Accessibility links

Хоккейден әлем чемпионы топтық кезеңде АҚШ-тан ұтылды


Ресей хоккейшісі Евгений Малкин мен даниялық Оливер Лауридсеннің қақтығысы. Чехия, Острава қаласы, 6 мамыр 2015 жыл.

Ресей хоккейшісі Евгений Малкин мен даниялық Оливер Лауридсеннің қақтығысы. Чехия, Острава қаласы, 6 мамыр 2015 жыл.

Чехияның Прага мен Острава қалаларында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатында жұрт күтпеген жаңалықтар көбейіп тұр. Іріктеу кезеңіндегі екі топтың бірін Беларусь бастап келеді.

Әлем чемпионатының топтық кезеңіне элиталық дивизионның 16 командасы шыққан. Олардың екеуі Солтүстік Америка құрлығынан (АҚШ, Канада), 12 құрама - Еуропа елдері, ТМД-дан - Ресей мен Беларусь.

16 құрама А және В тобына сегізден бөлінген. Екі топтан төрт-төрттен, жиыны сегіз команда ширек финалға шығады. Қазір осы топтық кезең ортасына келді.

Әлем чемпионаты ережесі бойынша, бұл екі топта соңғы орын алған құрамалар төменгі дивизионға жіберіледі. Қазақстан былтыр әлем чемпионатында өз тобының соңында қалып, элиталық дивизионнан шығарылған еді. Биыл төменгі дивизионда 1-орын алған Қазақстан хоккей құрамасы 2016 жылы Мәскеуде өтетін әлем чемионатына қатысады. Қазақстанмен бірге элиталық дивизионға биыл Венгрия құрамасы да өтті.

«В» ТОБЫНДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

В тобына АҚШ пен Ресей бірге түскен. Мамырдың 4-і болған кездесуде 4:2 есебімен АҚШ хоккейшілері жеңіске жетті. 2014 жылы Минскіде Ресей АҚШ-ты 6:1 есебімен оңай жеңген еді.

АҚШ пен Ресей құрамалары топтық кезеңдегі алғашқы екі қарсыласын да ұтқан. АҚШ Финляндия (5:1) мен Норвегияны (2:1), ресейліктер Норвегия (6:2) мен Словенияны (5:3) жеңген еді.

АҚШ-тан жеңілген Ресей құрамасының бас бапкері Олег Знарок төрешілер жұмысына наразы. Ол «Сергей Плотников салған шайбаны төрешілер есептемей тастады» дейді.

Ал АҚШ бапкері Тодд Ричардс «Өте мықты әрі талантты Ресей құрамасына қарсы маңызды ойын өткіздік. Былтыр жеңіліп едік, есе қайтардық. Ресей хоккейшілері Малкин мен Ковальчук қиын. Олар айдынға шыққанда жүйкең жұқарады. Бұл жолы қақпашымыз мықты ойнады» деді.

Ресей мен АҚШ-тың хоккей құрамалары әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарын қоса есептегенде, 19-кездесулерін өткізді. Әзірге жеті ойында - АҚШ, сегіз матчта Ресей жеңген. Екі матч - тең.

Алайда былтырғы чемпион Ресейді ұтқан АҚШ құрамасы күтпеген жерден Беларусьтен жеңіліп қалды.

Фотогалерея: Хоккейден әлем чемпионатының кейбір сәттері

БЕЛАРУСЬ АҚШ-ТЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖЕҢДІ

Беларусь хоккейі тарихында тұңғыш рет АҚШ құрамасын жеңді. Екі ел осыған дейін жеті рет кездескен. 2014 жылы Минскідегі әлем чемпионатында да бұл екі құрама бір топқа түсіп, 6:1 есебімен тағы АҚШ ұтқан болатын.

Ал биыл АҚШ пен Беларусь мамырдың 7-сі күні Острава қаласында кездесті. Беларусь хоккейшілері 5:2 деген ірі есеппен ұтты. Бұл жеңісті жанкүйерлер «биылғы чемпионаттың алғашқы сенсациясы» деп бағалады. Беларусь құрамасын былтырдан бері америкалық маман Дэйв Льюис жаттықтырады.

Льюис матчтан кейін «Жедел шабуылдар ойластырғанбыз. Содан нәтиже шықты» деді. Ал АҚШ бапкері Тодд Ричардс «Белорустер мықты ойнады. Біз бірінші периодта ғана жақсы ойнадық, бірақ ұрымтал сәттерді пайдалана алмадық. Бұдан соң енді тезірек ес жинау керек» деді.

Беларусь құрамасы әзірге В тобында бірінші келеді. Олар Словенияны 4:2, Данияны 5:1 есебімен жеңіп, Словакиядан қосымша уақытта 1:2 есебімен жеңілді. Енді бұл елдің құрамасы мамырдың 9-ы күні Ресей хоккейшілерімен кездеседі. Беларусь ойыншылары енді Ресейді Жеңіс күні ұтуға барын салмақ.

Оқи отырыңыз: Ресейлік БАҚ хоккей матчын сан-саққа жүгіртті

Беларусь хоккейшісі Андрей Стась «АҚШ-ты жеңдік, демек Ресейді де ұтуға болады. Мамырдың 9-ы болатын матчта аянып қалмаймыз» дейді.

В тобында төрт турдан кейін Беларусь алға шықса, одан кейінгі орындарда Финляндия, Ресей, АҚШ, Словакия, Норвегия және Дания тұр. Ал Словения құрамасының элиталық дивизионнан шығып қалу қаупі бар.

«А» ТОБЫНДАҒЫ КАНАДА ӘЛІ ЖЕҢІЛГЕН ЖОҚ

А тобында әзірге Канада бірде-бір матчта жеңілген жоқ. Латвияны 6:1, Германияна 10:0, Чехияны 6:3, Швецияны 6:4 есебімен жеңді. Мамырдың 9-ы күні Францияны жеңсе, Канада ширек финалға ертерек шыға береді. Былтырғы Минскідегі чемпионатта Канада мен Франция бір топқа түсіп, 3:2 есебімен француздар жеңіп кеткен.

АҚШ-ты жеңдік, демек Ресейді де ұтуға болады. Мамырдың 9-ы болатын [Ресеймен] матчта аянып қалмаймыз.

Жарысты өткізіп жатқан Чехияның құрамасы алғашқы ойында Швециядан овертаймда (5:6) ұтылғанымен, Латвия (4:2) мен Франциядан (5:1) басым түсіп, ширек финалға шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

А тобында төрт турдан кейін көш басында Канада тұр. Одан кейінгі орынға Швеция, Швейцария, Чехия, Германия, Франция, Австрия орналасқан. Бұл топтағы Латвия хоккейшілері элиталық дивизионмен қоштасуы мүмкін.

Мамырдың 1-і күні басталған Чехиядағы әлем чемпионаты осы айдың 17-сі аяқталады. Финал Прагада өтеді.

2014 жылы Минскіде өткен әлем біріншілігінде Ресей хоккейшілері чемпион болған еді. Финалда ол Финляндияны 5:2 есебімен жеңген. Қола медальға таласта Швеция Чехияны 3:0 есебімен ұтып кеткен болатын.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG