Accessibility links

Ресейде иттерді улау шарасы басталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қаңғыбас иттермен күресетін «догхантерлер» аталып кеткен ұйымдар бүкіл Ресей аумағында кезбе иттерді жаппай улауға кірісті. Жануарлар құқығын қорғаушылар бұл шарадан асыранды иттер де жапа шегіп жатқанын айтады.

Ресейдегі ит асыраушылар үйдегі жануарларға қатер төнді деп дабыл қағады. Кейбір қоғамдық ұйымдар қаңтардың 20-сынан бастап Ресейдің барлық қалаларында қаңғыбас иттерді улау шарасын бастайтынын интернет арқылы хабарлаған.

Қазірдің өзінде иттердің уланып өлгені туралы ақпараттар жер-жерден түсіп жатыр. Өкінішке қарай, бұл шарадан қожайыны бар асыранды иттер де жапа шеккен.

– Қанша ит өлгені жөнінде нақты статистика жүргізген жоқпыз, бірақ олардың уланып жатқаны анық. Денисов атындағы емханада уланған итті, өкінішке қарай, құтқара алмады. Тіпті жер үйде тұратын адамдардың ауладан сыртқа шықпаған иті де өліп қалған. Әлгілер уды дарбазадан лақтырып кетіпті, – дейді Челябинск қаласындағы «Вита» жануарларды қорғау ұйымының үйлестірушісі Мария Зуева.

УЛЫ ДӘРІМЕН ӨЛТІРУ

Ресейдің үлкен қалаларында қаңғыбас иттер өте көп, олар кейде тіпті топ-тобымен жүреді. «Догхантерлер» балаларды қаңғыбас иттерден қорғаймыз дегенімен, бұл шарадан көбіне асыранды иттер жапа шегіп жатқаны айтылады.

Көше кезген ит. Сочи, Ресей, 19 қыркүйек 2013 жыл.
Көше кезген ит. Сочи, Ресей, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Ресейдегі ең танымал әлеуметтік желі – «ВКонтакте» сайтындағы ақпараттарға қарағанда, олар не тышқанның уын, немесе туберкулезге қарсы дәріні кез келген жерге шашып кетеді екен. Балалардың ойын алаңдарының, қоқыс жәшіктерінің маңынан, иелері әдетте иттерін серуенге шығаратын саябақтардан табылған қызғылт дақтар – соның дәлелі. Мұндай дақтар Ресейдің Екатеринбург, Челябинск, Нижний Новгород, Мурманск, Тула, Ярославль, Владивосток, Санкт-Петербург қалаларынан табылған.

«Догхантерлер» иттерді туберкулезге қарсы «Исонязид» деген дәрі беріп өлтіреді екен. Адамға зияны жоқ болғанымен, иттерді өлтіретін уыты бар бұл у дәріханаларда еркін сатылады. Бұл дәріге денесі тиген немесе одан бөлінген ауаны жұтқан итте бірден улану белгілері басталып, ол қатты дірілдеп-қалшылдап барып өліп кетеді екен.

Куәгерлердің айтуынша, Нижний Новгород аймағында «ит атқыштар» еш таңдап жатпастан, көзіне көрінген иттерді атып өлтіре берген. Олар тіпті қарғыбау тағылған асыранды иттерге де улы ампуласы бар оқ жаудырған.

ҚАТЫГЕЗДІК

Жануарлар құқығын қорғаушы белсенділер соңғы кездері жиі шектен шығып бара жатқан мұндай «ит атқыштардың» іс-әрекеттеріне көз жұма қарап отыр деп үкімет пен полицияға кінә артады. Олар туберкулезге қарсы дәрілерді тек дәрігердің рұқсатымен сатуды міндеттейтін заң қабылдау қажеттігін айтып, онлайн петиция әзірледі. Қаңтардың 15-і күні басталғалы бері бұл петицияға 7 мың 700 адам қол қойған.

Тұмылдырық кигізілген ит жетектеген адам. Санкт-Петербург, Ресей, 26 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тұмылдырық кигізілген ит жетектеген адам. Санкт-Петербург, Ресей, 26 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Белсенділер Ресей заңдары асыранды иттерді құқықтық тұрғыдан қорғай алмайды деп санайды. Ресей қылмыстық кодексінің 245-бабында «жануарларға қатыгездік жасауға тыйым салынады» деп жазылған. Бірақ бұл жұрттың көз алдында іске асырылып, ақпарат құралдарының назарын аудартқанда ғана полиция шара қолданады дейді белсенділер.

– Басқа жағдайларда аталған бап жұмыс істемейді. Бұл баптың өз кемшілігі бар. Мәселен, «қатыгездік» деген сөздің мағынасы тар. Тек өлімші етіп жаралау ғана қатыгездік болып саналады. Итті қараңғы жертөлеге қамау, оларды апталап тамақ-судан қағу сияқты басқа да әлімжеттіктер бұған кірмейді, – дейді жануарлардың құқықтарын қорғаушы Ирина Новожилова.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары жануарларға қиянат жасаушыларды жазаламайынша, иттерді жаппай қыру жалғаса береді.

– Мұндағы мәселе адам мен жануар арасындағы қарым-қатынаста ғана емес. Мәселе – біздің қоғамның азғындауында жатыр. Мәселені күш қолдану, өлтіру арқылы шешуді насихаттау қоғамдағы озбырлықты одан сайын күшейте түседі, – дейді Новожилова.

(Светлана Павлова мен Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG