Accessibility links

Польшадағы шағын татар қауымдастығы өздерінің өмірлік тәжірибесін Еуропадағы мұсылман иммигранттарға үлгі етіп көрсетуге болады дейді.

Бронислав Тальковскийдің бидай өңі ата-бабасы бір кездері Шығыста өсіп-өнген-ау деген ойға жетелейді.

Тальковский – липка татары. Осы бір басым көпшілігі католиктерден тұратын орталық славян елінде ол өзін поляктардан бөтен сезініп көрген емес.

Ата-бабалары Польшаға алты ғасыр бұрын қоныс аударған мұсылман қауымдастығы өздерінің тәжірибесі жаңадан көшіп келіп жатқан мұсылман иммигранттарға тамаша үлгі бола алады дейді. Алайда олар бірнеше мыңдай ғана адамы қалған шағын қауым ассимиляцияға ұшырап кете ме деп те қауіптенеді.

Тальковскийдің сөзімен айтсақ, татарлар Польшаға айтудай-ақ қызмет еткен және мемлекет мұның өтеуін қайтарған да.

ШЫҢҒЫС ХАН ӘСКЕРІНІҢ ТҰЯҒЫ

Алғашқы татарлар солтүстік-шығыс Еуропаға 14-ғасырда қоныс аударған. Түркітілдес қоныс аударушыларға Литваның Қырымдағы атауы – «Липка» деген ат беріледі. Олар Шыңғыс ханның ұлы жорығы кезінде әскери өнердің қыр-сырын меңгеріп, кейін Польша мен Литваның федерациялық одағы – Речь Посполитаға қызмет еткен. Бұған алғыс ретінде үкімет оларға дворян мәртебесін береді. Липка татарлары қазіргі Литва, Польша және Беларусь елдерінің аумағында бақуатты өмір сүрді.
Бронислав Тальковский, Крушиняны мұсылмандар қауымдастығының төрағасы

Бронислав Тальковский, Крушиняны мұсылмандар қауымдастығының төрағасы


1939 жылға дейін Польшада татарлардың арнайы әскери жасақтары болды, олар өкіметке адал және сырт дұшпанға аяусыз жауынгер ретінде танымал болды.
Тальковский – елдің солтүстік-шығысында орналасқан Крушиняны елді мекеніндегі мұсылмандар қауымдастығының төрағасы. Ол татарлардың өзі қанатының астына алған мемлекетке адалдығын Чарльз ханзаданың сапары кезінде болған оқиға арқылы сипаттап берді.

- Чарльз ханзада Крушиняныға сапармен келгенде қасында жүрген гидтен «Татарлар неге Вена қаласында өз бауырларына қарсы соғысты?» деген сауал тастайды. Сонда гид: «Татарлар бауырларына қарсы емес, оккупанттарға қарсы соғысты» деп қысқа жауап береді, - дейді ол.

Алайда, 20 ғасырдағы алмағайып жылдар – екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистік Германияның Польшаны талқандауы және ондаған жылдарға созылған коммунистік билік осы күні 5 мыңдай адамы бар шағын қауымның өміршеңдігін сынаған ауыр кезең болды.

АССИМИЛЯЦИЯҒА ТӨТЕП БЕРУ ҚИЫН

Тальковскийдің айтуынша, ең қиыны – ассимиляцияға төтеп беру болды.

- Татар сияқты шағын этностық топтарға 97 пайызы бір ғана ұлт өкілдерінен тұратын елдің ықпалынан құтылу – қиынның қиыны. Татар халқына қазір төніп тұрған басты қауіп – сол, олар мәдениет және дін тұрғысынан поляктарға сіңіп барады. Біздің шағын қауымдастықтың басындағы басты мәселе – осы, - дейді ол.
Польша татарлары

Польша татарлары


Дегенмен, татарлардың бастан кешкендері Польшада тұратын басқа да азшылық топтардың қасіретті тарихына қарағанда мүлдем өзгеше. Кезінде Польша жерінде миллиондап тұрып жатқан еврейлер Холокост кезінде қырылған. Қазір Таяу Шығыстан шыққандар мен саяси баспана сұраған шешен сияқты азшылық топтарға қарсы оңшыл бағыттағы ұлтшылдардың наразылығы арта ма деген қауіп бар.

Ғасырлар бойғы ассимиляцияның кесірінен күрт азайған татарлар нәсілдік әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтан аман қалды.

Польшадағы Мұсылмандар қауымдастығы ұйымының басшысы Томас Александровичтің айтуынша, осы бір өзгелерді құрметтеу ұстанымы басқа мұсылмандардың Польшаға тез үйренісуіне және өз діни дәстүріне нұқсан келтірместен қоғамға сіңісуіне мүмкіндік береді.

- Мұсылмандар да татарлар сияқты: олар да осы елге ассимиляцияланған, біздің жанымызда тұрып жатқан халықтар. Бізге дәл осындай мұсылмандар керек, мұнда біз оларға үлгі бола аламыз, - дейді Александрович.

Ол кейбір Интернет форумдарда ұлтшыл топтар мұсылмандарға қарсы пікір жаза бастаса, бірқатар қолданушылар оларға тойтарыс беріп, мысал ретінде елдегі татар ұлтының бай тарихын келтіріп жататынын айтады.

ПОЛЬША ИСЛАМ ДӘРІСТЕРІНЕ ҚАРЖЫ БӨЛЕДІ

Алайда татарлар мұнда тек символдық рөл атқармайды.

Поляк үкіметі гимназия оқушыларының діни білім алуы үшін қаржы бөледі, осы қаржының аздаған бөлігі Ислам діні бойынша сабақ өту және мәдени шараларды ұйымдастыру мақсатында татар ұйымдарына бөлінеді.
Томас Александрович, Польша мұсылмандары қауымдастығының жетекшісі

Томас Александрович, Польша мұсылмандары қауымдастығының жетекшісі


Тальковский мен Александровичтің айтуынша, олар қоғамдағы зорлық-зомбылықпен күрес сияқты мұсылмандардың өзекті проблемаларын шешуге көмектесіп келеді. Аздап орысша сөйлейтін Александрович жергілікті шешен қауымдарымен бірлесе жұмыс істепті.

Десе де, Александровичтің айтуынша, кейінгі мұсылман иммигранттарының жергілікті қоғаммен ассимиляциялану процесі баяу жүріп жатыр.

- Польшада қалыптастырған дәстүріміз – біздің өз игілігіміз. Бұған біз араға бірнеше ғасыр салып барып қол жеткіздік. Бір күнде пайда болған жоқ» деді Александрович.

Глен Кейтстің материалын қазақ тіліне аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG