Accessibility links

Қайрат Боранбаев УЕФА атқару комитетіне көз тікті


Бизнесмен Қайрат Боранбаев "Қайрат" футбол клубының спорттық мерекесінде. Алматы, 19 қараша 2015 жыл.
Бизнесмен Қайрат Боранбаев "Қайрат" футбол клубының спорттық мерекесінде. Алматы, 19 қараша 2015 жыл.

Батыс баспасөзі Қайрат Боранбаевтың УЕФА атқару комитеті құрамына кіру жоспары мен Top Gear тобының Қазақстандағы түсірілімдерден алған әсерлері жайлы жазған. Жылқының қазысы туралы жағымсыз стереотип те сөз болған.

ФУТБОЛ ЖӘНЕ БИЗНЕС

Канадалық Brandon Sun газетіндегі «Орталық Азия олигархы УЕФА атқару комитетіне көз тікті» деген мақалада қазақстандық топ-бизнесмен әрі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың УЕФА атқару комитеті құрамына кіру жоспары талқыланған. Еуропаның футбол конфедерациясы (УЕФА) - халықаралық беделді спорт ұйымдарының бірі. Қайрат Боранбаев - кезінде ең мықты советтік клубтардың бірі болған «Қайрат» футбол клубының қазіргі қожайыны.

«Боранбаев УЕФА-дағы қызметке өзін реформатор ретінде ұсынбайды, бірақ ол Ресейде тұңғыш рет өткелі отырған әлем чемпионаты қарсаңында бұрынғы совет елдері көбірек өкіл ұсынуға лайықты деп мәлімдейді» деп жазған Brandon Sun. Постсоветтік елдердің жалғыз өкілі - украиналық Григорий Суркис қызметінен кететінін ескерсек, бұл уәж ұлттық қауымдастықтар тарапынан қолдау табуы мүмкін деп жазған газет.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) McDonald’s мейрамханасының макетіне қарап тұр. Оң жақта - бизнесмен Қайрат Боранбаев. Астана, 5 наурыз 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) McDonald’s мейрамханасының макетіне қарап тұр. Оң жақта - бизнесмен Қайрат Боранбаев. Астана, 5 наурыз 2016 жыл.

Мақалада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтанға қызы Әлиманы тұрмысқа берген Қайрат Боранбаевтың ауқымды бизнесі мен тамыр-таныстарына қатысты комментарийлер бар. «Бизнесменнің ұсыныс хат авторлары бола алатын саяси тамыр-таныстарына қоса футбол жұлдыздары Луис Фиго, Фабио Каннаваро және Клеренс Сидорф сынды әйгілі таныстары да көп» деп жазады Brandon Sun газеті. Қайрат Боранбаевтың бизнесі мұнай-газ саласынан бастап фармацевтика, фитнес-клубтар мен McDonald's мейрамханаларына дейінгі қилы саланы қамтиды. Қазақстанда мұндай алғашқы мейрамханаларды өткен жылы дәл осы Боранбаев ашқан болатын. Былтыр Forbes Kazakhstan журналы Боранбаевтың байлығын 350 миллион долларға бағалап, оны елдегі ең бай 50 бизнесмен рейтингіне алғаш рет енгізген.

Қазақстан бір кездері Азия футбол конфедерациясы құрамында болған, бірақ Қазақстанның Жайық өзенінің арғы бетіндегі территориясы географиялық жағынан Еуропаға жатады деген уәжбен 2002 жылы УЕФА ұйымына кірген. Кезінде Қазақстанды УЕФА-ға мүше ету шаруасымен ел президентінің сол кездегі күйеу баласы, кейінірек қуғынға ұшырап, ақыры Қазақстан билігінің қылмыстық айыптаулары негізінде Австрия түрмесіне түсіп, сонда қаза болған Рахат Әлиев айналысқан.

2017 жылғы Алматы қысқы универсиадасына қатысушылар тұрған атлеттер ауылы.
2017 жылғы Алматы қысқы универсиадасына қатысушылар тұрған атлеттер ауылы.

Спорттағы беделін арқалану совет заманынан бері Қазақстан үшін әлдебір атрибут сияқты болып келеді. Америкалық The Oakland Press сайтындағы «2024: Екі қала және Олимпиаданың бұлыңғыр болашағы туралы әңгіме» деген мақалада халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) президенті Томас Бахтың олимпиада өткізуге өтініш беретін елдер қатарын көбейтуді ынталандыру үшін олимпиада ойындарын өткізуге жұмсалатын шығындарды қысқарту жоспары «сәтті болмады» деп жазады. Өйткені кейінгі 20 жыл көлемінде кей елдер Олимпиаданың жалпы шығынынан асырып ақша жұмсаған, бірақ сосын кей стадиондар пайдаланылмай бос қалады.

«2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарды өткізуге Қытай мен Қазақтан таласқан. Екеуі де шығындарын ешкім қадағалай алмайтын авторитарлы билік басқаратын елдер. Әлгі таласта Қытай жеңген, енді ол Оңтүстік Кореядағы келер жылғы қысқы ойындар мен Жапониядағы жазғы ойындардан бастап шығындары спираль бойымен шарықтап кеткен Азиядағы үшінші елге айналады» деп жазады The Oakland Press сайты.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АС МӘЗІРІ ЖАЙЛЫ ӘСЕРЛЕР

Батыстың бірнеше басылымы осы аптада автомобильдер әлемі туралы британдық танымал Top Gear телехабарының Қазақстандағы түсірілімдеріне қатысты комментарий жазған. Солтүстік Ирландияның Belfast Telegraph газетіндегі «Мэтт ЛеБланк жылқыға қатысты өсек-аяң туралы: белден төмен ештеңе жеген жоқпыз» деген мақалада Қазақстандағы түсірілім кезінде Top Gear тобының жаңа жүргізушілері айғырдың пісірілген қасасына ұқсайтын жергілікті тағамнан ауыз тиген-мыс деген қауесетті талқылаған. Ақиқатында қазақ ұлттық тағамдары арасында астың ондай түрі жоқ. Жұрт арасында мұндай жалған стереотипті 10 жыл бұрын ағылшын комигі Саша Барон Коэннің ойдан шығарған образы - «қазақстандық жабайы журналист» Борат айғырдың қасасынан жасалған шұжық немесе жылқының зәрінен дайындалған қымыз тәрізді өтіріктер арқылы қалыптастырған. Жанжал тудырған фильмдегі кей өтіріктер Қазақстан туралы жағымсыз стереотиптерге айналған.

Жылқы қазысы.
Жылқы қазысы.

Top Gear түсірілімдері туралы «аспаздық қауесеттерге» хабардың жаңа жүргізушілерінің бірі, «Достар» сериалының бұрынғы актері Мэтт ЛеБланк «белден төмен ештеңе жеген жоқпыз» деп жауап берген. Жүргізушілер асылған қойдың басын көргенде алған әсерлерімен де бөліскен, мысалы Мэтт ЛеБланк қой құлағының құйқасынан дәм татқаннан кейін асқазаны ауырғанын айтқан.

Ал Қырғызстандағы Құмтөр алтын руднигінде жұмыс істеген британ азаматы жылқы етінен жасалған шұжық туралы әзілі үшін сотталып кетуі бек мүмкін. Ұлыбританияның Telegraph газетіндегі «Қырғыз шұжығы айғырдың қасасынан жасалған деген әбес әзілі үшін британ азаматы бес жылға сотталуы ықтимал» деген мақалада канадалық Centerra Gold компаниясының қызметкері британдық Майкл Макфиттің 2015 жылғы желтоқсанда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жылқы етінен дайындалған шұжықты айғырдың қасасына теңеген сәтсіз әзілі жайлы жазған.

Майкл Макфит. Әлеуметтік желідегі фото.
Майкл Макфит. Әлеуметтік желідегі фото.

Шетелдіктің жазбасы алтын өндіретін Құмтөр кәсіпорнында наразылық акциясына және жергілікті тұрғындар мен жергілікті баспасөздегі ашу-ызаға ұласқаннан кейін Майкл Макфитті таудағы кеніштен Бішкекке жасырын апарып, елде заңсыз жүр деген айыппен Қырғызстаннан асығыс-үсігіс депортациялауға тура келген. Майкл Макфит жергілікті халықтан кешірім сұрап, «шұжықтың неден жасалатынын шынымен білген жоқпын» деп түсіндірген.

Америкалық танымал Variety журналының жазуынша, Top Gear бағдарламасының жаңа маусымы арасында Қазақстан, Черногория, Куба және Дубай бар 24 елде түсірілген. Шоудың атқарушы продюсері Клэр Пайзидің айтуынша, бағдарламаның жаңа жүргізушілерін «төтенше бірдеңе» арқылы топтастыру үшін «Қазақстанға жасалған қиын сапар» бірінші жоспарланған. Top Gear – автомобильдер мен тракторлардың жаңа әрі танымал маркаларына мониторинг жүргізіп, түрлі қиын жағдайларда сынақтан өткізетін бағдарлама.

XS
SM
MD
LG