Accessibility links

Канада сотынан Кәрім Баратовты кепілге босатуды сұрады


Қазақстан тумасы Кәрім Баратовтың Онтариода ұсталғаны туралы канадалық басылымда жарияланған мақаладан скриншот.

Халықаралық баспасөз бұл аптада қазақстандық екі жас жігітті назарға алыпты. Максим Арышев сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербургтегі жарылыста қаза тапты. Yahoo сайтына жасалған хакерлік шабуылдарға күдікті Кәрім Баратовтың шалқыған өмірі жайлы жаңа жайттар анықталып отыр.

ТЕРАКТ ҚҰРБАНЫ

Петербург метросындағы жарылыс кезінде мерт болған қазақстандық Максим Арышевті сәуірдің 7-сі күні Алматыда ақтық сапарға шығарып салды. Жарылыстан кейін ресейлік кей басылымдар терактіні Максим Арышев жасаған болуы мүмкін деп жазған, бірақ Қазақстан арнайы қызметі оны теракт құрбаны деп атап, әлгі мәлімдемені тез арада жоққа шығарған.

Сингапурдың Channel NewsAsia жаңалықтар арнасы сайтында жарияланған «Ресей мерт болғандарды аза тұтумен қатар жарылыс авторын да тексеріп жатыр» деген мақалада 14 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған Санкт-Петербургтің орталығындағы метрода болған жарылыс жайлы жазған. Жарылысты Қырғызстанда туып-өскен, 16 жасында Ресей азаматтығын алған 22 жастағы Акбаржон Жалилов жасаған деген болжам айтылып отыр.

«Жарылысты әзірше ешкім мойнына алған жоқ. Бірақ қатарында бұрынғы советтік Орталық Азия мен Кавказ елдерінен шыққан шетелдіктер бар «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы содырлары Мәскеу Сирия президенті Башар Асадқа әскери қолдау танытқаны үшін Ресей аумағында шабуыл жасаймыз деп талай рет сес көрсеткен» деп жазады Channel NewsAsia.

Максим Арышевпен қоштасу рәсімі. Алматы, 7 сәуір 2017 жыл.

Максим Арышевпен қоштасу рәсімі. Алматы, 7 сәуір 2017 жыл.

Америкалық WBOC-TV 16 телеарнасы сайты Санкт-Петербургтегі жарылыс кезіндегі оқиғалар қалай өрбігенін сипаттаған. Мысалы, Акбаржон Жалиловтың әлеуметтік желілердегі парақшалары «оның радикалды ислам мен жауынгерлік өнерге қызығушылығы болғанын көрсетеді, бірақ Жалиловты танитындар оны жуас, жылы жүзді адам деп сипаттаған». Оның отбасы – Ошта тұратын этникалық өзбектер, «ал Жалилов Санкт-Петербургте бірнеше жылдан бері тұрған әрі көлік жөндейтін станция мен суши-барда жұмыс істеген» деп жазады WBOC-TV 16 сайты.

«КІСЕН БОЛМАСА, ДИСКОТЕКАҒА БАРУЫНА БОЛАТЫН» КИІМ

Қазақстанның тағы бір тумасы, қазір Канада азаматы Кәрім Баратовтың тағдыры шешіліп жатыр. Канаданың Гамильтон қалалық соты 22 жастағы Кәрім Баратовтың ісіне қатысты тыңдауды сәуірдің 11-іне ауыстыруды ұйғарды.

Оңтүстік Африканың IOL арнасы сайтында жарияланған «Айыпталушы хакердің Lamborghini көлігі болған» деген мақалада Кәрім Баратовты Yahoo сайтына хакерлік шабуылдар жасауға қатысы бар деп сезіктенетін АҚШ-қа экстрадициялауға қатысты шешім қабылдауы тиіс Канадада өтіп жатқан сот тыңдаулары жайлы жаңа жайттар баяндалған.

АҚШ 2014 жылы Yahoo сайтына жасалған хакерлік шабуылдарға қатысы болуы ықтимал деп мәлімдегеннен кейін Канада баспасөзінде Кәрім Баратовтың Канададағы шалқыған өмірі жайлы көптеген мақала шыққан.

«[Баратов] судьяға 2015 жылға дейін ата-анасымен бірге тұрғанын айтқан. Оның сөзінше, Mercedes және BMW көліктерін жоғары сыныптарда оқып жүргенде сатып алған және 2014 жылы сайттарды хакерлерден қорғаумен айналысатын өз бизнесін ашқан. Оның айтуынша, сол жылы ол айына 10 мың Канада долларын (7500 АҚШ доллары), ал кейінгі жылдары одан сәл азырақ ақша тапқан» деп жазады IOL. Бұған қоса, Баратов 20 жасында 642 мың Канада доллары (шамамен 480 мың АҚШ доллары) тұратын жаңа үйге көшкен, сонымен бірге өзінің қымбат автомобильдер коллекциясына Lamborghini, Porsche 911, Aston Martin және тағы бір BMW көліктерін сатып алған.

АҚШ-тың мәлімдеуінше, ішінде Google жүйесінде тіркелген Ресей саясаткерлері мен ресми тұлғаларына тиесілі 50 аккаунт та бар 80 пошта жәшігіне кіру үшін Баратовқа ақша төлеген. Іс бойынша басты айыпталушы саналатын ресейлік хакер Дмитрий Докучаев ФСБ-да (Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі) жұмыс істеген.

«ФСБ-ға жұмыс істейтінін Баратовтың білгені я білмегені белгісіз, бірақ оның әкесі [Ахмет Тоқбергенов] ондай байланыс барын жоққа шығарады. Басылымда Ахмет Тоқбергеновтің «Ресей арнайы қызметіне қатысты мүлде жағымсыз көзқараста екенімді балам білген» деген сөзін келтірген.

Канаданың Calgary Sun газеті сотта Кәрім Баратовтың киіміне назар аударып, «жіліншігіндегі кісен мен түрмеде берген бауы жоқ аяқ киім болмаса, ол дискотекаға бару үшін киінгендей» деп жазады. Бұған қоса, мақала авторы сотталушы жымиып қараған әрі сот залының алдыңғы қатарында отырған достары да дизайнерлік киім кигенін байқаған.

Керісінше, материалдық жағынан таршылық көріп отырған ата-анасы баласын кепілге босату үшін бүкіл жиған-тергенін – 845 мың доллар тұратын үйін кепілге қойып, оны тәулігіне 24 сағат көзден таса етпей бақылауға серт берген

Газет дерегінше, сотта Кәрім Баратов бизнесін 2014 жылы – 19 жасында ашқанын, сондықтан қымбат бағалы көліктерінің бәрін заңды жолмен тапқан ақшасына сатып алғанын айтқан.

«Керісінше, материалдық жағынан таршылық көріп отырған ата-анасы баласын кепілге босату үшін бүкіл жиған-тергенін – 845 мың доллар тұратын үйін кепілге қойып, оны тәулігіне 24 сағат көзден таса етпей бақылауға серт берген» деп жазады Calgary Sun. Бұған қоса, басылымның жазуынша, оның анасы таңнан кешке дейін медбике болып жұмыс істейді, ал доктор деген ғылыми атағы бар әкесі Қазақстанда мал шаруашылығы саласында кеңесшілікпен айналысады.

Баратовты кепілге босату үшін басты шарт – оның интернет, телефон және өзге де электронды байланыс құралдарын пайдалануына тыйым салуды ұсынған. Сотта Канада билігі оны босатсақ, қашып кету қаупі бар деп мәлімдеген. Сот оны кепілге ақша қойып босату жайлы өтінішке қатысты шешімді әлі қабылдаған жоқ.

77 ЖАСТАҒЫ ЖИХАНКЕЗ

Ұлыбританияның Daily Echo газеті маршруты Қазақстан арқылы өтетін жиханкез жайлы жазған. Ұлыбританияда тұратын 77 жастағы зейнеткер Лес Карваль 255 күн ішінде жер шарын көлікпен екі мәрте аралап шығып, әлемдік рекордты жаңартқысы келеді.

Ертеректе ол бес айдың ішінде жасы 70-тен асқан өзге зейнеткер көлік жүргізушілермен бірге үш құрлықтағы 16 елді аралап, жер шарын айналып шыққан болатын. Олар 24 елді кесіп өтіп, 35 мың километр жер жүруді көздейтін «Соңғы тегеурін 2» деп аталатын тәуекелі көп жаңа саяхатын 2018 жылғы наурыздың 31-і күні, яғни алғашқы сапарына шыққан күннен тура бес жыл өткенде бастауды жоспарлап отыр. Жолдың бастапқы кезеңі Еуропа, Украина, Қазақстан, Ресей және Жапония арқылы өтеді, ал одан кейін олар теңіз арқылы Канаданың Ванкувер қаласына аттанбақ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG