Accessibility links

ОАР президентін Қазақстанға «жер аудару» жайлы әзілдейді


Оңтүстік Африка Республикасы президенті Джейкоб Зума.
Оңтүстік Африка Республикасы президенті Джейкоб Зума.

Әлем басылымдары Қазақстандағы жер реформасына қарсылық акцияларының ықтимал салдары, астық түсімі жайлы болжамдар және Оңтүстік Африкада жергілікті саясаткерлердің ішіндегі пәтуасызын қайтып келместей етіп Қазақстанға жіберу ұсынысы жайлы жазған.

Channel News Asia ақпараттық агенттігі соңғы күндері Қазақстанның бірнеше қаласында өткен жаңа жер реформасына қарсылық акцияларын «президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін нағыз қатерге айналып кетуі мүмкін билікке бағынбаудың сирек шарасы» деп жазады.

Шілденің 1-інен бастап күшіне енуі тиіс Жер кодексіндегі түзетулер үкіметтің ауыл шаруашылығы жерін Қазақстан резиденттері бақылауындағы шетелдік бірлескен кәсіпорындарға сатуына мүмкіндік береді. Жерді шетелдіктерге сатуға тыйым әлі күшінде, бірақ оларға жерді 25 жылға дейін жалға беруге болады.

Channel News Asia басылымы «наразылық білдіргендер бұл реформа ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп қобалжиды» деп жазған.

Атыраудағы қарсылық жиынына қатысушылар. 24 сәуір 2016 жыл.
Атыраудағы қарсылық жиынына қатысушылар. 24 сәуір 2016 жыл.

Ал Назарбаев жергілікті ауыл шаруашылығы алқаптарын шетелдіктер «сатып алады» деген қорқынышты негізсіз деп атап, жалған ақпарат таратып жүрген «арандатушыларды» жазалау керек деп мәлімдеді.

Агенттіктің жазуынша, президенттің баспасөз қызметі Назарбаевтың комментарийлерімен бірге Facebook желісінде жариялаған видеоға жұрттың наразы пікірлері көбейген, бірақ оларды іле-шала өшіріп тастағанға ұқсайды. Мақала авторлары әдетте AkordaPress өз парақшасында жағымды пікірлерді ғана қалдырады деп жазады.

Жапонияның Diplomat газетінің хабарлауынша, Жер кодексіне енгізілген түзетулерге халықтың алаңдауының себебі – азаматтар мемлекет саясатының ашықтығына сенбейді. Газеттің жазуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді сату мен жалға беру арқылы ақша табу – өте орынды қадам, бірақ елдің қорқынышын Астананың түсінбеуі халық пен үкімет арасындағы соншалықты қажет сенімді нығайтуға септеспейді.

АСТЫҚ ТҮСІМІ ЖАЙЛЫ БОЛЖАМ

Австралияның Weekly Times басылымының жазуынша, АҚШ-тың астық нарығындағы баға тұрақсыздығы оған деген сұраныс пен ұсынысқа қатысты болжамдарға еш әсер етпеген.

Қара теңіз жағалауы аймақтарының бидай экспорттаушы негізгі елдері сатылатын бидай көлемін одан әрі ұлғайтып, астық бағасын белгілеп отыр. Басылымның жазуынша, Қазақстан мен Ресейдің бидай экспорты 2016 жылы да өседі деген болжам бар. Биыл екі елдің қамбасы астыққа толады деген болжам айтылады.

Бұл әсіресе, елдің ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің 2016 жылдың 1 наурызындағы есебі бойынша, бүкіл шаруашылықта жатқан дәнді және бұршақ дәнді дақылдар қоры 10,157 миллион тоннаны құраған, яғни былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда (10,908 млн. тонна) жеті пайызға кеміген Қазақстан үшін өте маңызды.

«БАРСАКЕЛМЕСКЕ» ЖІБЕРУ ҰСЫНЫСЫ

Бірақ Қазақстанды халыққа жақпай қалған саясаткерлерді "жер аударуға" лайықты орын деп санайтындар да бар екен. Оңтүстік Африканың Times Live газетінің хабарлауынша, Travelstart интернет-туристік агенттігі әлеуметті Оңтүстік Африканың «барсакелмес» саяхатқа лайық бір саясаткерін басқа ел емес... Қазақстанға аттандыру үшін дауыс беруге шақырған. Турагенттік «дауыс беру нәтижесі бойынша жеңімпаз деп танылған саясаткер Қазақстанға ұшатын билет алады, ал дауыс бергендерге Оңтүстік Африканың 200 рандына тең сомаға ұшақ билетіне ваучер береміз» деп уәде еткен.

Агенттік дауысқа салу мақсатын мысқылмен түсіндірген. Сайттың хабарлауынша, үкіметтің қымбат жобаларының кесірінен Оңтүстік Африка парламенті мүшелерінің іссапарларына жұмсалатын шығыс көлемі қысқарып қалған. Сондықтан агенттік «барсакелмес сапарға ең лайық саясаткерге билет алып беріп, [парламенттің] жоғары мәртебелі мүшелерінің «қажылық» мәртебесін қалпына келтіруге көмектесуді өз парызы санайды».

Ал «барсакелмес» ел ретінде таңдау неліктен Қазақстанға түскенін тек долбармен шамалауға болады.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Оңтүстік Африка Республикасы президенті Джейкоб Зума. Уфа, 8 шілде 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Оңтүстік Африка Республикасы президенті Джейкоб Зума. Уфа, 8 шілде 2015 жыл.

Басылымның хабарлауынша, дауысқа салуға бес кандидатура - ОАР президенті Джейкоб Зума, Economic Freedom Fighters ұйымы басшысы Джулиус Малема, ғылым және технология министрі Наледи Пандор, демократиялық альянс басшысы Джон Стинхуйзэн және Африка ұлттық конгресі жетекшісі Джексон Мтембу ұсынылған.

Туристік агенттіктің Facebook желісіндегі парақшасына жазылғандар дауысқа салуды әзіл деп қабылдаған, идея авторларының да көздегені осы сияқты.

Moira Smith есімді қолданушы «Саясаткерлеріміздің бірін қабылдайтындай Қазақстан соншалықты неден жазықты болып қалды?» деген сұрақ қойған.

Ал туристік агенттік сайтындағы дауысқа салу қорытындысы бойынша ОАР президенті Джейкоб Зума жеңімпаз деп танылған.

Бұл дауысқа салу осы елдегі саяси науқанның бір бөлігіне ұқсайды. Times Live газетінің жазуынша, қазір бүкіл жұрттың назары президент Зумаға ауған. Интернетте оны президент қызметінен алып тастауға шақырып жарияланған петицияға қазірдің өзінде 50 мыңнан аса адам қол қойған.

XS
SM
MD
LG