Accessibility links

Қазақстаннан ұрланған ақша құпиясы


Алақандағы мұнай. Оңтүстік Қазақстандағы кеніште түсірілген сурет. 22 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Алақандағы мұнай. Оңтүстік Қазақстандағы кеніште түсірілген сурет. 22 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Халықаралық баспасөзде Қазақстанда ашылған жаңа мұнай кеніші, елдің несиелік рейтингі төмендегені және АҚШ билігінің шетел шенеуніктері ұрлаған ақшаны қайтару бастамасы туралы жазған.

ЖАҢА МҰНАЙ КЕНІШІ

Әзербайжанның Trend.az сайтының хабарлауынша, Қазақстанда жаңа мұнай кеніші табылған. Мұнай С.Нұржанов кенішінің солтүстік-шығыс қапталындағы Лиман және Ақ құдық бөліктерінде жүргізілген геологиялық барлау нәтижесінде табылған.

«ҚазМұнайГаз Барлау-Өндіру» компаниясы «С.Нұржанов кенішінің солтүстік-шығыс қапталындағы триас кезеңі қабаттарына барлау жасау үшін 2015 жылы көлбеу бұрғыланған ұңғымаға сынақ жүргізу кезінде тәулігіне 130 тонна өнім беретін «сусыз (құрамында су жоқ – ред.) мұнай ағыны алынды» деп хабарлаған. Алдын ала жасалған болжамға сәйкес, ол жерде 3,9 миллион тонна мұнай қоры бар деп бағаланған. Қазақстандық компания жаңа кеніш орнына 2016-2017 жылдары сынақ мақсатында екі ұңғыма бұрғылауды, ал 2018 жылдан ол жерден мұнай өндіруге кіріседі деп жоспарланып отыр.

Лиман блогындағы «құрғақ» мұнай ағыны тәулігіне 3,3 текше метрді (20 баррель) құраған. Компания 2016 жылы ол жерден төрт барлау ұңғымасын бұрғылауды бастамақшы, ал Лиман блогы қыртысынан мұнай өндіру жұмыстарына кірісу 2017-2018 жылдарға жоспарланған.

Қазір игеріліп жатқан Ақ құдық кеніші іргесіндегі жаңа кен орнынан да мұнай табылған. Ондағы барлау ұңғымасын сынақтан өткізу кезінде тәулігіне 18 текше метрге (110 баррель) дейін жететін мөлшерде мұнай шыққан, нәтижесінде ортаңғы қабаттан жаңа кен орны ашылған. Компания ол жақтан 2016-2017 жылдары екі сынақ ұңғымасын бұрғылап, жаңа кеніштен мұнай өндіруді бастамақшы.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕСИЕЛІК РЕЙТИНГІ ТӨМЕНДЕДІ

Американың Wall Street Journal басылымы мұнай бағасының құлдырауына байланысты Standard & Poor’s (S&P) рейтинг агенттігі Қазақстан, Оман, Бахрейн және Сауд Арабиясының несиелік рейтингін төмендеткені туралы жазады. Сәрсенбі күні агенттік Қазақстан рейтингін екі деңгейге төмен, «қоқыс» деп аталатын шекке дейін түсірген, ал Ресей рейтингін негативті болжаммен «қоқыс» деңгейінің жоғарғы сатысында қалдырған.

Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, бұл елдердің рейтинг деңгейі мұнай бағасы арзандайды деген болжамдарға сәйкес қайта қаралған. Соңғы жасалған болжамдарда Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 2016 жылы 40 доллар, ал 2018 жылы - 50 долларды құрайтыны айтылады. S&P агенттігі биыл қаңтарда Катар, Ресей, Сауд Арабиясы және Венесуэла елдері өкілдерінің мұнай өндіру көлемін азайту жайлы қабылдаған шешімі баррель құнына «бәлендей әсер» етпейді деп санайды.

Қашаған кенішіндегі D жасанды аралында. 21 тамыз 2013 жыл.

Қашаған кенішіндегі D жасанды аралында. 21 тамыз 2013 жыл.

«S&P сарапшыларының мәлімдеуінше, Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 20 пайызын, салық түсімінің 50 пайызын және экспорттан алынатын кірістің 60 пайызын мұнай саласынан түсетін табыс құрайды. S&P сарапшыларының болжамынша, 2016 жылы елдің ЖІӨ тоқырайды немесе біраз қысқарады, бірақ егер елдегі ең ірі оффшорлық Қашаған кеніші болжанған мерзімнен бұрын толық қуатпен жұмыс істей бастаса, мұнай экспорты мен өндірісі қалпына келуі мүмкін. Бұдан бөлек, S&P агенттігі экономиканы «жандандыруға» 14,5 миллиард долларға жуық қаржы жұмсау жоспарына байланысты үкімет салықтан түсетін кіріс тапшылығын 2016 және 2017 жылдары да еңсере алмайды деп санайды», - деп жазады Wall Street Journal.

Бұл жерде айта кететін жайт, ақпанның басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев энергетика министрі Владимир Школьникпен кездесуде Қашаған кенішін іске қосу қажеттігі туралы айтқан. Қашаған кенішінен көмірсутек шикізатын өнеркәсіптік өндіру жұмыстарын бастау мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегерілген. 2013 жылы Қашаған жобасы ресми түрде іске қосылғаннан кейін шамамен екі апта өткенде кеніштен мұнай өндіру құбыр желісінің коррозияға ұшырауына байланысты тоқтатылған. Кейін құбырды тұтас алмастыру жұмыстарына бірнеше жыл қажет болатыны хабарланған.

Қазақстан билігі Қашаған кен орнында 4,8 миллиард тонна мұнай және көлемі триллион текшеметрден асатын табиғи газ қоры бар деп бағалайды.

ҚАЗАҚСТАННАН ҰРЛАНҒАН АҚША

Австралияның Brisban Times газеті АҚШ әділет министрлігінің шетелдік коррупционер шенеуніктер – «диктаторлар, саясаткерлер мен билік басындағы элиталар» ұрлап-жырлап, АҚШ-та заңдастырып алмақ болған ақшаны қайтару операциясы жайлы жазады.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Газет ақпараты бойынша, АҚШ-та «Клептократияға қарсы бастама» аясында шетелдік 20 лауазымды тұлғаның үстінен 25 іс қозғалған. АҚШ билігі басым бөлігі Америкадан жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалған және банк есеп-шоттарында жатқан 1,5 миллиард долларды тәркілеуге тырысып жатыр. Мысалы, Нигерия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Тайвань, Гондурас және тіпті Канаданың ресми тұлғаларына қарсы іс қозғалғаны хабарланады. Осы істердің бірі 250 миллион доллар ұрлаған деп болжанатын Украинаның бұрынғы премьер-министрі Павел Лазаренконың үстінен қозғалған. «Өзбекстан президентінің гламур қызы әрі биліктің болжамынша, телекоммуникация саласында түрлі схемалар арқылы 300 миллион доллар жымқырып, оны Америка банктерінің шетелдегі есеп-шоттарына тығып тастаған Гүлнара Каримова» да назардан тыс қалмаған.

«Әділет департаментінің деректері көрсеткендей, билікке әзірше шамамен 120 миллион долларды, яғни қайтармақшы болып отырған жалпы соманың 8 пайызға жуығын ғана қайтарудың сәті келген. Бұл ақшаның көбі Қазақстанға байланысты қозғалған жалғыз істен түскен» деп жазады басылым. Бірақ Brisban Times мақаласында ол істің егжей-тегжейіне тоқталмаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG