Accessibility links

Қазақ спутнигін ұшырған Үндістанның жаңа рекорды


Үнді ғарыш айлағынан ұшырылған зымыранға алыстан қарап тұрған адамдар. 22 маусым 2016 жыл.
Үнді ғарыш айлағынан ұшырылған зымыранға алыстан қарап тұрған адамдар. 22 маусым 2016 жыл.

Халықаралық баспасөз қазақстандық жер серігімен қоса 104 спутникті ғарышқа ұшырған Үндістанның ғарыш бағдарламасын талқылаған. Үндістан енді ғарышкер ұшырудан да үмітті.

Үндістанның Hindustan Times газеті үндінің танымал актері әрі тележүргізуші Самир Кочхардың достарымен бірге Қазақстанға саяхат жасау ниеті туралы жазған. Актер газетке Қазақстанға баруды көптен бері жоспарлағанын, сондықтан қазір «қуанышы қойнына сыймай жүргенін» айтқан. Ол Қазақстанда бес күн болып, «қызық әрі өзгеше бірдеңемен айналыспақ». Самир Кочхар Island City және Mango Dreams тәрізді фильмдерге түскен актер ретінде танымал.

СПУТНИК ҰШЫРУДАН РЕКОРД

Әйткенмен біз халықаралық басылымдарға шолуымызда Үндістанның бір мезетте ғарышқа 100-ден аса спутник ұшыруын қалай бағалап жатқаны жайлы айтқымыз келеді. Әлгі спутниктердің арасында қазақстандық жасанды жер серігі де бар. Үндістанның Indian Express газеті Үндістанда саны бойынша рекорд жаңартқан ғарышқа спутник ұшыру қалай жүзеге асырылғанын сипаттаған. Ақпанның 15-і күні Үндістанның ғарышты зерттеу ұйымы (ISRO) орбитаға жасанды жер серіктерінің «рекордты» саны – 104 спутникті жалғыз Polar Satellite Launch Vehicle (PSLV) зымыранымен орбитаға шығарған еді. Олардың үшеуі - үндістандық, ал қалғандары – шетелдік спутниктер. Шетелдік спутниктердің 96-сы АҚШ-қа, қалғандары бір-бірден Қазақстан, Нидерланд, Швейцария, Израиль және Араб әмірліктеріне тиесілі.

Үндістандық зымыран орбитаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрастырылған салмағы 1,7 килограмм тартатын «Әл-Фараби» нано-спутнигін де шығарды. Үндістан мен Қазақстан ғарыш саласындағы ынтымақтасу туралы меморандумға 2009 жылғы қаңтарда қол қойған.

«Спутниктердің рекордты саны ұшырылғанына қарамастан, бұған ISRO тарапынан әлдебір ерекше технология қажет болған жоқ. Бұл миссияда ең қиыны спутниктерден тұратын жүкті PSLV зымыранының соңғы модулінен синхронды түрде ажырату болды. Мұның алдында ISRO ғарышқа бір мезетте ұшырған ең көп спутник саны 20 болатын, оны 2016 жылғы маусымда PSLV С34 зымыраны алып ұшқан» деп жазады газет.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди үнді ғарыш зерттеу ұйымы қызметкерлерін ұшырылған ғарыш аппаратының Марсқа сәтті жетуімен құттықтап тұр. 24 қыркүйек 2014 жыл.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди үнді ғарыш зерттеу ұйымы қызметкерлерін ұшырылған ғарыш аппаратының Марсқа сәтті жетуімен құттықтап тұр. 24 қыркүйек 2014 жыл.

Үндістандық DNA India газеті «104 спутник ISRO-ны ерекше орбитаға шығарды» деген мақаласында сәрсенбі күні Үндістанның ғарыш агенттігі (ISRO) дүниежүзілік рекордты жаңартып, ел мақтан тұтатын іс тындырды деп жазған. Спутниктер таңғы сағат 9.28 кезінде Шрихарикот аймағындағы Satish Dhawan ғарыш айлағынан көкке самғады. 104 спутник тиелген PSLV-C37 зымыраны бір мезетте жалғыз өзі саны ең көп спутникті алып ұшты деп жазады басылым.

Сонымен Үндістан 2014 жылы Ресей орнатқан рекордты жаңартты. PSLV-C37 миссиясы директоры Джайякумар миссия «қиын» болғанын, бірақ оның командасы ақыр соңында тамаша нәтижеге жеткенін айтады.

Үндістанның New Kerala газетінің жазуынша, ғарышқа ұшырылған спутниктердің ішінде салмағы 727 килограмдық CARTOSAT-2 пен тағы екі ұлттық нано-спутник бар. CARTOSAT-2 спутнигі жерді жоғары дәлдікпен бақылауға арналған және онда картографиялық қосымшалардың озық жетілдірілген камералары бар.

Америкалық Seattle Times газеті «Үндістан орбитаға 100-ден аса спутник шығарды» деген мақаласында ғарышқа ұшырылған жасанды жер серіктерінің салмағы 10 килограмға жетпейтін «нано-спутниктер» екені жайлы жазған. «Миллиондаған долларлық ғарышқа ұшу нарығында» ойыншы болуға баяғыдан тырысып келе жатқан Үндістан кейінгі жылдары орбитаға салмағы жеңіл спутниктерді сәтті ұшырып жүр. Үндістан түбі өз ғарышкерлерін ұшыра бастаудан үміттенеді. 2014 жылғы қыркүйекте Үндістан Марс планетасы айналасындағы орбитаға ғарыш кемесін сәтті аттандырған болатын, оған дейін мұндай миссияны АҚШ, бұрынғы СССР және Еуропа ғарыш бағдарламасы ғана іске асырған еді.

ЕУРОПА МЕН АЗИЯНЫҢ АРАСЫ

Америкалық Slate журналындағы «Ғасырларға созылған «Шығыс пен Батыс текетіресі» дауынан кейін Ресей екі тарапты да жақтады» деген мақалада Еуропа мен Азияның ортасындағы шекара қай тұстан өтуі тиіс деген ескі дауды талқылаған.

Ресей мен бұрынғы СССР елдерінің көбінде шекара Жайық өзені бойымен өтеді, яғни Қазақстанның Батыс Қазақстан облысындағы бір бөлігі Еуропаға жатады деген идея көп тараған. Бірақ көптеген сарапшылар бұл географиялықтан гөрі, геосаяси бөлуге көбірек келеді деген пікір ұстанады. Ресейде жұрт бір жағынан Еуропаны өркениетпен байланыстырады, бірақ көптеген саяси факторларға байланысты өзін оған толық жатқызғысы келмейді. «Жұрттың көбі, әсіресе географ академиктер Еуропа мен Азияны бөлудің табиғи, географиялық мәні жоқ екенін түсінетін 21-ғасырда бұл ескірген ұғым болып көрінуі мүмкін» деп жазады Slate журналы.

XS
SM
MD
LG