Accessibility links

Бүркітші қыз Айшолпанды батысқа танытқан фильм


Моңғолияда тұратын Айшолпан Нұрғайыпқызының бүркіт ұстап тұрған суреті. (Facebook қолданушысы Michelle Rodriguez-тің парақшасындағы фото.)

Моңғолияда тұратын Айшолпан Нұрғайыпқызының бүркіт ұстап тұрған суреті. (Facebook қолданушысы Michelle Rodriguez-тің парақшасындағы фото.)

Батыстың бірнеше басылымы Моңғолияның ең атақты бүркітшісіне айналған қазақ қызы Айшолпан Нұрғайып жайлы жазған.

W Magazine журналының «Бүркітші» фильміндегі адам нанғысыз оқиға» атты мақаласында Отто Беллдің «ғасырларға жалғасқан дәстүрді қазіргі Моңғолияның тұңғыш атақты бүркітшісіне айналуға деген талпынысымен ұштастырған жас қыз» – Монғолияда тұратын этникалық қазақ қызы Айшолпанның тарихын баяндайтын «Бүркітші» (Eagle Huntress) фильмінің түсірілімі туралы жазған.

Отто Белл израильдік фотограф Ашер Свиденски түсірген Айшолпанның фотосуреттерін алғаш көрген кезде Айшолпан Нұрғайыптың өмірі туралы деректі фильм түсіруге ынтық болғанын айтады. Ол іле-шала «әлемде халық ең аз қоныстанған елдің ең қиыр түпкіріне» (Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Алтанцөгц ауданы) алғаш барған әрі бүркіттің ұясынан балапан алу үшін Айшолпан аса қиын тапсырмаға аттанайын деп жатқан қолайлы сәттің үстінен түскен. Балапандар енесінің қамқорлығынсыз тіршілік ете алатын, бірақ ұшуды әлі үйренбеген бірер күн ішінде ғана өткізуге болатын әлгі операция сәтті аяқталып, Айшолпанның өз бүркіті пайда болған.

Бала бүркітті баптау сәтін, әйелдер арасынан алғашқы болып Айшолпан қатысқан «Алтын қыран» фестиваліндегі сайысты және оның қыранмен түлкі алған алғашқы сонарын түсіру үшін түсірілім тобы кейінгі айларда Моңғолияға бірнеше мәрте барған.

Бүркітті аңға салып жатқан бала. Сурет Алматы облысы Нұра ауылы маңында өткен саятшылар жарысында түсірілген. 13 ақпан 2016 жыл.

Бүркітті аңға салып жатқан бала. Сурет Алматы облысы Нұра ауылы маңында өткен саятшылар жарысында түсірілген. 13 ақпан 2016 жыл.

Америкалық North West Herald газетіндегі «Бүркітшілер» – жас пен кәрінің жүрегін елжіреткен аңыз» деген мақалада Айшолпанды «ұяң мінезді, қызыл шырайлы және шаңырақтағы алғашқы бүркітші қызға айналған қайсар қыз» деп сипаттаған. Картина продюсері әрі сюжетті баяндаушы – әйгілі «Жұлдызды соғыс: Күштің оянуы» фильмінен танылған британдық актриса Дэйзи Ридли.

Фильм] көрерменді Айшолпанның заманауи әрі ежелгі дүние көрінетін әлеміне жетелейді.

«[Фильм] көрерменді Айшолпанның заманауи әрі ежелгі дүние көрінетін әлеміне жетелейді. Ол әке-шешесі және отбасының өзге мүшелерімен даңғарадай кең киіз үйде тұрады. Анасы тамақ пісіріп, үй жинайды, әкесі моңғол даласында ешкі, ірі қара мал бағады. Айшолпан үй шаруасына қолғабыс етеді әрі сыныптағы үздік оқушы, ол дәрігер болғысы келеді. Бірақ оның ең басты арманы – әке жолын қуып, бүркітші болу. […] Жүрек тебірентер оқиғалары мен адамды еліктіріп әкететін пейзаждарының арқасында «Бүркітші» фильмі жас буынға шабыт сыйлап, керемет әсерге бөлері сөзсіз» деп жазады North West Herald.

Америкалық Daily News газетінің «Бүркітшілер» тәрізді дүниені ешқашан көрген жоқсыз» деген мақала авторлары да фильмге қайран қалған. «Батыс Моңғолиядағы Алтай тауларының сілемдері етегінде түсірілген фильм этникалық көшпелі қазақтар ұрпағы кәсіп ететін ұсақ аңға бүркіт салу сияқты ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрді көрсетеді […]». Ол әдетте әкеден ұл балаға даритын кәсіпке үйренген алғашқы қыздардың бірі Айшолпанның жетістіктерін көрсетеді» деп жазады. Daily News басылымы Айшолпанды «ұяң болғанымен, ойында еш алаңы жоқ бала, ол әрдайым өз-өзіне сенімді сияқты көрінеді» деп сипаттайды.

Айшолпанның әкесі Нұрғайып – Моңғолиядағы белгілі бүркітшілердің бірі. «Нұрғайып қызын құз жартастағы бүркіт ұясынан алғашқы балапанын алып, бала бүркітті баптауға, тәжірибелі 70-тен аса жігітпен таласып, «Алтын қыран» аймақтық жарыстарында жеңіске жетуге, ақыры Орталық Азияның қақаған аязында сонарға шығу үшін иен түзге аттануға шыдамдылықпен, үлкен сеніммен әрі мақтанышпен баулып жүр» деп жазған мақалада.

Ұлыбританияның BBC News сайтында жарияланған «Орталық Азия елдері суға таласып соғысуы мүмкін бе?» деген мақалада Орталық Азияда «су мен электр жарығына қатысты дағдарыс басталып келеді» деп жазған. Табиғат ресурстарын алмасудың советтік жүйесі күйрегеннен кейін тау елдерінің халқы үнемі өшіп қалатын электр қуатынан, әсіресе қыс айларында тарыға бастады, ал ағыс бойында төмен жатқан елдер жаз айларында су тапшылығынан зардап шегеді. «Нашар басқару, коррупция және адам құқығын бұзу сияқты проблемаларға бағаның шарықтауы, жұмыс іздеген халықтың аймақ елдеріне жаппай ағылуы қосылды. Бұған болашақтан түңіліп, экстремистік ұйымдарға көптеп қосылып жатқан жастар мен Ауғанстандағы соғыстың біртіндеп Өзбекстан мен Тәжікстан шекарасына жақындап келе жатқанын қосыңыз» деп жазады ВВС сайты.

Орталық Азия елдерінің үкіметтері энергетика мен су ресурстарына қатысты проблемаларды шешу мақсатында өзара ынтымақтастықты нығайтуы тиіс, ал бұл елдердің халықтары жарқын күндер туар деген үмітін үзбей, төзімділік танытып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG