Accessibility links

Қытай экономикасының қуаты мен мұнай бағасы


Тяньаньмэнь алаңындағы ескерткішті тазартып жүрген жұмысшы. Пекин, 1 қараша 2013 жыл.

Тяньаньмэнь алаңындағы ескерткішті тазартып жүрген жұмысшы. Пекин, 1 қараша 2013 жыл.

Батыс баспасөзі қытай диссиденті Пу Чжицянның соты, Қытайдағы ең ірі мұнай өңдеу компаниясы мен Ирактың бірлескен кәсіпорын құру жайлы келісімі және мұнай бағасы соңғы 11 жылда ең төменгі деңгейден түсіп кеткенін талқылап жатыр.

ҚЫТАЙ ДИССИДЕНТІ

Американың New York Times газеті осы аптада «Пікір» айдарымен 14 желтоқсанда Қытай астанасында сот тыңдауы өткен құқық қорғаушы әрі заңгер Пу Чжицян туралы қытайлық суретші әрі саяси диссидент Ай Вэйвэйдің мақаласын жариялады. Бұған дейін Ай Вэйвэй 2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне қатысып, түрмеде отырып шыққан белсенді Роза Төлетаеваның суретін салғаны мәлім.

Пу Чжицян кезінде «салық төлеуден жалтарды» деген айыпқа қалған Ай Вэйвэйдің мүддесін қорғаған. Ай Вэйвэйдің жазуынша, оған айып Қытайдың құпия түрмесінен босағаннан кейін тағылған. Ол 81 күнді сол түрмеде өткізген, оны көбінесе саяси қызметіне байланысты тергеген. Апелляциялық шағым беру үшін ол «саяси белсенділерді жанқиярлықпен қорғауға әзір санаулы адвокаттардың бірі» Пу Чжицяннің көмегіне жүгінген.

Қытай суретшісі әрі диссидент Ай Вэйвэй Лондондағы көрмесіне келген фототілшілер алдында тұр. 15 қыркүйек 2015 жыл.

Қытай суретшісі әрі диссидент Ай Вэйвэй Лондондағы көрмесіне келген фототілшілер алдында тұр. 15 қыркүйек 2015 жыл.

Ай Вэйвэйдің айтуынша, Чжицяннің көп жылдық құқық қорғау қызметі мен «батыл әрі жоғары біліктілігі оны саяси қудалау нысанына айналдырған». Вэйвэйдің пікірінше, «үкімет Пу Чжицяннің өсіп бара жатқан ықпалынан қауіптенеді».

Пу Чжицянді 2014 жылдың мамырында – Тяньаньмэньдегі наразылық шеруін қуып таратудың 25 жылдығына алаңға барғаннан кейін ұстап әкеткен. Чжинцянға «арандатумен айналысып, ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған. Ол Қытай билігінің саясатын сынаған кейбір сөздері үшін жауапқа тартылған. Сейсенбі күні ол үш жылға сотталды, бірақ жаза мерзімін өтеу үш жылға кейінге қалдырылған.

Вэйвэй сот мұндай шешімді «халықаралық қысымның арқасында» қабылдаған сияқты деп долбарлайды. Бірақ сот үкімі Чжинцянды адвокаттық лицензиясынан, демек пікірін білдіру мүмкіндігінен де автоматты түрде айырады. Вэйвэй енді полиция оның әр қадамын аңдып, «егер таяудағы үш жыл ішінде ол саяси қызметімен қайта айналыса бастаса, оны кез келген сәтте түрмеге қамауы мүмкін» деп жазады.

– Қазір бүкіл әлем Қытайдың экономикалық қуаты жайлы жар салып жатыр, бірақ бұл өсімнің құны – адам бостандықтары мен құқықтары екенін ешкім жадынан шығармауы тиіс. Өкінішке қарай, Қытайдың өз іші мен тысқары жерлерде жұрттың көбі сот жүйесі коммунистік партияның билігіне бағынышты екеніне көндіккен, – деп жазады Ай Вэйвэй мақаласында.

ҚЫТАЙҒА АРНАЛҒАН МҰНАЙ

Ал сенімді дереккөздеріне сілтеме жасаған Wall Street Journal басылымы, Қытайдың ең ірі SINOPEC (Sinopec China Petroleum & Chemical) компаниясы мен Ирак елі арасында мұнай сатумен айналысатын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келіссөз жүріп жатқаны туралы жазады. Бұл келіссөздер Иран келесі айдың басында санкциядан құтылып, мұнай нарығына шығады, демек мұнай сатушы елдер арасында бәсекелестік күшейеді деген болжам жасалып отырған тұста жүріп жатыр.

Қазір Ирак мұнайы үшін ең ірі тұтынушы – Қытай нарығы болып отыр. АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасы мәліметі бойынша, былтыр Ирак экспортқа шығарған мұнайдың 22 пайызын Қытайға жөнелткен.

МҰНАЙ БАҒАСЫ ӘЛІ ҚАНША АРЗАНДАЙДЫ?

Кейбір факторлар мұнай бағасы 2004 жылғы ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырауына алып келді. 21 желтоқсанда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 36,51 долларға дейін арзандады. Кейін Brent мұнайы қайта қымбаттап, қазір баға 37,89 доллар шамасында құбылып тұр.

New York Times газетінің жазуынша, мұнай бағасының құлдырауын жуық арада ештеңе тежей алмауы мүмкін. ОПЕК ұйымына мүше елдер мұнай өндіруді шектеу жөнінде ортақ келісімге келе алмаған соң желтоқсанда баға шамамен 15 пайызға арзандады. Көп ұзамай Парижде әлемде мұнайға тәуелділікті азайтуды және парник газдарының бөлінуін шектеуді көздейтін БҰҰ-ның ғаламдық климат өзгерісіне арналған конференциясы өтті.

«Қазмұнайгазсервис» компаниясына қарасты кәсіпорында киім ауыстыратын жерде отырған жұмысшы. «Қаламқас» кеніші, Маңғыстау облысы. 10 қаңтар 2015 жыл.

«Қазмұнайгазсервис» компаниясына қарасты кәсіпорында киім ауыстыратын жерде отырған жұмысшы. «Қаламқас» кеніші, Маңғыстау облысы. 10 қаңтар 2015 жыл.

– Онша үлкен үміт болмаса да, бұл конференция жайсыз белгілер таратты. Бірлікке келе алмады және келесі жылы да ортақ келісімге келуге негіз боларлықтай ешқандай нышан байқалмайды, - дейді Лондондағы Energy Aspects зерттеу ұйымы сарапшысы Ричард Маллинсон.

New York Times газетінің жазуынша, сарапшылар Сауд Арабиясының нарықтағы үлесінен айырылып қалмас үшін әрі мұнай өндіру шығыны көп өзге өндірушілерді әлсірету үшін мұнай өндірудің жоғары деңгейін ұстап тұруға бағытталған стратегиясы нәтижесіз емес екені байқалып отырғанын айтқан. Мысалы, Париждегі халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) келесі жылы ОПЕК ұйымына кірмейтін елдердің мұнай сату көлемі қысқарады деп болжайды.

Бірақ бағаны өсіру үшін бұл жеткіліксіз. АҚШ-та мұнай өндіру көлемі әлі де жоғары қалпында. Ал Ресей Батыс елдері салған санкцияның ықпалын азайту үшін өндіріс көлемін ұлғайтып жатыр.

«ХЭА-нің жуырдағы есебіне қарағанда, әлем нарығына шығатын мол мұнай көлемі кемі 2016 жылдың аяғына дейін жалғасады» деп түйіндейді New York Times газеті.

XS
SM
MD
LG