Accessibility links

Қазақ сәулетшісінің әйнек үйі


Дариға Назарбаева (сол жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) тағы бір кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісін тойлап тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Дариға Назарбаева (сол жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) тағы бір кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісін тойлап тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Батыстың кей сарапшыларының «Дариға Назарбаева мәжіліс спикері болады» деген болжамы орындалмады. Батыс баспасөзі назарына энергия үнемдейтін, әзірше тек қағаз бетінде ғана бар дөңгелек шыны үй де іліккен.

Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева парламентке ауысып, мәжіліс спикері болады деген кей сарапшылардың болжамы орындалмады. Сайлауда «Нұр Отанның» партиялық тізіміне енгенімен, ол депутаттар қатарында жоқ болып шықты. Ақыры алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісінің спикері болып кәнігі аппаратшы Бақтықожа Ізмұхамбетов, ал мәжілістің вице-спикерлігі қызметіне Владимир Божко мен Гүлмира Исимбаева сайланды.

75 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда 1989 жылдан бері билік басында отыр. Бірақ, кейінгі кезде «Оның орнына кім келеді?» деген беймаза сұрақ жиі айтылып жүр деп жазады Американың Foreign Policy журналы.

Басылымның жазуынша, парламент сайлауында президенттік «Нұр Отан» партиясының сөзсіз жеңетіні күні бұрын белгілі болған. Бірақ, елдегі ең жоғары билікті беру туралы толғағы жеткен мәселенің түйіні шешіле бастағанын сездіретін алғашқы нышандар байқалған. Астанадағы сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін журналистер алдында сөйлеген Назарбав келешекте саяси жүйеге өзгеріс енгізіліп, парламентке көбірек өкілеттік берілуі мүмкін деп мәлімдеген.

Сайлаудан кейін сарапшылар назары Дариға Назарбаевға ауды деп жазады Foreign Policy. Ұлыбританиядағы Verisk Maplecroft ұйымы сарапшысы Камилла Хейджландтың пікірінше, Дариға палата спикері болса, оның болашақ мұрагер ретіндегі позициясы нығая түсер еді.

Дариға Назарбаева (сол жақта) мен Рахат Әлиев. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Дариға Назарбаева (сол жақта) мен Рахат Әлиев. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Кезінде сарапшылар Дариғаны ықтимал мұрагер ретінде қарастырған, бірақ марқұм бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев іліккен ірі жанжал оның бұл мүмкіндігін азайтқан тәрізді.

Тағы бір ықтимал үміткер – президент Назарбаевтың немере інісі, Астанада жоғары қызметтер атқарып, біраз «ысылған» Қайрат Сатыбалды. Хейджланд өзге үміткерлер қатарында елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев пен Дариға Назарбаеваның үлкен баласы Нұрәлі Әлиевті де атайды.

– Елді әлі басқарып отырғанына қарағанда, Назарбаев іс жүзінде биліктен бас тартуға дайын емес, дәм-тұзы таусылғанша биліктен айырылмайтын сыңайы бар. Мұның қиындығы сол – ол биліктен бас тартатын сәт туғанын тым кеш түсінгенше сезбеуі мүмкін, - деген Глазго университетінің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Лука Анческидің сөзін келтірген Foreign Policy.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ БАЛА ТУУДЫ БАҚЫЛАУ

Қазақстан бала туу деңгейін реттеу әдістерін мүлде тиімсіз қолданатын елдер қатарында тұр. Thomson Reuters Foundation медиакомпаниясының жазуынша, әлемнің 43 елінің арасында зерттеу жүргізген Нью-Йорктегі Гутмахер институтының осы аптада жариялаған есебіне қарағанда, дамушы елдерде бала туу деңгейін реттеу әдістерін мүлде тиімсіз қолданатыны байқалған. Осы елдерде жыл сайын жоспарланбаған жүктілік көрсеткіші 74 миллионға жуықтап отыр.

Қоларбамен су тасып жүрген парагвайлық бала. Чако, 19 қараша 2009 жыл.

Қоларбамен су тасып жүрген парагвайлық бала. Чако, 19 қараша 2009 жыл.

Қазақстан бала туу деңгейін бақылау әдістерін қолдану тиімсіздігі ең жоғары елдер қатарында аталған. Ол Бенин, Боливия, Бразилия, Бурунди, Доминикан Республикасы, Египет, Иордания, Парагвай және Түркия сияқты елдермен бірге тізімге енген.

Зерттеуде негізінен халық денсаулығының жыныстық және ұрпақ сүю қабілеті мәселелеріне көңіл бөлінген. Зерттеу барысында анықталған жағымсыз құбылыстардың себептері көрсетілмеген әрі қосымша талдау қажет екені айтылған.

ҚАЗАҚ СӘУЛЕТШІСІНІҢ ӘЙНЕК ҮЙІ

Қазақстандық сәулетші Айбек Алмасов жобалаған цилиндр пішіндес, ішінде өсіп тұрған ағашы бар төрт қабатты шыны үй де батыс басылымдарының назарына іліккен.

Американың Huffington Post сайтының жазуынша, Айбек мұндай үйдің тұрғындары «табиғатпен үндестікте өмір сүретін» болады деп біледі. Сәулетші жобасындағы үйдің шыны қабырғалары күн батареялары бар мөлдір жабындылардан қаланады. Бұған қоса тұрғындар пайдасына жарату үшін жауын суын тазартатын жүйе де болады.

Dezeen архитектура және дизайн журналы Айбек Алмасовтың:

– Шын мәнінде, оны [үйді] салу онша қиын емес. Оған инвестор табу қиын болды. Қазір екі инвестор таптық. Бірінің күн батареялары өрілген шыны панельдер шығаратын зауыты бар. Ол жобаға қызығып отыр, қазір онымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, - дегенсөздерін келтірген.

Айбек Алмасовтың ойындағы үйдің жобасын іске асыруға талпынып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Оның айтуынша, үй құрылысын 2017 жылы бастау жоспарланған. Huffington Post сайтының хабарлауынша, Алмасов жергілікті билік орындарына ол үйді жұрт аралап көретіндей етуді ұсынған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG