Accessibility links

Eurasia View («Еуразия вью») басылымы кедендік одаққа қатысты мәселелерді ортаға салады. Басылымның жазуынша, Қорғас кеден бекетіндегі келеңсіздіктер заңсыз сауда айналымын ұлғайтып отыр.


Ақпанның 7-і күнгі санында Нью-Йоркте орналасқан «Ашық қоғам институтына» тиесілі басылымның Орта Азия мәселелері бойынша машықтанған журналисі Ричард Орандж Қорғас кеден бекетінде кедендік рәсімдеудің ұзақ болатындығы соншалықты, екі аптаға дейін созылатын ұзын-сонар кезектен жүк көліктері айына небәрі екі мәрте ғана тауар тасуға мәжбүр екенін айтады.

Мұнда бір қарағанға барлығы ретті көрінгенімен, құжаттардағы сәйкессіздік кедендік бақылау-өткізу бекетінің заңсыз тауар тасымалдайтындар үшін майлы жілік екендігін көрсетіп отыр.

РЕСЕЙЛІК ҚОРҒАС БЕКЕТІ?

Автордың айтуына қарағанда, бұған дейін 16 миллион адамы бар Қазақстан нарығын қытай тауарларымен қамтамасыз етіп келген Қазақстанның коммерциялық астанасы – Қорғас кеден бекеті шілденің 1-нен бастап тек қазақ экономикасына қызмет етуін тоқтатады. Енді ол Пекиннің шығысы Ресейдің Владивосток өлкесінен батысы Беларусьтің Польшамен шектескен тұсына дейінгі аумақты қамтитын әлемдегі ең үлкен кедендік одаққа еркін енетін басты қақпасына айналайын деп тұр.

Аталған мерзімде Ресей Қазақстан және Беларусьпен арадағы барлық кеден бекеттерін жабуды жоспарлап отыр. Осы арқылы кедендік одаққа мүше мемлекеттер арасында еркін тауар айналымына қол жетеді, әрі қытай өндірісі үшін 170 миллион адамы бар нарыққа Қорғас кеден бекеті арқылы оңай шығатын жол ашылады деген болжам айтады автор бұдан ары.
Алдағы уақытта одаққа үш емес, бес ел мүше болуы мүмкін.

«Кедендік одақтың пайда болу себебінен алда кеден саласында қандай өсім болатынын ешкім білмейді. Алдағы уақытта одаққа үш емес, бес ел мүше болуы мүмкін» деген пікір білдіреді Қорғас бекетінде жүк көліктерін қабылдау орындары мен қоймалар құрылысын жүргізіп жатқан «Жібек жолы» логистикасының президенті Александр Бейсембиев.

Eurasia View авторы алдағы уақытта Қорғас бекеті Ресей нарығына жол ашатын болғандықтан, Мәскеу оның қызметіне ауқымды өзгеріс жасалуын талап етіп отырғанын айтады.
Қорғас бекеті арқылы шекарадан өтетін тауардың 80 пайызы Ресейге тиесілі болады .

Мәселен, 2008 жылы Қорғас бекетіне инвестиция салу жайын зерттеген халықаралық фирма бекетте көзге ұрып тұрған сәйкессіздіктер бар деген қорытындыға келген. Бұның нақты мысалы Қазақстан кеден статистикасының мәліметтері бойынша, Қорғас бекеті арқылы 2007 жылы Қытайдан Қазақстанға 3000 жүк көлігі өткен болса, Қытай кеденіндегілердің мәліметі басқаша. Олар осы жылы 36000 жүк көлігі өткенін айтады. Фирма бұл қарама-қайшылықтардың тамыры көлеңкелі сауда айналымына барып тіреледі деп түйген.

Бұны логистикалық орталықта үкімет тарапынан қысым жасалуынан сескеніп аты-жөнін жарияламауды өтінген қазақстандық кәсіпкер де растап отыр. Оның айтуынша, «Ресей Қазақстанға бірде-бір жүк көлігінің контрабандалық жолмен енуіне жол бермейді, себебі Қазақстанға кірген контрабандалық жүктер Ресейге де өтіп кете алады».

АТЫ ӨЗІНІКІ ДЕ, ЗАТЫ ӨЗГЕНІКІ

Ресейліктердің талабын түсінуге болады деген Eurasia View егер барлығы жоспардағыдай орындалса, Қорғас бекеті арқылы шекарадан өтетін тауардың 80 пайызы Ресейге тиесілі болады деген уәж айтады. Осыған орай Ресей жағы қазір кеденнен өз үлесіне тиетін кірістің дұрыс алынатындығына көз жеткізу үшін Қорғас бекетіне тіпті өзінің шекаралық бақылау өкілдерін орналастыруға күш салып жатыр. Кедендік Одақтың Мәскеудегі штаб-пәтерінің баспасөз қызметкері Александар Корсунов та бірлескен шекара күштерін құру жөніндегі мәселенің Кедендік Одақ өкілдерінің ақпан айының аяғына жоспарланған кездесуінде басты тақырып болатынын жеткізеді.
Бірлескен шекара күштерін құру жөніндегі мәселе Кедендік Одақ өкілдерінің ақпан айының аяғына жоспарланған кездесуінде басты тақырып болады.

Қазақстанның индустрия және сауда министрлігі Кедендік одақты пайдаланып мемлекеттің өндірістік секторын дамыту мақсатында Қорғас бекетінде 6000 гектарлық аумақты қамтитын Арнайы экономикалық аймақ құрды. Бұл халықаралық компаниялардың зауыттары өндірген, бірақ «Қазақстанда жасалған» деген жапсырмасы бар тауарларды Ресей мен Белоруське кедендік төлемсіз жөнелтуді көздейді.

Мұны «Қорғас» орталығының басшысы Асхат Мұхамедиев былай деп түсіндіреді: «Мәселен, бұл үрімжілік кез-келген зауыт осы экономикалық аймақта өз зауытын сала алады деген сөз. Қытайдан келетін тауар аталған аймаққа шикізат материалы ретінде кіргізіледі. Сосын осы экономикалық аймақта ары қарай дайын өнімге айналады да, «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспорттала береді».

Қазір Қазақстан парламентінің қарауында жатқан жаңа заң жобасы сол қалпында қабылданып кетсе, онда елімізде уақытша жүрген шетелдік жұмысшылардың Арнайы экономикалық аймақта жұмысқа орналасуына оңай жол ашылмақ. Ресей мұнымен келіспейді. Автор Мәскеу кедендік одақтың ережесіне «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауарлардың кемінде 50 пайызы Қазақстанның өзінде жасалуы керек делінетін ұсыныс енгізгісі келеді, ал Қазақстан бұны 50 емес, 30 пайызға қысқартуды қалайтынын айтады.

ҚАЗАҚСТАН ЖАҒЫ ҚИМЫЛСЫЗ

Бұдан ары автор қажетті инфрастуктуралық нысандарды салуды кешеуілдетіп отырған Қазақстанға Ресей жағының түсетін табысқа қатысты жасап отырған қысымы пәлендей маңызды болмайтын да шығар деген жорамал жасайды. Мәселен, Қазақстан жағының Қорғастағы Шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығындағы бар бітіргені - жартылай ғана аяқталған жаңа бақылау бекетін салып қойды. Екі жарым миллиард АҚШ долларына бағаланған жоба бойынша, мұнда сауда көрмелері аймағын, жоғары санатты жеті қонақ үй, әуежай, туристік және ойын-сауық аймағы мен этнографиялық парк салынуы тиіс болатын.
Қорғас бекетін одан ары Алматымен жалғастыратын құны 1 миллиард долларға есептелген ақылы төрт қатарлы жолдың құрылысы әлі басталған жоқ.

Қытай жағы өзіне тиесілі жұмысты Шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығының құрылуынан әлденеше жыл бұрын аяқтап қойған дейді автор. Алдағы сәуір айының 1-де Қазақстан мен Қытай шекаралық Іле өзенін кесіп өтетін төрт бағытты жаңа көпірді іске қосуды жоспарлап отыр. Енді шілденің 1-нен бастап қытай жүк көліктері аталған көпір үстімен тауарларын Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жүк тасымалдайтын көліктеріне жеткізе алады. Мұнда қай тараптың да жүргізушісінен виза талап етілмейді. Бұл жоба іске асса, Қазақстан немесе кедендік одақ өкілдері қоймадағы тауар жүк көліктерінен түсіріліп, я тиеліп жатқан уақытта оны тексеріп, кедендік төлемін де іске асырып, жүк көлігінің бар болғаны бір күннің ішінде қайтып кетуіне жағдай туады дегенді келтіреді автор.

Сонымен, шілденің 1-інен бастап шекарада екі апта бойы сарыла тосатын кезек сап тыйылмақ. Бірақ Қорғас бекетін одан ары Алматымен жалғастыратын құны 1 миллиард долларға есептелген ақылы төрт қатарлы жолдың құрылысы әлі басталған жоқ. Сондықтан жүк көліктері Ресейдің қайтара ашылған шекара бекетінен тауарын алып, кедендік одақтың пайдасын көрмес бұрын әлі біраз машақат тартады деп тұжырымдайды автор.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG