Accessibility links

Орталық Азиядағы Қытайдың «Бір белдеу, бір жолы»


«Түркіменстан-Қытай» газ құбырының Қазақстан арқылы өтетін бөлігінің ашылу рәсімінде үлкен постердің жанында тұрған қытай жұмысшысы. Отар қаласы маңы, Жамбыл облысы. 12 желтоқсан 2009 жыл.

«Түркіменстан-Қытай» газ құбырының Қазақстан арқылы өтетін бөлігінің ашылу рәсімінде үлкен постердің жанында тұрған қытай жұмысшысы. Отар қаласы маңы, Жамбыл облысы. 12 желтоқсан 2009 жыл.

Қытай президенті Си Цзиньпиннің АҚШ-қа сапары тұсында батыс баспасөзі «Орталық Азияға Пекин ықпалының күшеюі Ресей мен Үндістанның мазасына тиді» деп жазады.

АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай президенті Си Цзиньпин жұма күні Вашингтонда кездесіп, өзге тақырыптармен бірге Азия аймағындағы АҚШ-қа әріптес елдер мен Қытай арасындағы жер дауын да талқылады. Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы жерлерге қатысты Қытай ұстанымының қисындылығын дәлелдеуге тырысқан Си Цзиньпин «кемелер мен әуе транспортының бұл аймақтарда еркін жүріп-тұруына Пекин тосқауыл қоймайды» деп уәде етті.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ЖАУЛАУ

Американың Foreign Policy журналы осы аптада жариялаған «Қытайдың Орталық Азияны игеру жоспары Америкаға да ұнайды» деген мақаласында Қытай мен Пәкістан арасындағы тығыз экономикалық және дипломатиялық қатынастарды сипаттаған. «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деген атпен белгілі саяси курсы бойынша батыс елдеріне қарай ықпалын күшейтуге қатысты амбициялық үлкен жоспарында Пәкістан негізгі пунктке айналған. Пекин бұл бастамасында Қытайды Оңтүстік және Орталық Азиямен, кейін Еуропамен қосатын сауда бағыттары желісін ашу үшін жаңа жолдар мен құбырлар салуға, энергетикалық станциялар мен порттар тұрғызып, темір жол тартуға ондаған миллиард доллар инвестиция құюға уәде еткен» деп жазады Foreign Policy.

АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта), Қытай президенті Си Цзиньпин (ортада) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри шарап құйылған бокал көтеріп тұр. Вашингтон, 25 қыркүйек 2015 жыл.

АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта), Қытай президенті Си Цзиньпин (ортада) және АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри шарап құйылған бокал көтеріп тұр. Вашингтон, 25 қыркүйек 2015 жыл.

Бұл бастаманы Пекни тарапынан АҚШ-тың аймақтағы басым саяси күш ретіндегі мәртебесіне төнетін қауіп деп санайтындар көп. «Бірақ агрессиялық және қайта түлеген Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ықпалы АҚШ-тың алаңдауы мен қарсылығын тудырса, Пекиннің Батысқа қарай жылжуын АҚШ-тың ресми тұлғалары керісінше, жария да, жеке де құптап, қолдайды» деп жазады Foreign Policy журналы. Мақалада бұл жайт Ауғанстаннан АҚШ әскерін әкетер тұстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ортақ мақсатпен байланысты деген пікір айтылған.

Қытайдың бұл әрекеті АҚШ-тың «Жаңа Жібек жолы бастамасы» деген атпен 2011 жылы жарияланған көптен бергі саясатына ұқсайды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан, Түркіменстан, Пәкістан және Ауғанстандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын интеграциялау болатын, бірақ бұл мақсатты іске асыру ойлағандай, оңай шаруа болмай шыққан. Мақалада Австралия ұлттық университетінің адъюнкт-профессоры Майкл Кларктің «бұл мақсаттың іске аспауына Орталық Азия мемлекеттерінің өз арасындағы экономикалық интеграцияның әлсіздігі және АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағына көбірек бет бұруы себеп болды» деген пікірі келтірілген.

РЕСЕЙ МЕН ҮНДІСТАННАН МАЗА КЕТТІ

Бірақ Қытайдың аймақтағы ықпалының өсуі Үндістан мен Ресей сияқты көрші елдердің секемін күшейтеді. Ресей «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі – бүкіл Орталық Азияға Қытай ықпалын орнататын оңтүстік шеп» деп алаңдайды. Ал қазір Орталық Азия – Украинадағы дағдарыстың кесірінен Шығыс Еуропа елдерімен арақатынасы бұзылғаннан бері Мәскеу үшін аса маңызды энергетикалық нарық көзіне айналып барады. Бұл жағдай Ресей президенті Владимир Путин үшін жайсыз болғанымен, АҚШ-тың Орталық Азия елдері экономикасына Кремльдің қысымын әлсіретуді көздеген мақсатына толық сай келеді.

Ресей фермасында заңсыз жұмыс істеп жүрген қытай еңбек мигрантын алып келе жатқан ресейлік полицейлер. Красноярск өлкесі, 7 сәуір 2011 жыл.

Ресей фермасында заңсыз жұмыс істеп жүрген қытай еңбек мигрантын алып келе жатқан ресейлік полицейлер. Красноярск өлкесі, 7 сәуір 2011 жыл.

Foreign Policy журналы German Marshall Fund ұйымының Қытай және Пәкістан елдері бойынша сарапшысы Эндрю Смолдың «Орталық Азияны Ресейге кіріптарлықтан босатып, аймақ елдеріне қауіпсіздік және экономика саласында кіммен қарым-қатынас орнатуда көбірек таңдау беру – АҚШ-тың ұзақ мерзімді мақсаттарының бірі. Олардың еуропалықтар немесе америкалықтарды таңдауы құптарлық іс болар еді, бірақ Орталық Азиядағы Ресей рөлін азайтудың нақты мақсаты – аймақтың кейбір мемлекеттеріне автономиялық мүддесі үшін Қытай тарапынан жасалып жатқан істер» деген сөздерін келтірген.

Foreign Policy журналы Қытай президенті Си Цзиньпиннің АҚШ-қа алғашқы ресми сапарына арнаған тағы бір мақалада «бұл оқиғаның «Қытайда онша еленбегені» айтылады. Мұның себебін «сапарды жоспарлауға жауапты сыртқы істер министрлігі мен өзге ведомстволардың біліксіздігі мен іске қырсыздығы, Қытай-АҚШ қатынастарына байланысты алаңдаушылықтың кесірінен сапар еленбей қалды, бұған қоса ішкі және халықаралық саясаттағы белгісіздік басшылықты жұмсақ тәсілді таңдауға мәжбүрледі» деген сияқты үш болжаммен түсіндіреді.

Американың New York Times газеті Қытайда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың «Қытайдағы әріптестерімен бірлескен кәсіпорындар арқылы жұмыс істеуге және оларға технологияларды беруге міндеттеу талабы» сияқты қиындықтарға тап болатынын жазады. АҚШ-қа сапары басталған кезде Си Цзиньпин америкалық компанияларды «Қытай шетелдік компаниялардың мүддесін қорғау және кибер-қылмыстармен күресуге бейіл» деп сендіруге тырысқан, бірақ бұл мәлімдеме «көп күдік тудырады». Мақала авторы «сауда-саттық пен инвестиция екі жақты қозғалысы бар көше сияқты болуы тиіс» деген қағиданы Қытай басшылығы түсінуі керек және егер Си Цзиньпин үкіметі шетел компанияларына тосқауыл қоюын тоқтатпай, өзара құрметтеуге ықыласты болмаса, онда әлем инвестиция есігін айқара ашады деп Қытайдың күтпегені жөн» деп жазады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG