Accessibility links

Диктатордың қазасы демократия әпере алмайды


Зимбабвенің 90 жастағы президенті Роберт Мугабенің өз жақтастары алдында сөз сөйлегеннен кейін құлап бара жатқан сәті. Видеодан скриншот. Хараре, 5 ақпан 2015 жыл.
Зимбабвенің 90 жастағы президенті Роберт Мугабенің өз жақтастары алдында сөз сөйлегеннен кейін құлап бара жатқан сәті. Видеодан скриншот. Хараре, 5 ақпан 2015 жыл.

Батыс баспасөзіндегі зерттеулер кәрілік меңдеген диктаторларға ажал келгенімен, әдетте олардан кейін демократия орнай қоймайтынын көрсетеді.

Американың Foreign Policy журналы дүние жүзіндегі авторитарлық режимдерді зерттеу нәтижелеріне арналған «Диктаторлардың дәмі таусылған кезде» атты мақалада: «Әлем диктаторларын кәрілік меңдеді, бірақ демократтардың қуануына әлі ерте» деп жазады.

«Қазір әлем бойынша билік басында 55 авторитарлы әмірші отыр. Денсаулығы түрлі дәрежеде сыр берген 11-інің жасы 69-ға жеткен немесе одан асқан. Анголалық Хосе Эдуардо Дос Сантос (73 жас), қазақстандық Нұрсұлтан Назарбаев (75 жаста) және зимбабвелік Роберт Мугабе (91 жаста) сияқты жасы келген диктаторлар ондаған жылдар бойы билікте отыр» деп жазады Foreign Policy.

Бұл жайт бір қарағанда, қазіргі кезде авторитаризмнің баяу, бірақ нық жанданып келе жатқанын байқап отырған демократия жақтастарының үмітін оятқандай көрінеді. Бірақ жасы келіп, қартайған диктаторлар санының көптігі бәрібір алаңдатады. Кейбіреулер «билікте ұзақ отырған мұндай басшылардың ажалы елді астан-кестен ететін саяси алауыздықты өршітеді немесе қоғамдық толқуларға ұласады» деп қауіптенеді.

ЖАНЫ СІРІ ЖҮЙЕ

Foreign Policy журналы 1946-2014 жылдары билік басында отырып көз жұмған 79 диктаторды зерттеп, «диктатордың ажалы демократияға ұласуы жоққа тән, әдетте режим одан күйремейді» деген қорытындыға келген. Көп жағдайда (92 пайыз) «автократ әмірші қайтыс болғаннан кейін режим тіршілік ете береді». Бұған мысал ретінде басылым 2013 жылғы Венесуэладағы Уго Чавестің, 2012 жылғы Эфиопиядағы Мелес Зенавидің және 2011 жылғы Солтүстік Кореядағы Ким Чен Ирдің қазасын келтірген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовті қарсы алған соң әуежайда брифингте отыр. Астана, 12 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовті қарсы алған соң әуежайда брифингте отыр. Астана, 12 қыркүйек 2015 жыл.

«Автократ көз жұмғаннан кейін билікке келген және статус кво жағдайды өзгертуге ұмтылған басшылар әдетте «кәрі гвардия» тарапынан – биліктің бүкіл сатысында бақылауды сақтап қалған режим элементтерінің қарсылығына тап болады» деп жазады Foreign Policy.

Зерттеу нәтижелері диктатордың қазасынан кейін төңкерістер мен қоғамда толқулар да сирек болатынын көрсетеді. Ондай жағдайларды салыстырып қарар болсақ, билік басындағы тұлға қайтыс болған жылы төңкеріс болғаны небары 6 пайыз болса, автократ басшы биліктен өзгедей жолмен кеткендері 32 пайызды құраған.

Көбінесе саяси билік бір адамның қолына шоғырланған, сондай-ақ билік басындағы адам өлердің алдында наразылық күшейіп, ішкі бейберекеттілік байқалған елдерде тұрақсыздық жайлау қаупі үлкен екен.

«Freedom House құқыққорғау ұйымы 2015 жылы жариялаған «Әлемдегі еркіндік» есебінде қазіргі кезде демократия соңғы 25 жылда болмаған дәрежеде құлдырап отырғанын жазады. Өкінішке қарай, зерттеуіміздің нәтижелері көрсеткендей, әлемнің 11 кәртамыс автократына қарағанда бұл тенденция өзгереді дегенге үміт аз. Елді ұзақ уақыт билеген бұл басшылардың ажалы өзгерістер енгізуге жағдай жасаудың орнына, олар құрған қатаң авторитарлық жүйені сол күйінде қалдыратын сыңайлы» деп жазады Foreign Policy журналы.

БАТЫСТЫҢ ҚОЛДАУЫ

Американың Washington Post газеті «адам құқығын АҚШ-тың қолдауымен әрі америкалықтар ешқашан естімеген деңгейде бұзатын ең сорақы бес басшы» сипатталған. Олардың арасында Орталық Азия елдерінің үш президенті – Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов аталған. Бұл тізімде Бахрейн королі Хамад Бин Ису әл-Халифа мен Экваторлық Гвинея президенті Теодоро Обианга Нгему Мбасого да бар.

Ресей президенті Владимир Путин (солдан оңға), Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Мәскеу, 8 мамыр 2007 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (солдан оңға), Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Мәскеу, 8 мамыр 2007 жыл.

Өзбекстандағы адам құқығын аяусыз аяққа таптауға қарамастан, «Обама әкімшілігі АҚШ-тың Ауғанстандағы мақсатына жету үшін Өзбекстанды маңызды ел деп санап әрі «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының Орталық Азиядағы ықпалына қарсы тұру үшін Каримовтың ығына жығылады» деп жазады басылым. Эмомали Рахмон да «Американың Ауғанстандағы мүддесі үшін әрі ислам содырларының Орталық Азиядағы апиын контрабандасына тосқауыл қою үшін маңызды [тұлға]» деп саналады. Мақалада Түркіменстанды «іс жүзінде сөз бостандығынан бастап баспасөз және діни сенім еркіндігіне дейінгі негізгі құқықтардың бәрі тапталатын әлемнің ең репрессивті елдерінің бірі» деп атайды. Бірақ сонда да Гурблангулы Бердімұхамедов «АҚШ-тың әскери ұшақтарының Ауғанстанға өтуіне мүмкіндік берген. Орталық Азия елдері ішінде Түркіменстандағы үлкен табиғи байлық – «газдың мол қоры да АҚШ мүддесі үшін аса тартымды» деп жазады Washington Post газеті.

Ұлыбританияның World Politics Review журналы «Адам құқығын бұзған Әзербайжанның Батыспен қарым-қатынасы нашарлап барады» деген мақаласында Азаттықтың Әзербайжан қызметінің журналисі Хадиджа Исмайлова мен ерлі-зайыпты құқыққорғаушылар Лейла және Ариф Юнустың істеріне назар аударған.

Лоббистердің күш салуы мен ресми Баку Еуропада сәтті қолданатын «уылдырықты дипломатияға» қарамастан, «Әзербайжандағы жағдайға көз жұма алмайтындар да бар». Өткен аптада Францияның ұлттық телеарнасы көрсеткен «Cash Investigation» («Ақша туралы зерттеу») атты бағдарламада тілші Әзербайжанның бірінші ханымы Мехрибан Әлиевадан түрмеде отырған көптеген саяси тұтқындар туралы сұраған. Президент Илхам Әлиевтің әйелі сауалға тура жауап бермей, кеңсеге тығылып қалған соң, оның оққағарлары тілшіні шетке ығыстырып тастаған. Баку әшкерелейтін бағдарлама көрсеткен телеарнаны «жала жапқаны» үшін сотқа беретінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG