Accessibility links

Бір аптада шыққан ерекше қос үкім


«Коста Конкордиа» кемесінің капитаны Франческо Скеттиноны сотқа әкеле жатыр. Гроссето, 14 қаңтар 2012 жыл.

«Коста Конкордиа» кемесінің капитаны Франческо Скеттиноны сотқа әкеле жатыр. Гроссето, 14 қаңтар 2012 жыл.

Осы аптада әлемнің екі елінде жұрт назарын аударған өзгеше екі үкім шықты. Италияда 32 адамның өліміне соқтырған апат кезінде күйреген кемені тастап кеткен капитан сотталды. Кеме бортында жеті қазақстандық та болған, бірақ олар аман-есен құтқарылған. Korean Air әуе компаниясы кеңесі төрағасының қызына қатысты шыққан жанжал да сотпен аяқталды.

«ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛЫ ЕМЕС, НАҚҰРЫС»

Сәрсенбі күні 2012 жылдың қаңтарында Италияның Джильо аралында апатқа ұшыраған «Коста Конкордиа» кемесі капитанына қатысты үкім шықты. Капитан Франческо Скеттино «кемені апатқа ұшыратты, екі және одан көп адамның өліміне абайсызда себеп болды, әрі кеме мен адамдарды ажал аузында қалдырды» деп айыпталып, 16 жылға сотталған.

CNN телеарнасы ақпанның 11-і күні таратқан хабарында 19 ай қаралған іс бойынша Франческо Скеттиноның тағдырын шешу үшін үш судьядан тұратын сотқа бес сағат қажет болды деп жазады. Судьялар «капитан құтқарушы қайыққа кездейсоқ құлап кеткен, енді жазықсыз жазаланды» деп мәлімдеген адвокаттарды емес, капитанды кемені тастай қашқан сужүрек «нақұрыс» деп атаған прокурорлардың уәжімен келісті.

Кеме бортында болған 4 мың 229 адамның 32-сі қаза тапқан. Ал апатқа ұшыраған кемеде болған жеті қазақстандық абыр-сабыр кезінде өзге жұртпен бірге эвакуацияланып, аман-есен қалған.

ТҰЗДАЛҒАН ЖАҢҒАҚ ІСІ

Осы аптада шыққан тағы бір үкімге сәйкес, Нью-Йорк әуежайынан көтерілген ұшақ экипажына терминалға қайта оралып, жаңғақты табаққа салып бермей, орамасымен ұсынған жолсерікті түсіріп кетуді бұйырғаны үшін Korean Air әуе компаниясының бұрынғы вице-президенті бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақпанның 12-сі күні Американың Los Angeles Times газетінің жазуынша, бірінші класс салонында ұшқан 40 жастағы Чо Хен А «ұшақтың бірінші класында бұлай қызмет көрсету лайықсыз» деп мәлімдеген.

Сеул қаласының орталығындағы мерекелік шара. 15 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сеул қаласының орталығындағы мерекелік шара. 15 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Чо Хен А – Korean Air холдингі директорлар кеңесі төрағасының қызы. Куәгерлердің айтуынша, ол ұшақта айғай-шу шығарып, қызметкерлерге қол көтерген әрі лайнерді терминалға қайта бұрып, «айыпты» болып қалған жолсерікті түсіріп кетуді бұйырған. Кейін компания директорларының бірі жанжалды басып тастауға және экипаж мүшелеріне қысым көрсетуге тырысқан, бірақ бұл әрекеті үшін ол сегіз айға сотталған. Korean Air холдингі директорлар кеңесі төрағасы Чо Янг-хо қызының бейбастағы үшін кешірім сұрап, оны компания вице-президенті қызметінен босатқан.

Жұрт «Тұздалған жаңғақ ісі» деген атап кеткен бұл оқиға Кореяда басты жаңалықтардың біріне айналды. Жанжал ұлттық экономиканың жетекші конгломераттарын басқаратын кейбір дәулетті отбасылардың жүгенсіз қылықтарын айыптаған әлеуметтің наразылығына ұласты. Мысалы, 2009 жылы Samsung Electronics компаниясы басқармасының төрағасы Ли Кун-Хи «салық төлеуден жалтарды» деп айыпталған, бірақ ел президентінің рақымшылығына ілініп, жазадан құтылған. Los Angeles Times газетінің жазуынша, үкімет ел экономикасы үшін аса маңызды тұлғаны түрмеде ұстау жөнсіз деп ұйғарған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG