Accessibility links

НАТО саммитінде Ресей де, ИМ де сөз болмақ


Еуропа кеңесі президенті Дональд Туск, АҚШ президенті Барак Обама және Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер НАТО саммитінде. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

Еуропа кеңесі президенті Дональд Туск, АҚШ президенті Барак Обама және Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер НАТО саммитінде. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

Бүгін Польша астанасы Варшавада НАТО-ның екі күндік саммиті басталды. Саммитте ғаламдық мәселелер талқыланбақ.

Бүгін Варшавада басталған НАТО саммитінде Ресейдің Украинаның шығысындағы әрекеттері, «Ислам мемлекеті» және «Талибан» экстремистік топтарымен күрес, Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығуға байланысты жасалған әрекеті мен босқындар мәселесі талқыланады.

Бұл – АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обама үшін соңғы саммит болмақ. Ол саммиті басталарда Financial Times басылымы жариялаған сөзінде: «Ресейдің Украинаның шығысындағы агрессиясы Еуропаның біртұтастығы мен тыныштығына үлкен қауіп төндіреді» деп мәлімдеп, НАТО-ның Украинаны қолдауын жалғастыра беретінін айтқан.

«АҚШ Ресеймен ашық диалогқа кез келген уақытта дайын. НАТО саммитінде біз Ресей Минск келісімін орындамайынша санкция күшінде қалтыру мәселесі бойынша келісуіміз керек» деді Обама.

АҚШ президенті Барак Обама НАТО саммитінде. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама НАТО саммитінде. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

АҚШ президенті «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының НАТО-ға мүше елдердің қалаларында, яғни Париж, Брюссель және Стамбулдағы жасаған терактілерін «бейбіт тұрғындарға қастандық» деп бағалады. Ол НАТО мүшелерін «Ислам мемлекеті» экстермистік тобын жою үшін, Жерорта теңізі мен Эгей теңізі арқылы Еуропаға келіп жатқан мигранттар мәселесін шешу үшін бірге жұмыс істеуге шақырды. Обама Варшава саммиті кезінде Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесіп, Brexit мәселесін де талқылайды.

Саммитте осы әскери альянсқа мүше елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралмақ. Одақтастар Эстония, Латвия, Литва мен Польшада көпұлтты батальондарды орналастыру жайын талқылайды. Ал Румыниядағы батальон НАТО-ның оңтүстік-шығыс Еуропадағы шебін күзетпек.

Обама осыған орай «Біз Орталық және Шығыс Еуропадағы біздің одақтастарымыздың қорғанысын күшейтуіміз керек. Жаңа қауіптер мен кибершабуылға қорғанысты да арттыру қажет» деді.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг (ортада) НАТО саммитіне келген кез. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг (ортада) НАТО саммитіне келген кез. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг «Ресейді альянстың ең үлкен көршісі» деп атап, НАТО Ресеймен кез келген уақытта келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Ол Варшава саммиті біткеннен кейін НАТО мен Ресей биылғы екінші кездесуін өткізуі тиіс екенін де айтты.

Биылғы Варшава саммитінде Украина мен Грузияның НАТО-ға мүше болу мәселесі қаралмайды. Ал Черногория саммитке бақылаушы ретінде қатысады. Бұл ел НАТО-ға келер жылы мүше болуы тиіс.

НАТО саммиті осымен 27-рет өтіп отыр. Одаққа мүше елдер басшыларының алғашқы бас қосуы 1957 жылы ұйымдастырылды. Ал Польшадағы бүгінгі саммитке 58 елдің ресми делегациясы, екі жарым мың өкіл, екі мыңнан астам журналист қатыспақ.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG