Accessibility links

Таяу Шығыстағы толқу Еуразия тирандарына қаншалықты әсер етеді?


Ислам Кәрімов, Өзбекстан президенті. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жыл

Ислам Кәрімов, Өзбекстан президенті. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жыл

Foreign Policy («Форин Полиси») журналы соңғы айда Тунисте басталған толқудың күші Таяу Шығыстан өзге әлемнің басқа елдеріне неге бірдей тарала қоймады деген мәселені қарастырады.


Журнал қаңтардың 29-ы күнгі санында Таяу Шығыста басталған саяси наразылыққа байланысты Обама әкімшілігі аймақтағы автократ билеушілерді халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлуге шақырғанын жазады. Осы және постсоветтік елдердегі өзге де түйткілдерге Солтүстік-шығыс Иллинойс Университетінің профессоры, Ташкентте ұзақ уақыт тұрған Рассел Занка төмендегіше сараптама жасайды.

АУРУ ОРТАҚ, БІРАҚ ӘРЕКЕТ ӘРТҮРЛІ

Рассел Занка Тунистен бастап Египет, Йемен және Алжирге дейінгі елдерде билікке наразылық таныту әрекеттері болып жатқанда, неге Беларусь, Өзбекстан және Түркіменстан сияқты диктаторлық мемлекеттерде билікке қандай да бір қарсылықтың түрі байқалмайды деп сұрақты төтесінен қояды. Себебі аталған постсоветтік мемлекеттердегі жағдай бір-біріне өте ұқсас.

Мәселен, бұл елдердің бәрінде 20 жыл бойына билік тек бір адамның қолында шоғырланып, азаматтардың құқықтары аяққа тапталып жатыр. Бұған қоса сайлаудың әділ өтпеуі, саяси оппоненттердің қамауға алынуы және халықтың басым бөлігінің кедейшілікте өмір сүруі сияқты жайттарды айтуға болады. Солай бола тұрса да, аталған елдердің билігіне қоғам тарапынан төніп тұрған бәлендей қауіп байқалмайды деген пікір білдіреді ғалым.
Ең басты шарт, қандай жағдай болмасын, халық ұжымдасқан түрде, өз өмірлерін құрбан ету арқылы елдің тағдырын шеше алатынын сезініп, түйсінуі керек.

Бұл жерде «Тек халықтың төзімінің таусылғандығы, не болмаса оппозициялық күштердің жеткілікті дамуы секілді факторлар диктаторларды орнынан алып тастауға жеткіліксіз. Бұл билікті шайқалтқанымен, диктаторлықтың құлауына әсер ете алмайды. Ең басты шарт, қандай жағдай болмасын, халық ұжымдасқан түрде, өз өмірлерін құрбан ету арқылы елдің тағдырын шеше алатынын сезініп, түйсінуі керек» деген ой айтады Рассел Занка.

Бұдан ары профессор постсоветтік кеңістіктегі елдерде аталмыш шарт пен екі фактордың неге жоқ екеніне жауап беруге тырысады. Мысалға, өткен айда беларусь азаматтары президенттік сайлау әділетсіз өтті деп санап, оппозиция қатарында наразылық танытып, тәуекелге бел байлағандай көрінді. Алайда, толқуға шыққан белорусьтықтарда бірлік болмады. Көшеге шыққан халықтың ауызбіршілігінен қауіпсіздік күштерінің ұйымшылдығы басым түсті. Сондықтан да полиция наразылық шарасына қатысқандарды қатаң түрде басып-жаншып, оппозициядан президенттікке үміткерлерді қамауға алды деген қорытынды жасайды ол.

Ал Түркіменстанда халықтың Гурбангулы Бердімұхамедовтың жеке-дара билік жүргізіп келе жатқанына төзімі таусылса да, елде тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қандай да бір бас көтеру немесе жаппай толқу болған жоқ. Қуғындағы түркімен оппозициясы да қазір елдегі жағдайға ешқандай әсер ете алмайды. Мұны түркімен билігі елде шетелдік БАҚ-тарға қатаң тыйым салған кезде сырттағы оппозицияның шарасыздық танытуынан көруге болады деген пікір айтады Рассел Занка.

ӨЗБЕКТЕРДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ ӨЗГЕШЕ СИПАТ АЛЫП БАРАДЫ

Ал Өзбекстанда елді 1990-жылдан бері басқарып келе жатқан Ислам Каримов режиміне қарсы халқы сілкініп шығады деу қиын. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын Әндіжан қаласындағы толқуларда Каримовтың бұйрығымен әскерилер жүздеген адамның қанын төгіп еді. Бас көтеруді осылайша қатаң басып-жаныштау әдісі өте «тиімді» болып шықты. Бұған осыдан кейін Өзбекстанда халық тарапынан бірде-бір наразылық әрекетінің болмауы дәлел деп жазады .
Өзбектер табиғатынан көнбіс, жуас халық, әрі олардың қарттарды сыйлау, құрмет көрсету түсінігі саяси биліктің иесіне деген құрметке ұласып кетеді.

Мәдени антрополог ретінде профессор Өзбекстанда Ислам Каримовтың билікте ұзақ отыруы өзбектердің менталитетімен байланысты деген жорамал айтады. Мұның себебі, өзбектер табиғатынан көнбіс, жуас халық, әрі олардың қарттарды сыйлау, құрмет көрсету түсінігі саяси биліктің иесіне деген құрметке ұласып кетеді. Тіпті тек бүгін қарным тоқ болса ризамын дейтін өзбектер қазір режимді ашық сынағаннан гөрі отбасы, ошақ қасының қамын көп ойлап кетті.

Алайда, 19-ғасырдың ортасынан бергі тарихты қарап отырсақ, өзбектердің патшалық езгі мен советтік атеистерге қарсы талай рет өздерін құрбан етіп, халықтың өз еркін айқын білдіргендігін, тіпті біраз басшыны орнынан алып тастауға дейін барғанын көруге болады. Бүгіндері Каримов режиміне қарсы көңіл-күй басым болғанымен, халық бұрынғыдай көшеге шығып, өзін құрбан етуге тәуекел ете алмайды. Бұның есесіне, билікке көңілі толмаған ел қарсылықтың басқа түрін таңдауға мәжбүр. Ол – бетпе-бет қарсылық көрсетпейтін, әрі бейсаяси, еңбек миграциясы деп аталатын наразылық.
Билікке көңілі толмаған ел қарсылықтың бейсаяси түрін таңдауға мәжбүр. Ол – еңбек миграциясы

Екі қолға бір күрек іздеген өзбектер негізі Қазақстан мен Ресейді сағалайды. Басқа елден береке іздеудің өзі біраз тәуекелді қажет еткенімен, мигранттар мұны да билікке наразылық көрсетудің бір түрі деп санайды. Себебі, халық жеме-жемге келгенде, алаңға шығып, бас жарғаннан гөрі, Мәскеу маңындағы жол-құрылыстарында жұмыс істеп, пұл табу әлдеқалай пайдалы деп есептейді деп қорытындылайды Рассел Занке өз ойын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG