Accessibility links

Ресей мен АҚШ-тағы саясаткердің "ішкиімі"


Көрмеге келген адам Константин Алтуниннің суретін тамашалап тұр. Ол суретте әйелдердің іш киімін киген президент Путин премьер-министр Медведевтің шашын түйіп жатыр. Санкт-Петербург, 15 тамыз 2013 жыл.
Көрмеге келген адам Константин Алтуниннің суретін тамашалап тұр. Ол суретте әйелдердің іш киімін киген президент Путин премьер-министр Медведевтің шашын түйіп жатыр. Санкт-Петербург, 15 тамыз 2013 жыл.

Владимир Путин әйел ішкиімін «кигізген» карикатуристке ашуланған алғашқы саясаткер емес. АҚШ-та ширек ғасыр бұрын осындай суретші "пікір еркіндігін" сот арқылы қорғап қалған.

Осы аптада полиция Санкт-Петербургтегі шағын жекеменшік галереяны тексеріп, төрт әжуа суретті тәркілеп әкетті. Олардың бірінде бет-әлпеті Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведевке ұқсайтын әйел кейпіндегі екі адам жартылай жалаңаш күйінде бейнеленген.

Орыс православие шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл мен гомосексуализмге қарсы шығып жүрген басқа да саясаткерлерге ұқсайтын суреттер салынған картиналар алынып, галерея жабылды. Ол суреттердің авторы Константин Алтунин Азаттыққа берген сұхбатында Франциядан саяси баспана сұрағанын айтты.

Ыңғайсыз кейіпте әжуаланып, сол үшін қатты ашуланған саясаткер жалғыз Владимир Путин ғана емес, ондай оқиғалар бұрын да болған. Бірақ Путинді соңғы 20 жылдағы мұндай әзілге полицей жіберіп, суретті тәркілеу арқылы жауап берген алғашқы саясаткер деуге болады.

СУРЕТШІ СТУДЕНТТІҢ «ӘЛЕГІ»

1988 жылы суретші студент Дэвид Нельсон Чикаго қаласының соның алдында ғана қайтыс болған мэрі Гарольд Вашингтонның әйел ішкиімін киген бейнесін салды. Бұл сурет қалада саяси дағдарыс тууына себеп болған. Суретте кейіпкер
Суретші Дэвид Нельсон саясаткер Гарольд Вашингтонды осылай бейнелеген.
Суретші Дэвид Нельсон саясаткер Гарольд Вашингтонды осылай бейнелеген.
қолына қарындаш ұстаған. Оның себебі, көмекшісінің айтуынша, мэр үстелдегі қарындашқа қол соза бергенде жүрегі шаншып, сол мезетте жан тапсырған.

Бұл картина «Mirth&Girth» («Қуаныш пен құшақ») деп аталды. Кей пікірлерге қарағанда бұл тіркес – семіз гомосексуалистер ұйымының атауы. «Гарольд Вашингтон өлгенде әйел ішкиімін киіп жүргені әшкере болды» деген де қауесет бар.

Гарольд Вашингтон қайтыс боларының алдында ғана Чикаго қаласының мэрі лауазымына қайта сайланған, әрі жергілікті қара нәсілді тұрғындардың қолдауына ие болған.

Суретші Нельсон Чикаго көшесінде Иисус кейпінде бейнеленіп, «Қобалжымаңыз» деп тұрған сайлау жарнамасын көріп, саясаткер Вашингтонды осындай әжуа қалыпта суреттегенін айтқан.

Бұл суретке қалалық кеңес қатты ашуланды. Қала әкімшілігі келемеж картинаны көрмеге шығарғаны үшін кешірім сұрағанша Чикаго өнер институтын қаржыландыруды тоқтату туралы пәрмен берді.

Ашуға мінген қалалық әкімшілік қызметкері өнер институтына келіп, бұл суретті алып тастамақ болды. Қалалық полиция «бүлікке шақырғаны үшін» картинаны тәркілеу туралы бұйрық бергенімен, өнер институтының басшылары көнбеді. Бірақ кейін өнер институты дау тудырған картинаны бұдан былай көрмеге қоймауға уәде беріп, ресми түрде кешірім сұрады.

«Бұл суреттің көзін жою үшін түрмеге түсуге де әзір болдым. Бұл – үлкен тұлғаның ар-намысын қорлау, әрі қара нәсілділерді кемсіту. Егер картина көрмеде қала бергенде, қалада тәртіпсіздіктер болуы әбден мүмкін еді» деді сол кезде әкімшілік қызметкерлерінің бірі The New York Times («Нью-Йорк таймс») басылымына берген сұхбатында.

ПІКІР ЕРКІНДІГІН ҚОРҒАУ

Бірақ суретші Дэвид Нельсон оңайлықпен көне қоймады. АҚШ-тың азаматтық бостандық одағы оның атынан суретті алып тастаған қалалық әкімшіліктің үш қызметкерін сотқа беріп, «Нельсонның пікір білдіру еркіндігін шектегені үшін, мүлкін заңсыз тәркілегені үшін және сот шешімінсіз мүлкінен айырғаны үшін» 100 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуді талап етті.
Чикаго қалалық әкімшілігі ақыры 1994 жылы суретші Нельсонмен келісімге келіп, оған 95 мың доллар өтемақы төлеуге уәде етті.

Чикаго қалалық әкімшілігі ақыры 1994 жылы суретші Нельсонмен келісімге келіп, оған 95 мың доллар өтемақы төлеуге уәде етті.

Бірақ әкімшілік «әжуа сурет көрмеде тұрғанда нәсілдік және әлеуметтік негіздегі бүлікті болдырмау үшін қаладағы қауіпсіздік тұрғысынан әрекет еттік» деген уәждеріне қарамастан, сотқа тартылған үш қызметкерінің сот шығындарын өтеп беруден бас тартты. Бұл шығындар Нельсонға төленген өтемақыдан әлдеқайда көп болатын.

Сот әкімшіліктің үш қызметкерін мемлекет тарапынан жақтауға негіз жоқ деп, олардың «Чикагода Гарольд Вашингтонның суреті ілінгеннен тууы мүмкін нәсілдік бүліктің алдын алдық» деген уәждеріне құлақ аспады.

Сотта сөйлеген сөзінде суретші Нельсон саясаткер Вашингтонды «адам, қала мэрі, әрі саяси тұлға ретінде сыйлағанын, салған суреті оның өзін, отбасы мүшелерін және жақтаушыларын қорлау болмайтынын» айтты. «Бірақ суретші ретінде оны қалай бейнелеу – менің еркімде. Бұл құқығымды ешкім шектей алмайды» деді суретші Дэвид Нельсон.

Дэн Вишневскийдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG