Accessibility links

Қазақ мұнайының 25 пайызына Қытай иелік етеді


Ху Цзиньтао (оң жақта), Қытай халық республикасының төрағасы мен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Қазақстан президенті. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл

Ху Цзиньтао (оң жақта), Қытай халық республикасының төрағасы мен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Қазақстан президенті. Бейжің, 22 ақпан 2011 жыл

Financial Times («Файнаншл Таймз») басылымы ақпанның 22-індегі нөмірінде Қазақстан Қытаймен арада құны миллиардтаған долларға бағаланатын бірқатар келісім-шарт жасады деп жазады. Осылайша Астана біртіндеп Мәскеудің ықпалын азайтып, Пекиннің ығына қарай жығылып бара жатыр деген ой айтады басылым.


Сейсенбіде Пекинде кездескен екі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның суды пайдалану құқығынан бастап Қытайға уран жеткізу және энергетикалық инфрақұрылымдарға 5 миллиард АҚШ доллары көлемінде қарыз беру секілді бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізгенін жазады Financial Times.

ҚЫТАЙДЫҢ МҮДДЕСІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ САЛАДАН АРЫДА ЖАТЫР

Қытай көптеген жылдар бойына Қазақстанда мұнай өндіру саласына инвестиция салып келген еді. Ал соңғы ресми кездесу Бейжіңнің мүддесі энергетикалық саламен шектеліп қалмайтынын көрсетті.

Басылым ресми сапардың барысында Қытайдың Қазақстанның ұлттық қорын дамытуға 1,7 миллиард АҚШ доллары, мұнай химиясы кешеніне 5 миллиард АҚШ доллары шамасында несие бөлу келісімін бекіткеніне назар аударады. Бұдан бөлек Бейжің ядролық отынға деген сұранысын өтеу үшін

Қазақстаннан Қытайға 55 мың тонна уран жеткізу турасындағы уағдаластыққа қол жеткізген. Ол аз болса Алматы мен Астана қалалары арасында жоғары жылдамдықтағы темір жол құрылысын салуда Қытайдың теміржол министрлігімен өзара түсіністік меморандумына қол қойылған.
Қытай жұмысшысы Янцзы өзенінен жүк контейнерін өткізіп тұр. Вухан, Хубей провинциясы, 26 наурыз 2010 жыл

Кездесу барысында Қытайдың батысынан Қазақстанның шығыстағы шекарасын кесіп өтетін өзендер суының тазалығын бақылау және жерді құнарландыру саласына қатысты келісімдерге де қол жетті. Қазақстанды өзінің азық-түлік қоры ретінде санайтындықтан жерді құнарландыру саласы Қытай үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болып есептеледі деп жазады Financial Times.

Оксфордтың энергетикалық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Шамиль Еникеев: «Қытай шын мәнінде аймақтағы үлкен, алып күшке айналды. Ресейдің дәурені өтті, болашақ енді Қытаймен байланысты. Қытай қаржылық қуаты және ұзақ мерзімді, ауқымы зор жобаларды жүзеге асыру жағынан Ресейді артқа тастап кетті» дейді.

Басылым: «Қазақстан мен Ресей Совет одағы құлағаннан бері тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Содан болар, Ресей Қазақстанның мұнай-газ саласында бұрынғыдай әлі де белсенділік танытып отыр. Қазақ кеденінің мәліметі бойынша, Ресей мен Қытай Қазақстанмен екіжақты сауда-саттықта иық тіресіп тұр» деген мәлімет келтіреді.

ҚЫТАЙ ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫН ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНА АЛДЫ

Қытай жағы 1990 жылдары өзінің болашақтағы экономикалық өсімін қамтамасыз ету және Таяу Шығыстан жеткізілетін энергетикалық шикізатқа тәуелділікті азайту мақсатында Қазақстанның мұнай активтерін иемдене бастаған. Visor Capital ("Визор Капитал") банкінің зерттеу тобының мәліметі бойынша, қазір Қазақстанда өндірілетін мұнайдың ширегіне, яғни 25 пайызына Қытай компаниялары иелік етеді.
Көрнекі сурет

Орталық Азия елдері уран, мыс, алтын, никель, т.б. Қытайдың экономикалық қуатын арттыруына қажетті барлық табиғи ресурстарға бай деуге болады. Ақпан айының 22-сінде қол қойылған келісімге сәйкес, Қазақстан Қытайды 55 мың тонна уранмен қамтамасыз етеді. Уағдаластықтың шарттары жарияланбағанымен, аталған мөлшердегі радиоактивті материалдың қазіргі нарықтық бағамен алғандағы құны 8,5 миллиард АҚШ долларына тең деген дерек келтіреді Financial Times.

Қытай 2007 жылы ашылған Қазақстанның орталығынан Қытайдың батыс шекарасына мұнай тасымалдайтын құбырды ұзартуға және оның құрылысына қаражат бөлуге көмектеседі. Бұл құбыр қазіргі күні Қазақстанды ұзына бойы қамту және Қытайды Каспий теңізіндегі мұнайдың мол қорына жеткізу мақсатында ұзартылып жатыр.

Қазақстан мұнай кен орындарын ресейлік, қытайлық және батыстық инвесторлармен бірге игере отырып өз мүддесін тең ұстауға ұмтылған. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысы Қытайдың қазақ мұнайына қолын тереңдете салып, экономика саласына дендей енуіне мүмкіндік туғызды дейді басылым.

2009 жылы дағдарыстың күшіне мінген шағында Бейжің Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясы «Қазмұнайгазға» келешекте Қытайға мұнай жеткізіп берумен өтелетін 5 миллиард АҚШ доллар көлемінде көмек қаржы ұсынған. Бұдан өзге, Қытай Қазақстанның Даму Банкіне экономиканың мұнай мен газға тәуелділігін шектеу үшін транспорт, телекоммуникация және ауылшаруашылығына қатысты жобаларды қолдауға 5 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде қарыз бергенін жазады басылым.

Алайда, қытай компанияларының Қазақстан экономикасындағы үлес салмағының артуы елде Қытай ықпалының күшейіп кетуі мүмкін деген алаң туғызып отыр. Ал Тәуекелді бағалау зерттеу орталығының (Consultancy Control Risks) директоры Майкл Денисон: «Қазақстан Қытайға шикізат берумен ғана шектеліп қалғысы келмейді» деген пікір білдірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG