Accessibility links

Қазақстандық ЛГБТ өкілдері туралы трамвай депосындағы қойылым


Қазақстанда ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің құқығы бұзылатыны жайлы «Комьюнити» спектаклінен көрініс. Алматы, 16 қыркүйек 2016 жыл.
Қазақстанда ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің құқығы бұзылатыны жайлы «Комьюнити» спектаклінен көрініс. Алматы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Алматыдағы қараусыз қалған трамвай депосында Қазақстандағы және әлемдегі адам құқығын қорғау проблемасын қозғайтын спектакль премьерасы өтті. Қойылымға елден қашқан екі босқынның тағдыры арқау болған. Екеуі де – жыныстық азшылық өкілдері.

ХЭППИ-ЭНДПЕН АЯҚТАЛҒАН СПЕКТАКЛЬ

Екі актер ойнайтын спектакль кейіпкерлері – жігіт пен қыз. Көрермендер жарты сағат бойы екі адамның интернет арқылы жазысқан хаттарының мәтінін тыңдады. Жігіт рөліндегі актер (Антон Дукравец) бірнеше жыл бұрын серігі Никитамен Қазақстаннан Швецияға кетіп қалған Олег деген кейіпкердің атынан мәтін оқыды. Ал актриса қыз (Светлана Скобина) Қазақстанда тұратын таныс әйел жазған мәтінді оқыды.

Екеуінің хаттарынан көрермен Олег пен Никитаның жыныстық азшылық өкілдері екенін және туған елінде кемсітушілікке ұшырап, өздерін қорғансыз сезінгеннен кейін Қазақстаннан Еуропаға кетіп қалғанын біледі. Босқын мәртебесін алғаннан кейін бірнеше мәрте өтініш бергенімен, «Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне ресми тыйым салынбаған» деген уәжбен Швеция билігі екеуіне ықтияр хат беруден бас тартқан. Швециядан кетіп қалады деген қауіппен 2015 жылдың желтоқсанында екеуін Стокгольмдегі көші-қон абақтысына қамайды.

«Комьюнити» спектаклінің кейіпкері Олегтің ролін неміс драма театрының актері Антон Дукравец сомдады. Алматы, 16 қыркүйек 2016 жыл.
«Комьюнити» спектаклінің кейіпкері Олегтің ролін неміс драма театрының актері Антон Дукравец сомдады. Алматы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Әлгі хаттар Олег пен Никитаны абақтыға қамау қарсаңында жазыла бастаған. Олег «Швеция полициясының қазақстандық полициядан еш айырмасы жоқ екен, зорлық-зомбылық жоқ дегені болмаса, Швеция түрмесі де – ГУЛАГ» деп Швециядағы заң жүйесі туралы жазады. Бұған қоса Олег құқық қорғау ұйымдары мен журналистерді серігі екеуіне араша түсуге жарамады деп жазғырады. Наразылық ретінде аштық жариялап, қатты жүдеп, біраз уақытқа «жындыханаға» қамалған серігі Никитаның пьесада тек есімі ғана аталады.

Олег хатында «енді маған ешқандай Швеция азаматтығы керек емес, құқығымды қорғай алсам болды» деп жазады.

Олегпен хат жазысқан қазақстандық әйел Никита екеуіне көмектесіп, қиындықтан шығу жолдары туралы кеңестер береді. Спектакльдің соңы хэппи-эндпен аяқталады. Стокгольмдегі ықпалды басылым журналисінің мақаласының да жәрдемі тиіп, Олег пен Никитаны түрмеден босатады.

ДЕРЕКТІ ТЕАТР

Пьеса деректі театр жанрына жатады. Қойылымнан кейін пьеса авторы Ольга Малышева мәтінге Олег екеуінің интернет арқылы жазысқан нақты хаттары негіз болғанын айтты. Пьесада кейіпкерлердің шын есімдері де сақталған. Олег идеяны құптап, екеуінің алыс-беріс хаттарын жұртқа жариялауға келісім берген. Ольга Малышева «цензураға байланысты» хаттардың кей тұстарын алып тастағанын мойындайды. Қалған мәтін хаттарды қайталайды.

– Бұл достық, өзара көмек, адамдардың, оның ішінде журналистердің жауапкершілігі жайлы пьеса, - дейді Ольга Малышева шығармасының негізгі идеясы жайлы.

«Комьюнити» пьесасының авторы - редактор, журналист, театр сыншысы Ольга Малышева. Алматы, 16 қыркүйек 2016 жыл.
«Комьюнити» пьесасының авторы - редактор, журналист, театр сыншысы Ольга Малышева. Алматы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстанда кенже қалған деректі театр жанрын дамытқысы келетін Ольга Малышева – редактор, журналист әрі театр сыншысы. Бұған қоса, ол жуырдан бері драматургиямен айналыса бастаған. Оның «Курс» деп аталатын алғашқы пьесасы Қазақстан теңгесі, оның девальвациясына арналған әрі 2016 жылғы «Любимовка» ресейлік жастар драматургиясы фестиваліне шығармалар іріктеген мамандардың жақсы пікіріне ие болған.

«Комьюнити» спектаклі театр өнеріне мүлде қатысы жоқ жерде – төбесінде шатыры, ал қабырғаларының сылағы жоқ трамвай депосының бөлмелерінің бірінде қойылды. Бұл күндері депода қазіргі заман өнеріне арналған ArtBatFest дәстүрлі халықаралық фестивалі өтіп жатыр, сондықтан спектакльді де осы жерде көрсетуді ұйғарған. Қойылымды Антон Дукравец сахналаған. Спектакльде ойнаған әріптесі екеуі – неміс драма театрының актерлері. Қойылымға «Сорос-Қазақстан» қоры мен Британ кеңесі қолдау көрсеткен.

«Комьюнити» спектаклі Алматыдағы иен қалған трамвай депосында көрсетілді. 16 қыркүйек 2016 жыл.
«Комьюнити» спектаклі Алматыдағы иен қалған трамвай депосында көрсетілді. 16 қыркүйек 2016 жыл.

Спектакльдің өзгеше форматына да, спектакль қоюға ыңғайлы орын еместігіне де қарамастан, оған біраз көрермен жиналды әрі олардың қойылымды ықыласпен қабылдағаны көрсетілімнен кейінгі пікірлерден байқалды.

– Бұл - адам құқығы үшін Қазақстан немесе Швеция болсын, кез-келген жерде әрі әрдайым күресу керек екенін көрсететін спектакль, - дейді «Сорос-Қазақстан» қоры басқармасының төрағасы Антон Артемьев.

Ольга Малышеваның айтуынша, жыл аяғына дейін Алматыда спектакльді тағы екі рет, бірақ өзге орындарда көрсету жоспарланған.

ОЛЕГ ПЕН НИКИТА ҚАЗАҚСТАННАН НЕГЕ КЕТТІ?

«Комьюнити» пьесасында Олег Иванов пен Никита Наумовтың Швеция түрмесіне қамалып, ықтияр хат алуға қатысты қиындықтарына көбірек мән берілген. Ал Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің өмірі туралы «екеуінің елден қашып, енді оралғысы келмейтініне қарағанда, Қазақстанда гей болу қауіпті» деген жанама қорытынды ғана шығаруға болады. Мұндай қауіп барын пьесадағы «Қазақстанда гей-парад өткізсем, оны Швецияда отырып қана ұйымдастырамын» деген соңғы сөз де көрсетеді. Бұл тұжырымды адам құқығын қорғау саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар келтіретін деректер де растайды.

Мысалы, былтыр Human Rights Watch ұйымы «Қазақстандағы ЛГБТ өкілдері үреймен өмір сүреді» деген тақырыппен жариялаған баяндамада Қазақстанда 1998 жылдан бері бір жынысты адамдар арасындағы ерікті жыныстық қатынастар қылмыс саналмайтынына қарамастан, бұл елде гомофобия бәсеңдемегені жайлы жазылған.

Баяндамада Қазақстандағы ЛГБТ өкілдері күнделікті қудалау, кемсітушілік пен қорлық-зомбылыққа ұшырау қаупімен өмір сүретіні жазылған. «Олар жеке меншік үйлердің жабық есігінің ар жағында, түнгі клуб пен саябақ тәрізді қоғамдық орындарда өшпенділікке кезігеді. Мемлекеттік мекемелер оларды қамқорлыққа алып, қорғағысы келмейді».

Human Rights Watch ұйымының баяндамасында қазақстандық ЛГБТ өкілдерінің арасында жүргізілген бірнеше сауалнамадан деректер келтірілген. 2009 жылы «Сорос-Қазақстан» қоры 1000-ға жуық адам арасында жүргізген сауалнама респонденттердің 81 пайыздан көбі «қоғам гейлер мен лесбилерді көбінесе сынап-мінейді, сыйламайды» деп санайтынын көрсеткен. Әлгі сауалнамаға сәйкес, зорлық-зомбылыққа душар болған респонденттердің 75 пайызы полицияға арызданбаған. Ал полиция көмегіне жүгінуге тырысқандардың 38,5 пайызы қорлап-кемсітуге тап болғанын мәлімдеген.

Қазақстанда тұратын ЛГБТ өкілдерінің ішінде өз құқығы үшін күресіп жүрген белсенділер жоқ емес. Олардың арасында көрермендер «Комьюнити» спектаклі арқылы танысқан Олег Иванов пен Никита Наумов та бар. Екеуі ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғау үшін 2010 жылы Community қоғамдық қорын құрған. Бірақ Қазақстан қоғамындағы ЛГБТ өкілдеріне деген төзімділік деңгейінің төмендігіне байланысты әрі әлдебір қатерге ұшырау қаупі Олег пен Никитаны 2012 жылы елден кетіп, Швециядан баспана сұрауға мәжбүр еткен. Екеуі бұл жолда қандай қиындықтарға тап болғанын қор атауымен аталатын пьесадан білуге болады. Қазір Олег пен Никита өздері сияқты постсоветтік елдерден қашқан ЛГБТ босқындарға көмектесіп, құқық қорғау жұмысын жалғастырып жүр.

XS
SM
MD
LG