Accessibility links

Орталық Азия тағамын матрешкаға ұқсатады


Қазақ мәдени орталығы ұйымдастырған Наурыз тойында ас әзірленіп жатқан ошақтың басында тұрған адамдар. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақ мәдени орталығы ұйымдастырған Наурыз тойында ас әзірленіп жатқан ошақтың басында тұрған адамдар. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Британдық New Statesman журналындағы «Орталық Азия тағамы неліктен матрешкаға ұқсайды?» атты мақалада белгілі ағылшын журналисі Кэролайн Иденнің «Самарқан – Орталық Азияға тағам сапары» кітабын сипаттаған.

МИНОРИТАРЛЫҚ АКЦИОНЕРЛЕР

Егер «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» («ҚМГ БӨ») миноритарлық акционерлерінің мүддесін ескермейтін болса, онда халықаралық инвесторлар Қазақстандағы жекешелендіру жоспарына қатысуға ниет танытпауы мүмкін деп санайды сарапшылар.

Ұлыбританиялық Financial Times газеті «Қазақстандағы жекешелендіру халықаралық инвесторлардың сынына қалды» атты мақаласында «егер билік «ҚМГ БӨ» мемлекеттік мұнай компаниясының миноритарлық акционерлеріне деген қатынасын өзгертпесе», халықаралық инвесторлар Қазақстанның амбициялық бағдарламасынан іргесін аулақ салатынын ескертеді деп жазады. Бұл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзінің еншілес кәсіпорны, құнды қағаздары Лондон қор биржасында саудаланатын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясына бақылауды күшейтуге тырысқаннан кейін айтылып отыр.

Басылымның жазуынша, миноритарлық акционерлерге олардың акцияларының әрбірін 7,88 доллардан сатып алу туралы ұсыныс жасалуын кейбір сарапшылар «өрескел арзан» деп атаған. Мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсылық білдірген «ҚМГ БӨ» компаниясының тәуелсіз директорлары ол «компанияны корпоративтік басқаруды елеулі түрде әлсіретеді» деп мәлімдеген.

Қызылорда облысындағы кеніште тұрған мұнай компаниясының жұмысшысы. 21 қаңтар 2016 жыл.

Қызылорда облысындағы кеніште тұрған мұнай компаниясының жұмысшысы. 21 қаңтар 2016 жыл.

Қазақстандық ірі мұнай компаниясындағы бұл даулы мәселе Қазақстан билігі елге шетелдік инвестиция тартуға бағытталған жекешелендіру жоспарын әзірлегеннен кейін бар болғаны бірнеше ай өткенде шығып отыр. Ол жоспардың бір бөлігі бойынша, мемлекеттік ірі кәсіпорындарда, солардың арасында «ҚМГ БӨ» компаниясында да монитарлық үлестерді еркін айналымға шығару көзделген. «Бірақ, «ҚМГ БӨ» акционерлері егер Қазақстан билігі «ҚМГ ҰК» ұсынысына байланысты өздерінің алаңдаушылығын назарға алмайтын болса, онда жекешелендіру келісімдерін жасау үшін елге инвестор тарту қиынға түсетінін ескертеді», – деп жазады Financial Times.

Өткен аптада Лондонда миноритарлық акционерлермен кездескен [«ҚМГ»] өкілдері «ҚМГ БӨ» тиімділігін арттыруға бағытталған деп санайтын өз ұсыныстарының пайдалы екендігіне олардың көзін жеткізуге тырысты» деп жазады Financial Times.

Бұл ұсыныс тамыздың 3-іне шақырылған акционерлердің төтенше жалпы жиналысының қарауына шығарылмақ. Ол күшіне енуі үшін миноритарлық акционерлердің көпшілігі оны қолдап дауыс беруі қажет.

БАЛҚАШ ЖӘНЕ АЗИЯ ТАҒАМДАРЫ

Ұлыбританияның Telegraph газетіндегі «Планетаға көзқарасыңызды өзгертетін NASA фотосуреттері» атты мақалада келтірілген ең таңдаулы фотолар қатарында Балқаш көлінің ғарыштан түсірілген суреттері жарияланған.

«Төменде биыл бұған дейін 47-экспедицияның ұшқыш-инженері Джефф Уильямстың космостан түсірген табиғаттың таңғажайып суреттерін, соның ішінде батқан күннің кереметі мен Қазақстандағы Балқаш көлінің көз жауын алар әсем суретін көруге болады, бұл да сол экспедицияда түсірілген», – деп жазады басылым.

Лағман кеспесін әзірлеп жатқан адам. (Көрнекі сурет.)

Лағман кеспесін әзірлеп жатқан адам. (Көрнекі сурет.)

Ұлыбританиялық New Statesman журналындағы «Орталық Азия тағамдары неге матрешкаға ұқсайды?» атты мақалада белгілі ағылшын журналисі Кэролайн Иденнің Элеанор Фордпен бірге жазған «Самарқан – Орталық Азияға тағам сапары» (Samarkand – a culinary journey through Central Asia) кітабы сипатталған. Мақала авторының пікірінше, Орталық Азия мен Кавказ тағамдары аса танымал емес. Автор ол туралы «бәлкім, өзінің үлкен аумағы мен оғаш (өте оғаш) диктаторын есептемегенде, аймақтың атын шығаратындай нәрсе жоқ», - деп жазады.

Кітапта Азия мен Еуропаны жалғаған Ұлы Жібек жолы бойында Самарқанның маңызды рөл атқарғаны баяндалған. Орталық Азия тағамдарын матрешкамен салыстырған автор: «мейлі саяхатшылар немесе жаугершілермен келсін, әйтеуір бір кездері осы аймақ арқылы өткен әр мәдениеттің ықпалы қабаттасқан» деп жазған.

«Мұнда, аймақтағы ерекше қарама-қайшылықтың бірінен сіз жұқа етіп әзірленген лаваш пен солтүстік Үндістан тағамына ұқсас самсамен берілетін батыс Қытайдың қолдан созылған үлкен кеспесін, Таяу Шығыстың хош иісті жұмсақ күрішін, сонымен бірге қой етінен отқа пісірілген кәуап пен дәмі өткір борщты, корей консервілері мен гүлді шай, божыған түйе сүті немесе мол етіп шарап құйылған түрік тұздықтарын табасыз», – деп жазады New Statesman.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG