Accessibility links

Царнаевтың досы Бостон тұрғындарынан кешірім сұрады


Бостондағы жарылыс құрбандарын еске алуға келгендер терактіден қаза тапқан университет студенті Лу Лингзидің суретіне гүл қойып жатыр. Бостон, АҚШ, сәуір 2013 жыл.

Бостондағы жарылыс құрбандарын еске алуға келгендер терактіден қаза тапқан университет студенті Лу Лингзидің суретіне гүл қойып жатыр. Бостон, АҚШ, сәуір 2013 жыл.

Үш жарым жылға сотталған қазақстандық Азамат Тәжаяқов Бостон тұрғындары алдында істеген қылығына өкінетінін мәлімдеді. Ол досы Джохар Царнаев жасаған терактіні айыптады.

2013 жылдың мамырында Бостон марафонында теракт жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың айғақ заттарын жоюға тырысқан үш досы да түрлі мерзімге сотталды. Олар – қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев және америкалық Робел Филлипос.

Американың Wall Street Journal газетінің жазуынша, оларға теракт жасауға көмектесті немесе теракт жоспары туралы білген деген айып тағылмаған. Бірақ, прокурорлар Дартмут қаласындағы Массачусетс университеті жатақханасының бөлмесіне барған жас жігіттердің әрекеті Царнаевты іздеу шараларына кедергі келтіруі мүмкін еді деп есептейді.

«МЕН ЭКСТРЕМИЗМДІ ҚОЛДАМАЙМЫН»

Маусымның 5-і күні 21 жастағы Азамат Тәжаяқов «Царнаевтың рюкзагын жоюға қатысы бар» деген айыппен 3 жыл 6 айға сотталды. Тәжаяқовтан ноутбукке қатысты айып алынып тасталды.

Азамат Тәжаяқовтың сотқа дейін түрмеде өткізген екі жылы ескеріледі. Оның адвокаты жаза мерзімін 26 аймен шектеуді сұраған. Ал прокуратура қазақстандық азаматты төрт жылға соттауды талап еткен. Алқа билердің бірі «бұдан да қатаң жазаға лайық Тәжаяқовты 10 жылға соттау керек» деп мәлімдеген.

Қазақстандық жастар Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) достары Джохар Царнаевпен Нью-Йоркте түскен суреті.

Қазақстандық жастар Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) достары Джохар Царнаевпен Нью-Йоркте түскен суреті.

Сот отырысы кезінде Тәжаяқов істеген қылығы үшін өкінетінін мәлімдеп, ағайынды Царнаевтар ұйымдастырған терактіні айыптаған.

– Бостон тұрғындарынан істеген қылығым үшін кешірім сұраймын. Көптеген адамның көңілін қалдырдым. Өткенді өзгерту қолымнан келмесін білемін, бірақ ол ісіме өкінемін, - деген көз жасын әрең ұстаған Тәжаяқов.

Американың Boston Globe газетінің хабрлауынша, сотта Азамат Тәжаяқов Джохар Царнаевтан аулағырақ тұруға тырысқан.

– Джохардың 15 сәуірдегі қылмысы жаныма батады. Мен экстремизмді, исламдық радикализмді қолдамаймын, - деп мәлімдеген ол.

АҚШ-тың округтық судьясы Дуглас Вудлок сотта Тәжаяқов тиісті жазасын алуы тиіс деп мәлімдеген. Оның пікірінше, Тәжаяқовты «кездейсоқ қырсық шалған» деп ақтауға болмайды, «бұл – оның өз шешімі» болған.

Boston Globe газеті судьяның «әлгі айғақ заттардың қылмысқа тікелей қатысы барын білгенімен, олардың көзін жоюға келіскен» деген сөздерін келтіреді.

Алқа билердің бірі Дэвид Арчибольдтың пікірінше, Тәжаяқов «тым жеңіл жазамен құтылып отыр».

WBZ-TV телеарнасы Арчибольдтың «Егер ол ештеңені бұғып қалмай, бірден хабарлағанда, полицей қаза таппайтын ба еді, бәлкім. ФБР кімді іздеу керегін жақсы білді» деген сөздерін келтірген.

«ТЫМ ҚАТАЛ ҮКІМ»

Boston Globe газетінің хабарлауынша, Азамат Тәжаяқовтың әкесі үкімді «тым қатал үкім» деп атаған.

Адвокат Аркадий Бух Әмір Исмағұловтың сөзін журналистерге «42 айды тым, тым қатал үкім деп санаймыз» деп аударған.

Оның айтуынша, баласы Бостондағы теракт құрбандарына орнатылған мемориалға гүл шоғын қойып, тағзым етуді өтінген.

Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.

Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.

– Тергеу амалдарына бөгет келтіретіндей немесе Бостон тұрғындарына зардап келтіретін әрекет жасағанына ол шынымен өкінеді, - деп мәлімдейді Тәжаяқовтың әкесі.

Қысқа сөйлеген Азамат Тәжаяқов залда отырғандарды көзбен шолып өтіп, арт жағында отырған отбасы мүшелеріне қолдау танытқаны үшін алғыс айтты.

– Осындай сынақ кезінде жанымнан табылғандарыңа рақмет. Сендер болмасаңдар қиын болар еді. Сендерді жақсы көремін, - деген ол.

Тәжаяқовтың адвокаты Николас Вулридждің мәлімдеуінше, Азамат 2013 жылдың сәуірінде дұрыс шешім қабылдамағанын түсінеді.

– Полицияға хабарлауы тиіс болғанын ол біледі. Полицияға хабарлауы тиіс болғанын ол мойындайды, - дейді Николас Вулридж.

Boston Herald газетінің жазуынша, Тәжаяқовтың адвокаттары апелляция бермек. Бірақ, Тәжаяқовтың қамауда өткізген екі жылы мен үлгілі тәртібі ескеріліп, бостандыққа 9 айдан кейін шығуы мүмкін деген болжам бар.

Ағайынды Царнаевтарды ұстау кезінде жараланған полицей Дик Донахью Twitter желісінде үкімге қатысты «Тағы бірі 42 айға сотталды. Сот төрелігі орнады» деп комментарий жазған.

21 жастағы Робел Филлипос – Бостон қаласындағы 2013 жылдың сәуірінде 3 адам мерт болып, 260-тан аса адам жараланған жарылыстан кейін сотталған Джохар Царнаевтың үш досының соңғысы.

Терактіге қатысты тергеу амалдарын жүргізген ФБР тергеушілеріне өтірік айтқаны үшін сот Филлипосты үш жарым жылға соттау және 25 мың доллар айыппұл салу туралы үкім шығарған. Ол Тәжаяқов пен Қадырбаевпен бірге студенттік жатақханадағы Джохар Царнаевтың бөлмесінен оның ноутбугі мен рюкзагын алып шыққан деп танылды. Оның адвокаттары үкімге қатысты шағым бермек.

Баласына үкім жариялағаннан кейін сот залынан шыққан Робел Филлипостың анасы журналистерге «Өрімдей жас жігітті түрмеге аттандыру сұмдық жарылыс құрбандарына бәрібір көмектеспейді. Бұл әділ сот төрелігі де емес» деп мәлімдеді.

Царнаевтың үш досының ішінде ең ұзақ мерзімге қазақстандық Диас Қадырбаев сотталды. Маусымның 2-сі күні сот оны алты жылға кескен.

Мамыр айында сот алқасы мүшелері Джохар Царнаевты өлім жазасына кескен. Судьяның үкімі маусымның 24-і күні жарияланады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG