Accessibility links

Латынға көшуді «жаңғыруға серпін беру» деп сипаттайды


Лингвист Жанат Аймағанов әзірлеген ABCnet жобасы Астанада 2011 жылғы қазанның 27-іде таныстырылған.

Батыс баспасөзі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды латын әліпбиіне көшіру мәлімдемесіне қатысты комментарийлер жариялап, жаңа «құрыш» Жібек жолы және былтыр табылған моңғол әйелі мумиясының «стильді» аяқ киімі туралы жазған.

САЯСИ АСТАРМЕН КӨШУ

Германияның Deutsche Welle радиостанциясы сайтындағы «Қазақстан әліпбиін ауыстыру жоспарын жариялады» атты мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ әліпбиінің бірыңғай латын стандартын биылғы жыл аяғына дейін қабылдау жайлы тапсырмасына қатысты комментарий берген. Болжам бойынша, латын әліпбиіне толық көшу 2025 жылға дейін аяқталмақ.

«Бұл - Назарбаевтың жаңғыруға бағыттаған серпінінің бір бөлігі әрі 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін Совет одағы құрамында болған Орталық Азия елінің халықаралық деңгейде көбірек танылуы үшін жасалған қадам. Әліпби ауысса, халықтың көп бөлігі сауатсыз болып қалады деген қауіпті ол жоққа шығарады» деп жазады Deutsche Welle.

Назарбаев кириллицаны пайдаланудың «саяси» себебі болғанын және Қазақстанда латын графикасы бұрын - 1929 жылдан 1940 жылға дейін пайдаланылғанын айтқан. Ертеректе -1929 жылға дейін ел территориясында араб қаріптеріне негізделген төте жазу болған.

«Әліпби ауыстыру 2014 жылы - Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанды «ұлы орыс әлемінің» бір бөлігі деп атаған кезде алаңдаған қазақ ұлтшылдарына арналған болуы мүмкін» деп жазады Deutsche Welle. Бұған қоса, сайт Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген кезде қазақ тілімен қатар орыс тілін де пайдаланатынын, конституцияға сәйкес, орыс тілінің ресми тіл мәртебесі бар екенін де атап өткен.

МУМИЯНЫҢ СӘНДІ АЯҚ КИІМІ

Ұлыбританияның Daily Mail газетіндегі «1100 жыл бұрын моңғолдық мумия «Adidas бәтіңкесімен» жерленген» деген мақалада Моңғолияның Алтай тауынан былтыр табылған мумияға қатысты кей жайттарды жазған. Түркі қорымынан мумияға айналдырып жерленген әйел мәйіті мен мүлде бұзылмай сақталғаны соншалық, сарапшылар «құпиясын әлі күнге дейін аша алмаған» кейбір заттар табылған.

Ресей-моңғол шекарасындағы Алтай таулары.

Ресей-моңғол шекарасындағы Алтай таулары.

Мысалы, ғалымдар мен жұртшылық мумияның қызыл, қара жолақтары бар «стильді» аяқ киіміне назар аударған, интернетте жұрт оны бірден Adidas фирмасы шығаратын бәтіңкелермен салыстырған болатын.

Моңғолияның мәдени мұра орталығы сарапшылары моңғол мумия-әйел 30-40 жаста болған және 1100 жыл бұрын бас сүйегі қатты зақымданып қайтыс болған деп санайды. Оны сәнді заттармен бірге жерлегеніне қарамастан, археологтар ол ақсүйектер отбасынан немесе билік әулетінен емес, «қарапайым» әйел болған деп топшылайды. Жанында іс тігуге арналған құралдар мен шебер кестеленген бұйымдар табылғандықтан, ол тігінші болған деген жорамал да бар. Мумияның нақты жасы қаншада екені әзірше расталған жоқ.

«ҚҰРЫШ» ЖІБЕК ЖОЛЫ

Үндістанның The Hindu газетіндегі «Қытайдың құрыш Жібек жолы жылжып келеді» деген мақалада ежелгі Жібек жолын қалпына келтіру бастамасы аясында Қытайдан шыққан жаңа маршрут жайлы жазған. Шыңжаң аймағындағы Иу қаласынан Ауғанстанның Мазар-и-Шариф сауда орталығына аттанған жүк пойызының сапары 15 күнге созылуы тиіс.

«Бұған қоса, Ауғанстанмен тікелей теміржол қатынасының қауіпсіздігіне тиетін зардаптар да болуы мүмкін, сондықтан Қытай мазасыз Ауғанстандағы бейбітшілікті реттеуге тырысып, аймақтың кей елдерімен әріптестігін кеңейте бастады» деп жазады The Hindu. Мысалы, 2016 жылғы желтоқсанда Қытай Ауғанстандағы ұлттық бітім процесін бастауды талқылау үшін Мәскеуге делегация жіберген.

Қытайдан Лондонға сапарға шыққан алғашқы пойыз.

Қытайдан Лондонға сапарға шыққан алғашқы пойыз.

Аңызға айналған Ұлы Жібек жолы басталған Сиань қаласы шетіндегі вокзалдан қазір жүк Орталық Азия арқылы Еуропаға жөнелтіледі. Осы айдың ішінде Сианьнан Будапештке алғашқы жүк пойызы шыққан. Жол жүру 17 күнге созылады, бұл қазіргі теңіз жолы маршруты мен бұрынғы тас жол маршрутынан 30 күнге аз, пойыз жол-жөнекей Шыңжаңдағы Алатау асуы арқылы өтіп, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Чехия және Словакия елдері территориясын басып өтеді деп жоспарланған.

Ертеректе Сианьнан шығатын пойыздар Варшава, Гамбург пен Мәскеуге жүре бастаған. Елдің шығысында теңіз бойында орналасқан Иу қаласы – Қытайдан басталатын жаңа «Құрыш Жібек жолындағы» пойыз аттанатын тағы бір бекет, ол жерден пойыздар Лондонға жүретін, ал енді Ауғанстанның Мазар-и-Шариф қаласына да жүре бастады.

Жібек жолының Транс-Еуразия экономикалық белдеуін дамытуға байланысты Қытай «ежелгі Жібек жолы бойындағы өркениет орталықтары» Пәкістан, Үндістан, Иран және Ауғанстанмен жаңа қатынас жолдарын іске қосуды жоспарлап отыр. Иранға алғашқы пойыз былтыр ақпанда шығып, жолда 14 күн жүрген, ал теңіз жолымен жүк Иранға 45 күнде жетеді.

Жергілікті және аймақтық сауда-саттықты дамытуға көмектеседі деген үмітпен Қазақстан билігі Қытайдың ежелгі Жібек жолын қалпына келтіру бастамасын қолдайтынын оқтын-оқтын айтып қояды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG