Accessibility links

Қазақстан, Қытай мен Ресейді жаңа үштікке балайды


«Түркіменстан-Қытай» газ құбыры бөлігінің ашылу рәсімінде фотоға түсіп тұрған қытай жұмысшысы. Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл.

«Түркіменстан-Қытай» газ құбыры бөлігінің ашылу рәсімінде фотоға түсіп тұрған қытай жұмысшысы. Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстан, Ресей мен Қытай арасындағы энергетикалық байланыстың даму барысын талдап, Ресей мұнай бағасын өсіру үшін іске асуы екіталай амалға жүгінуі мүмкін деген болжам айтады.

Foreign Affairs журналында Қазақстан, Қытай және Ресейдің мұнай өндірісі мен сату саласындағы келісімдерінің нәтижелері талданған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «тиімді шарттарға қол жеткізуде Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭС) Ресей мен Қазақстанның Қытайға қатысты энергетикалық стратегиясы үйлесімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігіне айналады» деген болжам айтқан. Бірақ, Украинадағы дағдарыс пен Ресейге қарсы санкцияларға және мұнай бағасының күрт арзандауына байланысты жағдай өзгеріп кеткен соң «жаңадан ықпалды екі үштік – Қытай, Қазақстан және Ресей үштігі мен бұл елдерде жұмыс істейтін халықаралық мұнай компаниялары пайда болды» деп жазады мақала авторлары.

Foreign Affairs журналының жазуынша, «Қытай мен Ресеймен арадағы достық қарым-қатынас Қазақстанға екі елдің арасын тең ұстауға көмектесіп отыр. Бұл достық қатынастар жуырда қайта сайланған Назарбаевқа экономикалық өсімді нығайтып, тұрақтылықты сақтап қалуға көмектеседі. Үш ел элитасы арасындағы байланыс «үштіктің энергетикалық әріптестігі мен өзге саладағы ынтымақтастығын қамтамасыз етеді» деп жазады Foreign Affairs.

Мақалада Қазақстан мен Ресейдің ExxonMobil сияқты ірі компаниялармен байланысы күшейіп келе жатқаны көрсетілген. Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін игеруге ExxonMobil компаниясының қатысуы Кремльдің «оның кейбір технологияларын Ресейдің оффшорлық жобаларында қолдануға болады» деген үмітін оятты. Foreign Affairs авторларының пікірінше, бұл Қазақстанға өзара сауда-саттық пен өзге жобалар бойынша «Роснефть» пен Қытайдың CNPC компаниясымен қарым-қатынасында қосымша ықпал тетігі ретінде тиімді болмақ.

БАҒАНЫ ӨСІРУ АМАЛДАРЫ

Foreign Policy журналы «Ресей президенті Владимир Путинге «Ресей экономикасын құтқару үшін мұнай бағасын өсіруге көмектесетін сәл ессіздеу, бірақ іске аспайды деуге болмайтын» төрт амалды сипаттаған. Мақала авторларының жазуынша, соңғы жарты жылда мұнайдың бір баррелінің бағасы шамамен 100 доллардан 40 долларға дейін – 50 пайызға жуық құлдырауы бюджетін бір баррель мұнай бағасын 100 долларға есептеп құрған Ресейді тығырыққа тіреген соң «Путин Батыс күтпеген әрекеттерге баруға мәжбүр болуы мүмкін» деп қорытады.

Жаттығу кезінде «Су-25» әскери ұшағына орнату үшін зымыран көтеріп бара жатқан ресейлік әскери қызметкер. Ставрополь өлкесі, 12 наурыз 2015 жыл.

Жаттығу кезінде «Су-25» әскери ұшағына орнату үшін зымыран көтеріп бара жатқан ресейлік әскери қызметкер. Ставрополь өлкесі, 12 наурыз 2015 жыл.

Foreign Policy бұл әрекеттердің мысалы ретінде ықтимал төрт сценарийді келтірген: Иранмен жүріп жатқан ядролық келіссөздерге іріткі салу, мұнай өндіруші немесе экспорт маршруттары өтетін шағын елдердегі жағдайды ушықтыру, мұнай өндіруші ірі елдердегі жағдайды ушықтыру немесе құпия операциялар жүргізу.

Foreign Policy басылымындағы мақала авторлары «Путин Иранның қолында ядролық қару болғанын қаламағанымен, Батыстың Иранмен келісуге ұмтылысын өз мүддесіне қуана-қуана пайдаланар еді. Кремльдегі кейбір саясаткерлер тіпті келіссөздердің сәтсіздікке ұшырауын тілеуі мүмкін. Иранға қатысты келіссөздердің күйреуі Иранның ядролық инфрақұрылымдарына әскери соққы беруге ұласатын еді әрі ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізуден мүлде күдер үзуге тура келіп, Қиыр Шығыста аласапыран басталар еді» деп жазады.

Сондай-ақ Ресей, мысалы Венесуэла, Ирак, Нигерия, Алжир, Әзербайжан, Қазақстан немесе Мексика сияқты мұнай өндіруші шағын елдердегі жағдайды ушықтыра алады. Баку-Супса немесе Баку-Жейхан мұнай құбыры сияқты транзиттік маршруттарға да қысым жасауына болады. Жағдайды ушықтыруға қолайлы елдің бірі ретінде бір жағынан Йемен, бір жағынан елдегі саны аз шииттер мен жастардың жаппай наразылығы қауіп төндіріп тұрған Сауд Арабиясы аталады.

Ормуз бұғазының осалдығын да алға тартқан Foreign Policy авторлары егер ол жабылып қалса, әлемдік нарықта сатылатын мұнай көлемі әп-сәтте 20 пайызға азайып, 1973 жылғы дағдарыс сияқты дүрбелең туғызады деп жазады. Ресей бұғазды миналау жөнінде іске асуы өте күмәнді астыртын операцияға бара қалған жағдайда, кінәні Иранға арта салар еді деп болжайды мақала авторлары.

БИЗНЕС ЖӘНЕ КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ

Ал Financial Times газеті бизнес және климаттың өзгеруі тақырыбы бойынша жақында Парижде өткен конференцияда әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел – Сауд Арабиясының мұнай министрі Әли әл-Наими «ғасыр ортасына қарай біздің ел қазбалы отыннан мүлде бас тартуы мүмкін» деген мәлімдеме жасағанын жазған. Ол Сауд Арабиясы «күн және жел қуатын өндіру жөнінен әлемдік державаға» айналуды жоспарлайтынын да айтқан. Бірақ Financial Times оның «әлемде әлі бір миллиардтан аса адамның электр қуатына қолы жетпей отырғанын ескерсек, қазбалы отынға деген үлкен сұраныс әлі ұзақ жылдарға созылатын түрі бар» деген сөзін келтірген.

Басылым биыл желтоқсанда Парижде климаттың ғаламдық жылыну құбылысына арналған БҰҰ аясындағы келіссөздерде «климат өзгеруі саласындағы жұмысын елдердің жақсартуын талап ететін шаралар енгізу қажеттігін» жазған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG