Accessibility links

ИМ тобын сталиндік СССР-ге ұқсатады


«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының Ливиядағы Сирт қаласында парад өткізгені туралы видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының Ливиядағы Сирт қаласында парад өткізгені туралы видеодан скриншот.

Батыс баспасөзі «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы да СССР сияқты қорқыныш-үрейге негізделгенін көрсетіп, екеуінің арасынан ұқсастық тауып жатыр.

Ұлыбританияның Times газетінде жарияланған «ИМ тобы Құран-кәрім емес, Кремльге көбірек борышты» деген мақала авторы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымын сталиндік СССР-мен салыстырған. «Саддамның [Хусейн] бұрынғы серіктерінің бірі ұйымдастырған ИМ жобасы оның совет заманында қолданылған тыңшылық әдістерге қаншалықты терең негізделгенін көрсетеді» дейді автор.

Мақалада «Сталин – ИМ-нің кіндік атасы. Совет одағының басшысы Сирия мен көршілес Иракта бой көтере бастаған қанқұйлы фундаменталистік халифаттан 60 жыл бұрын қайтыс болған. Бірақ ИШИМ («Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымы) архитекторлары да тыңшылық мемлекет құрған Сталиннің қорқыныш пен үрейге негізделген әдістерін пайдаланып, жаңа халифат құруды көздейді» деп жазылған.

Газет мақаласы авторының пікірінше, ИМ ұйымы қауіпсіздігі аппараты – КГБ, Шығыс Германияның «Штази» арнайы қызметі мен Саддам Хусейннің «Мухабарат» тыңшылар жүйесінің тікелей ізбасары. Мұны Саддам Хусейннің әскери барлау ұйымының полковнигі, Сирия бүлікшілерінің қолынан қаза тапқан Самир Әбді Мұхаммад әл-Халифавидің былтыр табылған құжаттары айғақтайды. Оның Хаджи Бакр деген лақап есімі болған әрі қазір жұрт оны «солтүстік Сирияны жаулап алудың стратегиялық рухтандырушысы» деп атап жүр. Немістің Der Spiegel журналы осы аптада жариялаған бұл құжаттарда «ислам барлау мемлекетін» құру жоспары сипатталған.

Автор «ИМ ұйымы негізін діндарлар емес, тыңшылар құрайды. Хаджи Бакр сияқты адамдар қазір бұл тактиканы жиһадты желеу етіп, ИШИМ халифатын Сталин заманындағы қорқыныш пен үрей негізінде құру үшін тиімді қолданып отыр» деп жазады.

«ИМ ТОБЫН ҚҰР СӨЗБЕН ЖЕҢЕ АЛМАЙМЫЗ»

Американың Wall Street Journal басылымы АҚШ қорғаныс министрлігі жариялаған ИМ ұйымына қарсы сәтті операциялар туралы деректер «Вьетнамдағы соғысты еске түсіреді» деп жазады әрі «ИМ ұйымын құр сөзбен жеңе алмаймыз» деген пікірлер жариялаған.

ИМ экстремистік тобын насихаттайтын журналда екі «тыңшыны» атқан бала туралы мадақтау жазылған. Бұл бала Қазақстаннан барған деген болжам бар.

ИМ экстремистік тобын насихаттайтын журналда екі «тыңшыны» атқан бала туралы мадақтау жазылған. Бұл бала Қазақстаннан барған деген болжам бар.

Басылым авторлары ИМ ұйымы ауыр техника мен қару-жарақтың күшіне емес, көбінесе «жұрттың зәре-құтын қашыратын террористер мен қолында АК-47 автоматы бар әрі бойын зорлық-зомбылыққа деген құмарлық билеген жаяу әскерге» сүйенеді. ИМ қатарына ай сайын шетелден бір мыңға жуық жаңа адамдар келіп қосылады. Бұл көзі жойылған содырлардың орнын басу үшін жетіп-артылады, сондықтан адам шығынына қарамастан, олардың қатары азаймай отыр.

Wall Street Journal мақаласы авторының пікірінше, ИМ ұйымының беделін түсіретін негізгі амал – «оның өзін өзі жариялап алған халифатының іргесін шайқалту». Ол ИМ ұйымына қарсы сүннит тайпаларын жұмылдыруды да ұсынады.

Wall Street Journal басылымы «Жоғары шенді әскерилердің ИМ ұйымына қарсы науқанда жеткен «табыстары» туралы мылжыңын тоқтататын кез баяғыда жетті. Қазіргі президент әкімшілігі енгізген «құрлық әскерлерін пайдаланбау» туралы шектеулерді алып тастамай, әскеріміздің мардымды табысқа жете алмайтынын олар Америка жұртшылығына дұрыстап түсіндіруі тиіс» деп жазады.

ЖИҺАДШЫЛАР ЖЕСІРЛЕРІ

Ал британдық Reuters агенттігі батыс елдерінен Сирия мен Иракқа барған әрі ИМ ұйымындағы жиһадшыларға тұрмысқа шыққан қыз-келіншектердің көбі қазір жесір қалғанын жазады.

ИМ қатарына Австралиядан қосылған жас әйел қазір әлеуметтік желілер арқылы өзгелерді ИМ-ға тартуға үгіттейді деген болжам бар. (Көрнекі сурет)

ИМ қатарына Австралиядан қосылған жас әйел қазір әлеуметтік желілер арқылы өзгелерді ИМ-ға тартуға үгіттейді деген болжам бар. (Көрнекі сурет)

Лондондағы Institute for Strategic Dialogue сараптамалық орталығы деректерін келтірген агенттіктің жазуынша, Сирия мен Ирактағы қақтығыстарда содырлар тобы шығынға ұшыраған соң батыс елдерінен барып, ИМ содырларына тұрмысқа шыққан кемі 15 келіншек жастай жесір қалған. Бұл ақпарат интернетте белсенділік танытып, ИМ ұйымы бақылауындағы территорияға қоныс аударғанын хабарлаған шетелдік 106 қыз-келіншекке қатысты деректерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде алынған.

Reuters агенттігі «ИМ ұйымы ислам содырларына тұрмысқа беріп, өздері басып алған территорияларға қоныстандыру үшін шетелден барынша көп қыз-келіншек тартуға тырысады әрі шетелдік қыз-келіншектерге моральдық тұрғыдан қамқорлық танытады. Шайқаста қаза тапқан жиһадшылардың жесірлері жеке үйлерде тұрады әрі қара жамылу мерзімі біткен соң қайтадан тұрмысқа шығуына болады» деп жазады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG