береді. Соның ішінде мұсылмандарының саны ең жылдам қарқынмен өсетін елдердің бірі АҚШ болмақ. Қазір бұл елде бар болғаны 2,6 миллион мұсылман болса, енді жиырма жылда бұл көрсеткіш 6,2 пайызға жетіп, елдегі жалпы үлесі иудейлермен деңгейлес болады.

Кәрі құрылықтағы бақуатты елдерде халықтың «қартайып» бара жатқаны көптен бері үлкен проблемаға айналып, түрлі ел үкіметтерін халыққа ұнай
Германиядағы мұсылмандар. Дрезден, 1 шілде 2010 жыл.
қоймайтын қатаң әлеуметтік реформалар жүргізуге мәжбүрлеп келеді. Тек бұл үрдістің Еуропада тұратын мұсылмандарға қатысы шамалы. Жергілікті халықтың қартаюы себебінен, әрі миграцияның әсерінен жиырма жылдан соң мұсылмандардың Еуропадағы үлесі 6-дан 8 пайызға дейін артпақ. Бұл көрініс, әсіресе, Ұлыбританияда айқын білінеді. Мұндағы мұсылмандардың үлесі қазіргі 4 пайыздан 8 пайызға дейін ұлғаяды.

Христиан діні тамырын тереңге жайған елдерде Ислам дінін ұстанушылардың үлес салмағы он пайыздық межеден жоғарылап, олардың саясаттағы және қоғамдағы орнын салмақты ете түспек. Мәселен, Австрия мен Швецияда Аллаға сенушілер он пайыздық межеге жақындаса, Франция мен Бельгияда мұсылмандар саны бұл көрсеткіштен де асып түседі.

Бірақ, христиандар сияқты халі мүшкіл бола қоймаса да, мұсылмандар біртіндеп «қартайып» келеді. 1990-жылдары мұсылмандардың 75 пайызы отыздан аспаған жастар болса, қазір бұл көрсеткіш 60 пайызға төмендеген. Ал 2030 жылы мұсылмандардың 50 пайызы ғана жастар болмақ. Ең қызығы – бала туу көрсеткіші жөнінен алдыңғы қатарда тұрған елдердің бірі Иранда бала саны күрт кеми бастайды. Бұл шейіт мұсылмандардың өсу қарқынына қатты әсер етпек, себебі шейіттердің үштен бірі осы елде тұрады.

2030 жылы жаһандағы 15 пен 29 жас аралығындағы 10 адамның 3-і мұсылман болады. Ал 1990-жылдары 10-ның тек 2-сі мұсылман болатын.

ТАЯУ ШЫҒЫСТА ИРАК АЛҒА ШЫҒАДЫ

Таяу Шығыс аймағы – басым көпшілігі мұсылмандардан тұратын елдердің ең көп шоғырланған жері. Алдағы жылдары да ол осы деңгейде қалады. Израильден басқа елдердің барлығында халықтың кем дегенде жартысы – мұсылман. Ал жиырма жылдан соң аймақтағы 20 елдің 17-сінде халықтың 75 пайыздан астамы мұсылманға айналмақ.

Ислам әлемімен арадағы пікір алшақтығына қарамастан, соңғы жиырма жыл ішінде Израиль мұсылмандарының саны екі есе өскен. 1990 жылы Израиль
Палестиналық мұсылмандар рамадан айы кезінде Иерусалимдегі Әл-Ақса мешіті маңында намаз оқып тұр. 20 тамыз 2010 жыл.
тұрғындарының 14,1 пайызы Ислам дінін ұстанғандар қатарында болса, 2010 жыл бұл көрсеткіш 17,7 пайызға өсті, ал 2030 жылы халықтың 23,3 пайызы мүміндер болмақ.

Қазіргі кезде Египет, Алжир және Марокко аймақтағы мұсылманы ең көп елдердің тізімін бастап тұр. Енді жиырма жылда мұнда басқаларды кейін ығыстырып, екінші орынға Ирак шықпақ деп болжайды сарапшылар. Себебі, Иракта дәл қазір бала туу қарқыны өте жоғары.

Осы күні Африкада мұсылмандар мен христиандардың саны барабар бір ел бар, ол – Нигерия. Жиырма жылдан соң мұнда мұсылмандардың үлес салмағы басымырақ болады деп болжайды мамандар.

КАНАДАДА МҰСЫЛМАНДАР САНЫ ҮШ ЕСЕ АРТАДЫ

Ең қызық жаңалық Еуропа құрылығында болмақ. 2030 жылға қарай Еуропаның 10 елінде мұсылмандардың саны 10 пайыздан асып кетеді. Олар: Косово (93,5), Албания (83,2), Босния мен Герцеговина (42,7), Македония (40,3), Черногория (21,5), Болгария (15,7), Ресей (14,4), Грузия (11,5), Франция (10,3) және Бельгия (10,2). Бір айта кететін жайт, Ұлыбританияның мұсылмандары да 2030 жылға қарай он пайызға жуықтап қалмақшы. Яғни, Еуропа мұсылман мәдениетінің белді бір құрамдас бөлігіне айналады.

Канада да Еуропаның күйін кешеді. Алдағы жиырма жылда мұндағы мұсылмандардың саны үш есе өседі, яғни қазіргі 940 мыңнан 2,7 миллион адамға дейін ұлғаяды. Сөйтіп, жалпы үлесі қазіргі 2,8 пайыздан 6,6 пайызға
АҚШ-тағы ислам білім беру орталығы, медресе және мешіт. Хьюстон, 13 қараша 2009 жыл.
дейін артады. Канада Америка құрылығында мұсылман саны жөнінен АҚШ-тан кейін екінші болып тұрған Аргентинаны ысырады.

АҚШ-тағы жағдай сәл өзгеше. Осы күні мұндағы мұсылмандардың ішінде жас балалардың үлесі мардымсыз. Мұсылман отбасыларындағы 14 жасқа дейінгі бала саны жалпы мұсылмандардың 13 пайызын ғана құрайды. Америка мұсылмандарының көпшілігі - жақын арада осы елге қоныс аударған сүрбойдақтар. Алдағы жылдары олар үй болып, ұрпақ сүйе бастағанда, жас мұсылмандардың саны күрт артады деп болжауға болады. Қазір АҚШ-та 500 мыңдай мұсылман бала болса, Pew орталығының болжауы бойынша 2030 жылы олардың саны 1,8 миллионға жетпек. Демек АҚШ-қа да мұсылмандардың демографиялық дүмпуі жақындап келеді.
XS
SM
MD
LG