Accessibility links

Порошенко: Украина қорғануға әзір болуы тиіс


Украина президенті Петр Порошенко АҚШ конгресінде сөйлеп тұр. Вашингтон, 18 қыркүйек 2014 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко АҚШ конгресінде сөйлеп тұр. Вашингтон, 18 қыркүйек 2014 жыл.

Украина президенті егер бітім туралы келісім орындалмаса, мемлекет өзін қорғауға дайын болу керектігін мәлімдеді.

Украина президенті Петр Порошенко егер ресейшіл сепаратистермен жасалған бейбіт келісім процесі орындалмайтын болса Украина өзін қорғауға дайын болуы тиіс деп мәлімдеді. Бірақ ол елдің оңтүстік-шығысындағы қақтығыс күш қолдану арқылы шешілмейтінін ескертті.

21 қыркүйекте БАҚ өкілдері алдында сөйлеген Порошенко бұған қоса Украина Донецк мен Луганск облыстарында сепаратистерге қарсы жүргізген антитеррорлық операция барысында әскери техникасының 65 пайызынан айырылғанын да айтты.

Киев пен ресейшіл сепаратистер алғаш рет 5 қыркүйекте атысты тоқтату туралы бітім жасасқан. Екі жақ бірнеше рет қақтығысып, бітімді бұзды деп бір-бірін айыптағанына қарамастан 19 қыркүйекте артиллериясы мен ауыр әскери техникаларын қақтығыс аймағынан 30 километр қашықтыққа әкетуге және ол маңда қауіпсіздік аймағын құруға келіскен.

Порошенко бұған дейін парламентке Донецк мен Луганскідегі бүлікшілерге шектеулі өзін-өзі басқару мүмкіншіліктерін беретін жоба ұсынып, парламент оны мақұлдаған.

Бірақ украин әскерилері 21 қыркүйекте "ресейлік әскерилер" үкімет сарбаздарын атқылауды тоқтатпай отыр деп айыптап, қақтығыс аймағынан шегінбейтінін мәлімдеген.

Украиналық журналистердің сұрақтарына жауап берген Порошенко елдің шығысына әскерді көптеп жіберудің пайдасы жоқтығын айтқан. "Украинаның шығысына армия бөлімшелерін қаншалықты көп жіберген сайын Ресейден жөнелтілетін әскер де көбейе береді" деген ол.

Украинаның батысшыл саясаткерлері Порошенконы Донецк мен Луганскідегі сепаратистерге үш жыл мерзімге шектеулі өзін-өзі басқару мүмкіншілігін беру және үкімет күштеріне қарсы соғысқан кейбір сепаратистерге рақымшылық жасау жоспары үшін сынаған. Бірақ Порошенко өз жоспары тұтқын алмасуды және "азаптау көріп жатқан" украиналық тұтқындарды үйлеріне қайтаруды көздейтінін айтады.

Соңғы екі күнде Донецк облысында ресейшіл сепаратистермен тұтқын алмасу келісімі аясында 63 украин азаматы тұтқыннан босатылған.

Порошенко 18 қыркүйекте Вашингтонға сапарында АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп, Конгресте сөйлеген.

Вашингтон Киевтің әскери көмек көрсету туралы өтінішін қабылдамағанымен, Украинаға жаңадан 53 миллион АҚШ доллары көлемінде көмек беруге уәде еткен.

Порошенконың айтуынша, Киев шетелден жаңа барлау құралдарын, радар мен бақылау жүйелерін алып, қару-жарағының тиімділігін "бірнеше есеге арттырмақ".

Бұдан бұрын украиналық әскерилер өкілі Андрей Лысенко сепаратистер мен ресейлік әскерилерді 5 қыркүйекте жасалған бітімді бұзып отыр деп айыптаған. Ол сепаратистер үкімет әскерінің бақылауындағы Донецк әуежайына жаңа шабуыл жасағанын айтқан. Донецк қаласын қазір сепаратистер бақылауда ұстап отыр.

Лысенконың сөзінше, бітім шарты бұзылып отырғандықтан қауіпсіздік аймағын құру идеясы іске аспауы да мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG