Accessibility links

Постсоветтік елдердегі диссиденттерді жазалау


Журналист Эйнулла Фатуллаев қамауда отыр. Баку, 18 мамыр 2007 жыл.
Журналист Эйнулла Фатуллаев қамауда отыр. Баку, 18 мамыр 2007 жыл.

Бұрынғы cовет елдерінің кейбірі оппозиция белсенділеріне қарсы ескі әдістерді қолдануға көшті дейді құқық қорғаушылар. Ал билік «қылмыскер» атанғандардың «саясатқа қатысы жоғын» айтады.

Human Rights Watch (HRW ) ұйымы күзде өтетін президенттік сайлау алдында саяси қарсыластарын «есірткімен ұсталды» деп айыптап тұтқындаған Әзербайжан билігін сынға алды.

Билікке жақпайтындардың үнін өшіруге «классикалық әдісті» қолданатын жалғыз Баку ғана емес.

«НАШАҚОР» ОППОЗИЦИОНЕРЛЕР

Егер бұрынғы совет елдерімен жақсы таныс болмасаңыз, ондағы диссиденттердің көбі нашақорлар мен порнография таратушылар деп ойлауыңыз мүмкін.

Наурыз айында әзербайжан полициясы «есірткі сақтады» деген айыппен Мұхаммед Азизовты тұтқындады. Бірнеше аптадан соң Дашгин Маликов ұсталды. Тағы бірнеше күн өткенде Талех Багировты, 9 мамырда Рашад Рамазановты қамауға алды. Бұл адамдардың ешқайсысы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Бұлардың барлығы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің саясатын ашық сынағандар: Азизов пен Маликов – оппозиция мүшелері, Багиров – тұтқындалардан бір күн бұрын президентті сынап уағыз айтқан имам, Рамазанов – оппозициялық блогер.

Оппозиция белсенділерін «есірткі сақтады» деген тәрізді жалған айыппен түрмеге жабу Әзербайжанға ғана тән әдіс емес. Ресей, Украина мен Беларусь елдерінде оппозиция белсенділері «порнография таратты», «заңсыз уылдырық тасып, қоғамды қарғады» деп айыпталды.

Amnesty International құқық қорғау тобының Лондондағы ғылыми қызметкері Хизер МакГиллдің айтуынша, биліктің белсенділерді саясатқа қатысы жоқ қылмысқа айыпты етіп көрсетуі саяси себеппен қуғындалғандарды тауып, қорғауға тырысатын ұйымның жұмысын қиындатады.
Авторитарлық режимге осы әдіс тиімді. Олар солайша «бізде саяси тұтқындар жоқ» деп ақталады. Егер біреуді әлгіндей қылмыс жасады деп айыптасаңыз, оны қорғайтын адамның міндеті ауырлайды.
Amnesty International ұйымының өкілі.

– Авторитарлық режимге осы әдіс тиімді. Олар солайша «бізде саяси тұтқындар жоқ» деп ақталады. Егер біреуді әлгіндей қылмыс жасады деп айыптасаңыз, оны қорғайтын адамның міндеті ауырлайды. Біз билік қылмысты деп таныған саяси белсендінің ісін тергегенде өте сақ болуға тырысамыз, – дейді Хизер МакГилл.

HRW осы аптада жариялаған есебінде Әзербайжанды «сайлау жақындаған сайын билікті сынаушыларға қарсы науқанды күшейтті» деп сынады. Бакудегі адам құқын қорғаушы Лейла Юнус HRW мәлімдемесімен келіседі.

– Соңғы 20 жылда журналистерді түрмеге қамамаған бірде бір жыл болған емес. Әдетте оларды «есірткі сақтады» деп, немесе ойдан шығарған басқа жаламен айыптайды. Сайлау таяған сайын репрессия күшейіп барады. Журналистердің көбі түрмеде отыр, – дейді ол.

Әзербайжанда биыл қазанның 16-сы күні президенттік сайлау өтпек.

«БӘРІНЕН КҮДЕР ҮЗДІМ»

Соңғы жылдары әзербайжан сатиригі Мырза Сакит, журналист Эйнулла Фатуллаев пен қоғамдық белсенді Жаббар Савалан «есірткі сақтады» деген айыппен қамалды. Бұл үдерістен пост-советтік басқа елдер де қалысар емес.

2010 жылы ресейлік белсенді Таисия Осипова «героин сақтады» деп айыпталып, Смоленскіде тұтқындалды. Осипова есірткі оқиғасы қолдан ұйымдастырылды
Ресейлік белсенді Таисия Осипова сотта отыр. Смоленск, 28 тамыз 2012 жыл.
Ресейлік белсенді Таисия Осипова сотта отыр. Смоленск, 28 тамыз 2012 жыл.
дейді. Себебі ол күйеуі – «Другая Россия» оппозициялық қозғалысының жетекшілерінің бірі Сергей Фомченковқа қарсы дерек жинаудан бас тартқан.

Осипованың ісіндегі тағы бір ерекшелік: прокурор оны төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот сегіз жылға кесу туралы үкім шығарды. 2012 жылы сот апелляциядан бас тартқан соң Осипованың жұбайы Азаттыққа жағдайдың толық саяси мәні бар екенін айтты.

– Сот шешімі саяси мәнге ие, сондықтан үкім қатал болады деп айтқанмын. Бірақ сегіз жылға кеседі деп ешкім күтпеді. Үкім жарияланған соң бәрінен күдер үздім, саяси сипаттағы бұл шешімді биліктің ең жоғарында отырғандар қадағалайды деп санаймын, – деді Сергей Фомченков.

Башқұртстан астанасы Уфада сот Фанзиль Ахметшинді төрт жарым жылға бас бостандығынан айырды. Федералдық қауіпсіздік қызметі оны Сомалиден келе жатқанда «чемоданынан есірткі таптық» деп айыптады. Ахметшин – башқұрт мәдениеті мен этникалық бірлестігін қолдайтын Бүкіләлемдік башқұрт ассамблеясы төрағасының орынбасары. Ол ұйымның Сомалиге бөлген қаржысының жұмсалуын тексеруге барған еді. Жұмысты Түркиялық адам құқық қорғау, бостандық пен гуманитарлық көмек қоры (IHH) ұйымдастырған.

IHH өкілі Самет Доган Азаттыққа 2012 жылдың қаңтарында Ресейлік құқық қорғаушылар Ахметшиннен бір жарым грамм ғана героин «тапқанын» айтқан.

– Контрабандамен айналысатындар есірткіні ондай аз мөлшерде алып жүрмейді. Бұл арандатуға ұқсайды. Билік өкілдері осындай классикалық әдіспен оның қоғамдық әрекетін тоқтатқысы келетін сияқты, - дейді Доган.

КОНТРАБАНДА, БҰЗАҚЫЛЫҚ ЖӘНЕ ПОРНОГРАФИЯ

«Контрабанда» Санкт-Петербургке де жетті. 2008 жылы «Другая Россия» партиясының белсендісі Ольга Курносова айыпты болып шыға келді. Астраханьнан келе жатқан оны уылдырық құтысымен ұстаған билік өкілдері «заңсыз тауар алғаны» үшін қамады. Бұрынғы СССР-дың басқа елдерінде белсенділер осыған ұқсас күмәнді айыптармен ("қару ұстаған", "порнография таратқан") түрмеге қамалды.

2010 жылдың желтоқсанында украиналық "Винница" құқық қорғау тобының жетекшісі Дмитрий Гройсман «порнография таратты, блогына мемлекеттік
Құқық қорғаушы Дмитрий Гройсман. 11 қаңтар 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Дмитрий Гройсман. 11 қаңтар 2011 жыл.
рәміздерді қорлаған хабарлар жазды» деген айыппен тұтқындалды. Оның ісі әлі қаралып жатыр, егер сот айыпты деп таныса жеті жылға еркіндіктен айырылады. Гройсман Азаттықтың Украин қызметіне тергеудің кесірінен үкіметтік емес ұйымның жұмысы тоқтап қалғанын айтты.

– Порнографиямен күресеміз, мемлекеттік рәмізді қорғаймыз дегенді сылтауратып полиция біздің кеңсеге келіп, құжаттарымыздың бәрін тәркіледі. Онда босқындар туралы файлдар мен босқындар ісі бойынша БҰҰ-ның құпия ақпараты бар болатын. Олар біздің жұмысты шамамен алты айға тоқтатты, - деді Гройсман.

Украиндық өзге де белсенділер соңғы айларда бұзақылық жасады, басқа да құқық бұзушылықтарға барды деп айыпталды. Ал осы айдың басында Беларусь журналистері Александр Ярошевич пен Дмитрий Галко бұзақылық жасады, қызметтік міндетін өтеген өкілетті тұлғаға бағынбады деген айыппен біраз уақытқа темір торға қамалды.

Былтыр Беларусь үкіметтік емес ұйымының бұрынғы жетекшісі Олег Волчек «қоғамдық орында балағат сөз айтқаны» үшін тоғыз күнге сотталды.

– Шерушілерді сабаған полиция қызметкерлерін сынаған мақалам үшін жазаландым, – дейді ол.

Кейбір жағдайлар тіпті адам күлерліктей болғанмен, ақыры бос сөзбен аяқталмауы мүмкін.

Сотталған Таисия Осипованың жұбайы Сергей Фомченковтың ойынша, шартты жаза беріп, ерте босату, рақымшылық туралы өтініш бергеннен пайда жоқ. «Оны түрмеде өлтіруге дайын, ешқашанда босатпайды» дейді ол.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG