Accessibility links

АҚШ-тағы президент сайлауы ерекшеліктері


АҚШ президенті сайлауына дауыс беруші сайлаушы. 6 қараша 2012 жыл.

АҚШ президенті сайлауына дауыс беруші сайлаушы. 6 қараша 2012 жыл.

АҚШ-та президент сайлауы 8 қарашада өтеді, бірақ сайлау науқаны қазірдің өзінде қызып тұр. Республикашылар мен демократтар ішінде президенттікке кандидат болуға тартыс өтіп жатыр. Олардың арасынан біреуі Ақ үйдегі Барак Обаманың орнын басады.

АҚШ президенті болып 2008 жылы алғаш рет, ал 2012 жылы қайта сайланған демократ Барак Обама, АҚШ конституциясына сәйкес, екі мерзімнен кейін қызметінен кетуі тиіс. Яғни, енді елдің негізгі екі саяси партиясы президент сайлауына түсетін өз кандидаттарын ұсынады. Сонымен бірге, өз кандидаттарын өзге шағын партиялар да ұсынады. Бұдан бөлек, президенттік додаға бірер тәуелсіз кандидат та қосылуы мүмкін.

ПРАЙМЕРИЗ, КОКУС, САЙЛАУШЫЛАР АЛҚАСЫ, ПАРТИЯ СЪЕЗІ

Ақпаннан маусымға дейін республикалық және демократиялық партиялар елдің әр штаты мен аймағында іріктеу өткізіп, үміткерлердің бірін кандидат ретінде таңдайды.

Партияның өз ішінде ғана өтетін бұл іріктеу көбінесе алдын ала сайлау немесе «праймериз» деп аталады, бірақ кей жерлерде бұл процедура өтпейді. Штаттардың көбінде алдын ала сайлау кезінде әркім өзі қалаған кандидатқа дауыс береді. Бірақ кейбір штаттарда, мысалы Айовада саяси партия жетекшілерінің жиналысы – кокус өтіп, президенттікке кандидат дебат процесінде тағайындалады.

Ақ үйдің сыртқы көрінісі.

Ақ үйдің сыртқы көрінісі.

Штаттарда праймериз өткен соң өздерінің саяси мақсаттарын қарапайым сайлаушыларға жеткізу үшін кандидаттар бүкіл елді аралайды. Кандидаттар волонтерлер армиясын ертіп, спорт стадиондарында өтетін митингілер сияқты ірі шараларда, сонымен бірге әртүрлі бейресми жағдайларда кездесулер өткізіп, сайлауға дейін қалған мерзімде неғұрлым көп сайлаушымен жолығуға тырысады. Сайлаушылардың қолдауын іздеген кандидаттар жергілікті мейрамханаларға да бас сұғып, тіпті жұрттың үйлерін аралайды.

Бұл - адамды әбден діңкелететін ауыр процесс. Былтыр республикалық партиядан 30-дан аса үміткер шықса, қазір солардың 11-і қалған. Демократтарда былтырғы алты кандидаттан үшеу қалды.

Әр штаттың дауыс беру нәтижелеріне қарай президенттікке ортақ кандидат ұсынатын жалпыұлттық партия съезіне (конвенция) қатысатын делегат саны белгіленеді. Съез шілде айына белгіленген.

Республикалық партияның бүкіл елде 2472 делегаты бар. Сайлауға түсуге үміткер адам делегаттардың көпшілігінің (1237 делегаттың) қолдауын алуы тиіс. Демократтар партиясы жеңімпазына жалпыұлттық съезге қатысатын 4764 делегаттың 2383-нің қолдауы қажет болмақ.

Екі партиядан кандидат ұсыну процесі 1 ақпанда Айовада басталып, кейін өзге штаттарда жалғасады. Президенттікке таласатын болашақ кандидаттарды анықтау үшін республикалық және демокартиялық партиялар Айованың 1700-дей ауданында жеке-жеке кокус өткізеді. Бұдан кейін Нью-Гемпшир (9 ақпан) мен Оңтүстік Каролинада (20 ақпанда) - алдын ала сайлау, ал Невада штатында (23 ақпанда) кокус өтеді.

Вашингтондағы Капитолий ғимараты.

Вашингтондағы Капитолий ғимараты.

Наурыздың 1-і күні, яғни «суперсейсенбі» - бірнеше штатта бір мезгілде праймериз өтетін күн. Бұл күні АҚШ-тың 14 штаты мен бір территориясы алдын ала сайлау өткізеді. Егер бұл күні кандидаттардың бірі үлкен басымдықпен жеңсе, оның бәсекелестері сайлауалды додадан бас тартуы мүмкін. Штаттарда кокус пен праймериз өткізу маусымның орта шеніне қарай аяқталады.

Соңғы штатта праймериз өткеннен кейін президенттік сайлауға түсетін кандидат белгілі бола ма? Әдетте белгілі болады, бірақ үнемі емес. Жаздың аяғына қарай демократтар мен республикашылар жалпыұлттық партия съездерін өткізеді. Республикалық партия съезі биыл 18 шілдеде Кливлендте ашылады, демокартиялық партия жиыны 25 шілдеде басталады. Съезде әр партия президенттікке таласатын өз кандидаты маңына топтасуы тиіс.

Президенттікке кандидаттың кім болатыны әдетте съез қарсаңында анықталып қояды. Бірақ егер партия ортақ кандидатты жұмыла қолдамаса, күтпеген жағдайлар да болуы ықтимал. Мұндай жағдайда депутаттар өзара келісімге келетін аралық съез өтуі мүмкін.

Ақыр соңында ортақ кандидат анықталады, бірақ партия ішіндегі күрес кандидаттың өзіне де, партияға да зиянын тигізуі мүмкін.

САЙЛАУАЛДЫ НАУҚАН – СОҢҒЫ СЕРПІН

Әр партиядан президенттікке кандидатты ресми ұсынған сәттен бастап сайлау өткенге дейін үш айға жуық уақыт қалады. Бұл кезде кандидаттар партияластарының ғана емес, өзге сайлаушылардың да қолдауына ие болу үшін бүкіл елді аралап, сайлаушылармен кездеседі. Радио мен телевизияда саяси жарнама қаптайды.

Бұдан бөлек, бүкіл ел көретін теледебаттар өтеді. Оларда әдетте демократиялық және республикалық партия өкілдері – президент сайлауына түсетін кандидаттар кездеседі. Бірақ кейде дебатқа өзге қозғалыстар ұсынған кандидаттар да қатысады. (Мұндай дебат соңғы рет 1992 жылы болған). Кандидаттар сахнаға шығып, тележүргізушінің сұрақтарына жауап береді.

Ақыры қарашаның бірінші сейсенбісінде америкалықтар президентке дауыс береді.

Президент сайлауы мұнымен аяқталмайды. АҚШ президенті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы емес, сайлаушылар алқасының электоралды дауысымен сайланады. Сайлаушылар алқасы 538 «сайлаушыдан» тұрады. Ақ үйдің болашақ қожайыны – президенттікке кандидат кемінде 270 электоралды дауыс жинауы тиіс.

АҚШ-та президент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушылар. Лос-Анжелес, 6 қараша 2012 жыл.

АҚШ-та президент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушылар. Лос-Анжелес, 6 қараша 2012 жыл.

Әр штаттың электоралды дауыс саны штаттың конгрестегі өкіл санына тең. Бұл сан штат халқының көлеміне байланысты анықталады. Мысалы, халық тығыз қоныстанған Калифорния штатының конгресте 55 өкілі бар. Яғни Калифорния штаты 55 электоралды дауысқа ие. Ал халқы аз Аляска штатының конгресте үш-ақ өкілі бар, сондықтан небәрі үш дауысқа ие.

Американың 50 штатының 48-інде электоралды дауыс «жеңімпаз бүкіл дауысқа ие болады» принципімен беріледі. Яғни штат ішіндегі сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болған кандидат штатқа тиесілі электоралды дауыстың бәрін алады. Калифорнияда жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жеткен кандидат артық-кемі жоқ 55 дауыс алады.

Бұл жүйені Мэн және Небраска штаттары ғана ұстанбайды. Бұл екі штатта Конгресс сайлауында ең көп дауыс жинаған кандидаттар бір-бірден электоралды дауыс алады.

Бірақ, жалпыхалықтық сайлауда жеңілген кандидат сайлаушылар алқасының көп дауысын алып жеңіп кетуі мүмкін. Мысалы, 2000 жылы осылай болды. Сайлаушылардың көбі демократиялық партиядан сайлауға түскен Альберт Горға дауыс берді, бірақ ол электоралды дауыстың көбін алмады. Сондықтан небәрі 266 дауыс алған Гор емес, 271 электоралды дауыс жиған кіші Джордж Буш жеңімпаз деп жарияланды. (19 ғасырда да екі рет осылай болған.)

2017 жылдың 20 қаңтарында Барак Обама қызметінен ресми түрде кетіп, АҚШ-тың жаңа президенті төрт жылдық қызметіне кіріседі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG